Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕНТ КӨШЕЛЕРі ЖӨНДЕЛЕДІ

КЕНТ КӨШЕЛЕРі ЖӨНДЕЛЕДІ

Алдағы уақытта кентте құны 30 млн теңге болатын 2 ойын алаңы салынады. Сондай-ақ, кент көшелері жөнделіп, 59 млн 426 мың теңгеге жарық шамдар жаңаланады. Осы және өзге де маңызды мәселелер сәрсенбі күні аудан әкімдігінде өткен мәслихаттың кезектен тыс 25 сессиясында мақұлданды.
Сессияны аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағамбет Жағыпбаров жүргізді. Жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Соңғы уақытта Шиеліде жол көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Мұны өткен жолы ауданның өзекті мәселелері мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданған арнайы жиын­да облыс басшысы атап айтты. Аталған мәселе сессия отырысында да кеңінен талқыланды. Алдағы 2 жыл уақытта 8 млн 400 мың теңгеге көлік тізгіндеушілердің жылдамдығын шектейтін жол кедергілері мен жол белгілері орнатылмақ. Бірақ бұл жол апатын азайтуға жеткіліксіз. Жиынға қатысушылар жылдамдықты шамадан тыс арттырған көлікті бірден базаға тіркейтін құрылғы алу қажет деп есептейді. Аудан әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманға мәселені жедел зерттеп, қажет құралды алу үшін тез арада ұсыныс беруді тапсырды.
Одан бөлек сессияның күн тәртібінде 9 мәселе қаралды.
Атап айтар болсақ, алқадағы алғашқы мәселе Шиелі аудандық мәслихатының «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу болса, одан соң «2021-2025 жылдарға арналған Шиелі ауданын дамыту бағдарламасын бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану, жайлымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жоспарын бекіту мәселесі талқыланды. Аудан көлемінде кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту – сессияда қаралған үшінші мәселе. Сондай-ақ Шиелі аудандық мәслихатының 2018 жылғы 20 наурыздағы «Шиелі ауданының мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, кенттің жаңадан ашылған атауы жоқ көшелеріне, Жаңатұрмыс ауылдық округінің кейбір көшесіне атау беру, Алмалы ауылдық округіне қарасты 21 бекет ауылын «Науалы» деп қайта атау және Шиелі ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісу туралы маңызды мәселелер талқыланды.
Жиында елді мекендердегі тозығы жеткен трансформаторлар түгелдей жаңаланатыны белгілі болды. Ол үшін аудандық бюджеттен 59 млн 400 мың теңге қаралмақ. Одан бөлек алдағы уақытта Ясауи көшесінің бойына 1 млн 830 мың теңгеге автобус аялдамасы салынады.
Сессияда қаралған тағы бір мәселе – 21 бекет атауын «Науалы» деп өзгерту. Бірақ бұл ұсынысқа депутаттардың басым бөлігі келіспеді. Себеп – «Науалы» көпшілікке түсініксіз, әрі ауқымы тар дейді. Сондықтан тарихи аттар немесе мемлекет бекіткен атаулардың тізімінен қарап қайта ұсынуды тапсырды.
Сессияда депутаттардың дауысқа салу қорытындысымен басқа да мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Нақты тапсырма – нәтижелі түйін
Жоғарыда айтқанымыздай, апта басында облыс орталығында ауданның өзекті мәселелері мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданған алқа отырысы өткен болатын. Жиында ауданның тынысын 4 негізгі бағыт бойынша саралаған аймақ басшысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Шиелінің даму динамикасы едәуір баяулағанын айтып, сынға алды.
– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінің қарқыны 1,2 пайызға төмендеген. Ауданның өңдеу саласында бір ғана цемент зауытының үлесі 70%-ы құрайды. Басқа орта буынды өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға ауданда цемент зауытының әлеуетін пайдалана отырып, жанынан ілеспе кәсіпорындарды ашуға жұмыс жасау қажет. Мысалы, цемент зауыты ай сайын 12 мың дана 1 тонналық қаптар және 400 мың дана 50 кг қағаз қаптарды Ресей мен Қытайдан сатып алуда. Бұл бір ғана зауыттың сатып алатыны. Елімізде осындай 15 цемент зауыты бар. Осындай өндірістерді ашуға үлкен әлеуетіміз бар. Бұған қоса, цемент зауыты жанынан құрылыс индустриясын дамытуға мүмкіндік зор, құрғақ құрылыс қоспалары, гипсокартон, тым болмағанда темір бетон бұйымдары өндірістерін өрбітуге болады. Мұнан бөлек, аудан табиғи пайдалы қазбалар қорына бай. Мысалы, ванадий, алтын, мыс, күміс, мырыш, мышьяк қорлары бар. Осы бағытта инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Одан бөлек ауданда жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де мәз емес. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да баяу жүргізілуде. Биыл 23 млрд теңге инвестиция тарту межеленген болса, бүгінде тек 7 млрд теңге инвестиция нақты тартылған.
Арнайы кеңесте облыс басшысы білім нысандарын салуда қаржыны тиімді бағыттау қажеттігін қатаң ескертті. Себебі ауданда салынатын 300 орындық мектепке 1,7 млрд теңге қаржы сұралған. Бірақ өзге ауданда мұндай қаржыдан бірнеше есе аз ақшаға білім нысанын салуға болатынын дәлелдеген. Сондай-ақ, отырыста жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы, ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуалы сөз болып, нақты тапсырмалар берілді.
Сол жиында «облыс әкімінен 4 беттік тапсырма алып келдім» деген аудан басшысы сессия соңында аудан депутаттарын бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды.
– Мен ауданға 10 жылдан соң қайта оралып отырмын. «Елу жылда ел жаңа» деуші еді. Бірақ осы он жылдың ішінде ауданның қатты өзгергенін байқадым. Ең бірінші мәселе – тазалық. Қазір ауданды 3 аймаққа бөлдік. Сол бойынша тазалық жұмыстарын күнделікті қадағалап отырмын. Тазалық – ең бірінші өзімізге керек. Қазір күшпен барлығын ретке келтіріп алсақ, ары қарай сол қалыпта ұстап отыратын боламыз. Сол үшін түсіністік танытуларыңызды сұраймын, – деген аудан әкімі Н.Сәбитұлы:
– Қазір мектептер мен емхана басшылары «тех персоналды жұмысқа қабылдау үшін ақша алады» деген мәселе үлкен дауға айналуда. Мұны облыс басшысы да қатаң ескертті. Өзім осы ауданда тұрамын, таныстарым, достарым бар. Егер осындай жағдай орын алса, айтпады демеңіздер, – деп, білім бөлімі мен емхана басшысына ескерту жасады.

Гүлхан ЯХИЯ
08 тамыз 2022 ж. 228 0