Кезектен тыс сессия келелі мәселелерді көтерді
Жұма күні аудан әкімдігінде VII шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 2 сессиясы өтті. Депутат Ербол Жеңсікбаевтың төрағалығымен өткен сессияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Мұхамедов және аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.Күн тәртібінде 2021-2025 жылдарға арналған Шиелі ауданын дамыту бағдарламасын бекіту, әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау, Шиелі ауданы әкімдігінің дербес құрамы мен әкімшілік-аумақтық басқару схемасы турасындағы мәселелер көтерілді. Оған қоса Шиелі ауданының жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту, аудандық мәслихаттың 2021 жылға арналған жұмыс жоспары айтылды.
Сессияда сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы депутаттарға алдағы міндеттері мен жоспарлары жөнінде айта келіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Алғашқы мәселе аясындағы жұмыс барысын аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков баяндады. Ол «Жаңа форматқа сәйкес әзірленген 2021-2025 жылдарға арналған Шиелі ауданының даму бағдарламасының жобасы 4 бөлімнен тұрады» деді. Бірінші бөлімде бағдарламаның паспорты мен өңірдің негізгі сипаттамалары, қажетті ресурстарын қысқаша баяндаса, екінші бөлімде өңірдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайының соңғы 2017-2018-2019 жылдардағы көрсеткішіне аналитикалық талдау жасады. Ал үшінші бөлімде макроэкономикалық 4 индикатор, жергілікті атқарушы органдар қызметіне байланысты 13, барлығы 17 индикатор қаралып, 10 мақсатқа біріктілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ 2021-2025 жылдар аралығында аудан экономикасын арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі мен минералдық өнімдер өндірісінің үлесін арттыру және асыл тұқымды мал басы санын көбейту бағытында мал шаруашылығын құру және құрама жем өндіру цехын іске қосу жоспарда бар екенін айтып өтті.
Сессия отырысында А.Жандарбеков аутизмге ұшыраған және мүмкіндігі шектеулі балалардың тең дәрежеде білім алуы үшін инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыстарды жандандырып, 2025 жылға дейін білім беру ресурстарындағы жайлы және қауіпсіз аймақты 100 процентке жеткізу де жоспарда барын жеткізді. Осы орайда айта кетейік, аталған бағдарлама мақұлданса аудан орталығынан инклюзивті білім беру орталығы ашылып, арнайы мамандармен қамтылатын болады. Баяндама соңында аудан әкімінің орынбасары А.Насреддинұлы аталған мәселелер бойынша бағдарламаны бекітуге депутаттардан қолдау күтетінін жеткізді. Одан әрі Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Төлегенов, аудан әкімінің аппараты мекемесінің ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы К.Есенбаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Меңлібеков баяндама жасады. VII шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 2 сессиясының соңында аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып шықты.
Хабарламашыларға аудандық мәслихат депутаттары Қ.Қасымов, Б.Сыздық, Н.Мырзабеков өз ұсыныс-пікірлерін айтып, тиісті сала мамандары сауалдарға жауап қатты.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ