Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық бренд отбасылық трендке айналды

Отандық бренд отбасылық трендке айналды

Мал баққан әрбір қазақ шаңырағы үшін ақтың орны аса бағалы. Ақ дегеніміз – төрт түліктің сүтінен жасалатын тағамдар. Халқымыз молшылық, ырыс-береке, несібе, бақыт деп ерекше қастерлеп, одан адам ағзасына пайдалы шұбат, қымыз, қатық, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, май, уыз сияқты тағамдар әзірлеген. Қазіргі нарық заманында тіпті осы өнімдерді шығарып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар да аз емес. Сондай жас кәсіпкерлердің бірі – кент тұрғыны Мұрат Қалиев. Ол бүгінде сүттен жасалатын ұлттық тағамдардың бірі – құрттың 8 түрін шығаруда.

– Елімізде алға ұмтыламын, дамимын, кәсіп ашамын деген адамға мүмкіндік мол. Маған да неге кәсіп ашпасқа деген ой келді. Содан 2017 жылы ойымды жүзеге асыруды мақсат еттім. Құрттың дәмін татып көрмеген жандар кемде-кем шығар. Оны бала күнімнен білемін, бірақ құрт шығарумен айналысамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Басында қаймақ шығарумен айналыса бастадым. Кейін құртқа ойысып, қаймақ қалып қойды (күліп), – дейді жас кәсіпкер.
Иә, «құрғатылған», «кептірілген» деген мағына беретін бұл тағамның берер пайдасы көп. Медицина мамандарының айтуынша, құрттың құрамында А, В, С дәрумендері мен мырыш, кальций, калий, мыс, күміс, темір, алюминий, магний микроэлементтері бар. Сол себепті тойымды тағам болып саналады. Тіпті оны жеген бүлдіршіннің тісі сау, сүйегі берік болса, егде тартқан қариялардың ұзақ жасауына да өзіндік септігін тигізеді. Кейіпкеріміз ұзақ сақталатын тағам түрін дайындау үшін керекті сүзбені Шымкент қаласы, Қарабұлақ ауданынан алып келетінін айтты.
– 2018 жылы Үкіметтен 950 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болдым. Содан жұбайым екеуміз жақсылап қолға алдық. Үйіміздің жанынан құрт шығаратын цех аштық. Қажетті құжатын дайындап, өзімізге тән «Жаннұр» логотипін жасап, жеке штрихкод алдық. Сонымен қатар біз құрт жасайтын сүзбені арнайы Қарабұлақтан алдыртамыз. Бүгінде аудандағы көптеген дүкендерде өніміміз сатылады. Одан бөлек арғысы Арал мен бергі басы Жаңақорған халқы да біздің өнімді тұтынуда, – дейді ебін тауып еңбек етіп отырған М.Қалиев.
Алыс сапарда жүріп таңдайға салсаң – сусын болатын, қарның ашса, ас орнына жүретін құртты білмейтін қазақ жоқ. Алайда, оның сан алуан түрін көбі біле бермейтіні жасырын емес. Жас кәсіпкердің айтуы бойынша, қазіргі таңда көлеміне, құрамына қарай құрттың 8 түрін шығарады екен. Олардың қатарында бұрыш қосылған құрт, қақталған құрт, төртбұрышты, дөңгелек т.б. түрлері ерекше назар аудартады. Алдағы уақытта құрттың санын арттырып, ата кәсіп қылу ойында бар.
Бүгінде құртқа деген сұраныстың жоғары екенін базардан байқаймыз. Есіктен енгенде-ақ сан түрі елітіп әкететін құрттың бағасы да алуан. Көпшілік 1 келі құртты 2000 теңгеден саудалауда. Бұл баға әлдекімдер үшін қымбат болуы мүмкін. Әйтсе де, ақтың дәмін татқысы келген тұрғындар бағасына қарамастан құртты ойланбай алады. Ендеше кейіпкеріміздің өзінің жеке цехын ашып, құрт шығаруы бекершілік емес.

Фариза КЕНЖЕШОВА


19 желтоқсан 2019 ж. 2 444 0