Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнттасаңыз құрттан пайда табасыз

Құнттасаңыз құрттан пайда табасыз

Жуырда Жуантөбе ауылдық округіне арнайы іс сапармен бардық. Мақсат – жаңадан тың кәсіп ашқан ­Қуаныш ­Исмайловтың жұмысымен танысу. Себебі кейіпкеріміз көп жұрттың ойына келе бермейтін жауын құрт өсіру кәсібімен айналысып жүр.
Қуаныштың басты кәсібі – құрт. Құрт дегенде кәдімгі ағарғаннан алынған құрт емес, жердің арасында жыбырлап жүретін құртты айтып отырмыз. Ол біріміз үшін жиіркенішті көрінсе, енді біріміз үшін қорқынышты саналады. Ал біріміз үшін жердің кәдімгі қызық қызыл құрты. Бүгінде әлеуметтік желіде, осы кәсіп жайлы ақпарат кең тарайды. Одан бөлек жеке азаматтардың парақшаларында осы кәсіппен айналысып жатқандар барын байқаймыз. Соңғы кездері елімізде калифорниялық қызыл құртты өсіру кеңінен тарап келеді. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарында бұл кәсіппен айналысқандар қатары көп. Оған бірден бір себеп көршілес өзбек ағайындар болып отыр. Алашапанды ағайындар елінде өндірген құрттан шыққан биогумусты шетелдерге тонналап сатылып сатырлаған ақша болып қалтаға құйылады. Бұрынғы кеңестер одағының шекпенін шыққан достастық елдері арасында осы биогумуспен айналысып келе жатқан Украйна мен Өзбекстан. Аталған елдердің ауыл шаруашылық саласы да қарқынды дамыған. Өндірілетін өнімі әлемдік стандартқа сай шетелдіктерге тұрақты түрде нарыққа шығарылып отырады. Өзбекстан химиялық қоспасыз таза өз өнімімен Шығыс Еуропа елдерін жаулап алса, ал Украйна да дәл осылай әлемнің тең жартысына өнімдерін ұсынып отыр. Мінекей бүгінде Қазақстанда да осы өнім қолға алына бастады. Оның ішінде соңғы кездері Шиелі ауданында да осы іспен айналсып жатқан бірең-сараң кәсіпкерлер бар. Соның қатарында тілшіліер тобы арнайы барып кәсібін көзбен көріп қайтқан жас кәсіп иесі Қуаныш Исмайлов.
Қуаныштың айтуынша, құрт өсіру арқылы одан шыққан тыңайтқыштан таза өнім алуға болады. Оның осы жобаны қолға алғанына 1 жылға жуықтаған. Айта кетейік, бұл әдіс Америкада 40-50 жылдары дамыған екен. Аталған кәсіпті жолға қойған Қуаныш 2021 жылы шұбалшаң әдісін Алматылық маман Пернебек деген азаматтан үйренеді. Тың кәсіпке қызығушылығы артып, қыр-сырын меңгеріп, өз кәсібін ауданға келіп бастайды. Аталған кәсіпті қолға алған жігіттің сөзіне сенсек, кәсіпті бастау үшін алдымен малдың көңін әбден жуып бойындағы қышқылды тазалап барып арнайы шұбалшаңды сол жерге тастап, таза табиғи өнім өндіріледі. Бұл топырақтың құнарын арттырады. Сонымен қатар калифорниялық қызыл құрттар 21 күннің ішінде жұмыртқа тастайтынын тілге тиек етті. Айта кетейік, биогумус жер жыртудан алдын әр гектерға 4 тоннадай сепсе топырақ жақсы құнарланады, жұмсарады. Сонымен қатар агрофизикалық және агрохимиялық құрамы жақсарып, өнімділігі 70 пайызға артады Ең алдымен бұл құрттар – ауыл шаруашылығы үшін өте пайдалы.
– Оңтүстік өңірдің жері сазды, құмшауытты, құрғақ келеді. Бұл өсімдіктердің, көкөністерінің, дәнді-дақылдардың, жеміс-жидектердің тағы басқаларының тамырларын қысып тастап, ойдағыдай өсуіне кедергі келтіреді. Адам жерді баптауға жіті көңіл бөлсе, ол құнарлы, неғұрлым қара топырақты болмақ. Жер құнарлы болса, егіннің мол өнім берері хақ. Бүгінде жердің қойнауын құнарлы етуі үшін тың әдіс жауын құрт арқылы қалыпқа келтіруде. Олардың «қызметі» – шіріген органикалық заттарды «жеу» арқылы жердің құрамын гумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдыру. Сонымен бірге шылаушындар жердің ауа болатын 30 сантиметр қалыңдығында болып 60-70 процент ылғалдылықта өмір сүреді, – дейді кәсіп иесі.
Алматы және Шымкенттен калифорниялық қызыл құрт түрін әкелген кәсіпкер алдымен малдың қиын далада бірнеше уақыт, әбден кептіреді. Одан соң әлгі құртты көңге жіберіп, арасында су құйып баптайды. Ал құрт болса бірнеше уақыт арасында қиды таза, химикатсыз тыңайтқышқа айналдырады. Ол алдымен өнімнің сапасы мен дәмін арттырса, ендігісінде оның тез өсіп, пісуіне жол ашады. Бастысы – ешқандай қоспасыз, химикатсыз, табиғи дәмді дақыл шығарады. Қоса кеткен жөн, осы кәсіпті ұлғайту үшін аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов пен ауыл әкімі Бақытжан Терлікбаев ауыл сыртынан 30 соттық жер беріп, қолдау танытуда.
– Біз өсіріп жатқан құрттардың аты «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Мұны бастамас бұрын әбден зерттедім. Сөйтіп Алматы қаласына барып арнайы оқуын оқыдым. Сол жақтағы Пернебек есімді азаматпен тәжірибе аламастым. Бастапқыда 150 мың теңгеге 1 квадрат құрт сатып әкелдім. Араға бір апта салып тағыда 1 ­квадрат алып келдім. Қазір мына жерде 590 квадрат жерде құрт жатыр. Жалпы құрт санына байланысты, негізі 90 күн ішінде тыңайтқыш түзеледі. Қазір ауыл арасында осы тыңайтқышты келіп, сұрайтындар бар, – дейді кәсіпкер.
Қуаныш Исмайлов отбасымен осы кәсіптің көкжиегін кеңейткелі отыр. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, арнайы орынның көлемін арттырмақ. Айта кетейік, ол жауын құрттың 1 квадратын 150 мың теңгеге бағалайды.Бұл алушы шаруалар үшін аса қымбат емес. Себебі жердің құрамына кірсе, қара жерді жылдан жылға құнарландырып, қара топыраққа айналдырады. Екінші жағынан кез келген өсімдік әлемінің мол өнім беруіне ықпал жасайды. Алдағы уақытта бұл кәсіпті 1000 квадратқа дейін ұлғайтуды тілге тиек етті. Кәсіпкер «осы кәсіппен айналысуға ниет білдірген азаматтар болса, үйретуге дайынмын», – дейді. Бас­тысы құлшыныс болуы керек.
Иә, осы орайда жердің құнарлылығын арттырып, түсімді молайту көптен бері диқандардың бас ауруына айналғаны мәлім. Тіпті шаруалардың «нөмірі бірінші» мәселесі дерсіз. Егер ауыл шаруашылығы мамандарымен шаруалар өзара ұйымдасып, алдағы уақытта егістік алқаптарына осы тірі тыңайтқышты қолданса, бұл кəсіп одан әрі кең қанат жая түседі.

Ш.ТІЛЕУБАЙ
18 шілде 2022 ж. 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031