ҚҰРТ ЖАСАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?
Құрт – сүт өнімдерінен жасалған ұлттық тағам. Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген деген мағынаны береді. Пісіліп майы алынған айранды қайнатып, кенеп дорбада сүзіп алып, тұздап, өреде кептіріп сақтайтын тағам түрі. Жасалу тәсілдеріне қарай құрт бірнеше түрлерге бөлінеді.Жасқұрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін таптырмас ас саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан.
Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер бас жуады, сондай-ақ одан тері илеу үшін малға жасайды.
Көбік. Қайнап жатқан құрттың қалқып алған беті. Қайнатылып жатқан құрттың көбігі майлы болады. Оны жас балаларға, қарттарға қалқып беруге болады.
Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты ыдысқа құйып алып, май қосып сапырып ішуге де болады. Ол өкпе ауруына, суық тиіп ауырғандарға ем саналады.
Сықпа құрт. Мұның қайнатқан құрттан айырмашылығы сол ашыған айранды қапқа құйып сүзеді де тұздап, әр түрлі үлгімен бөлшектеп тақшаға кептіреді.
Малта. Құрттың қайнаған суда езілген түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған.
Езген құрт. Қыстың күндері сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу үшін жасалады. Кейде оны сұйық күйінде ішу үшін кепкен құртты астауға салып ұнтақтайды, келіге түйеді немесе қол диірменге тартады. Сосын оны суға араластырып езеді.
Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны піскен сүттің қаймағына бұлғап жейді.
Дайындаған Рүстем АЙБОЛАТ,
Қызылорда қаласы