Наурыздың дәмі де жаңғырса...
Наурыз айы келгенде қай-қайсымыздың да ойымызға ең бірінші ұлыс күні мейрамының басты мәзірі – Наурыз көже оралады.
Наурыз көже – келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленетін ұлттық тағам. Халықтық дәстүр бойынша оған ағарған, соғым еті, дәнді дақылдар, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар қосылады. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбеюі мүмкін. Соғымнан арнайы сақталған қазы, қарта да салынады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді екен. Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді.
Ас-ауқаттың қасиетін ертеден саралай білген бабаларымыз медициналық ілім-білімі болмаса да, тамақ арқылы қауіпті сырқаттың алдын алып, кей тағам түрлерін ем үшін ішіп-жеген. Олардың қатарында жылқы еті, қымыз, саумал, шұбат, айран, сүт, сүзбе секілді тағамдар бар. Ал, Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңырақ жеті дәм қосып әзірлейтін Наурыз көжеге қазақ қандай салт-жоралғы ұстанған? Кей аймағымызда «көп көже» дейтін дәмі тіл үйіретін бұл тағамның қандай емдік қасиеті бар? Ендігі сөзімізге осы сауалдарға жауап іздеп, ұлттық асымыздың қасиеті жайында айтсақ.
Наурыз көжеге су қосқаны – өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Тұз қосқаны: қазақтың мәдениеті – сөз. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Сондықтан да «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деп мағыналы мақал айтқан. «Құр бос жүре бермей нәтиженің дәмін білейік, бір-бірімізге дәмді сөздер айтысып жүрейік» деген мағынада ырымдалған болса керек. Сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса, денсаулыққа да кепіл дегені. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Құрт қосатын себебі – құрт күшті ас. Бұл асты – қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздесе керек. Наурыз көжеге қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі – ет қосылады. Қазақтың табиғаты малмен біте қайнасқан болса, ет – қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақталған сүр етті тұтастай Наурыз көжеге салып қайнатады. Көжеге алтыншы – дәм арпаны қосады. Жетінші дән күріш – ішкі құрылысты тазартатын табиғи элементтерге бай дәнді дақыл. Жалпы, Наурыз көжеге дәнді дақыл пайдаланатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Дәнді-дақыл пайдалы, сабағынан дәні мәуелеп, төгіліп тұратын құтты, ырысты өсімдік. Наурыз көжеге белгілі бір дәмді ғана салу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салыну керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде дәм саны жетеу болған. Сөйтіп, Наурыз күні қазандар көжеге толады. Ауылда ақсақалдар бастаған кісілер үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте, әйелдер ыдыс ала жүреді. Әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдіреді. Көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» деген.
Наурызды мемлекеттiк мереке ретiнде Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан, Албания, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Дағыстан және Өзбекстан мен Тәжiкстан елдері атап өтедi. Түркі тілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз мерекесін әр ел өзінше тойлағанымен, барлығы бір мақсатқа үндейді. Наурыз – халықты татулық пен бірлікке шақырады.
Әр ұлт өкілдерінің Наурызды қарсы алу дәстүрі әртүрлі. Мәселен, Наурызды ерекше атап өтетін халықтың бірі – татарлар. Бұл күнi татар халқы мерекеге арнап жаңа киім сатып алады екен. Үй-iшiн тазалап, жапқыштарды жаңартып, мiндеттi түрде ақ дастарқан жаяды. Ұлттық тағамдар – шәк-шәк, губадия, кабартма, ляваш, бәлiш қойылады. Мереке күнi бiр-бiрiне қонаққа барып, ескi жылдан қалған өкпе-назы болса, кешiрiм сұрап, көңiлдерiн жiбiтедi. Татарлар наурыз көжеге ұқсас «Қарға ботқасын» әзірлейді.
Ал парсы, өзбек, қырғыз, иран, түрік, әзірбайжан, түркімен, ұйғыр, ауған халқында Ұлыстың ұлы күні «сумалак» деген тамақ жасайды. Рас, қырғыз ағайын сәл атын өзгертіп, бұл тағамды «сүмелек» деп айтады. Бірақ, жасалу технологиялары бір-біріне ұқсас. Ал, түркімендер осы тағамды «семене» деп атайды. Бәрі де жаңа өсіп шыққан бидай дәнінен жасалады. Әрине, әр халық мұны өздерінше түрлендіретіні де бар. Бірақ осы тұста бұл ұғымның астарына да үңіліп көрген жөн сияқты.
Осы ретте рухани жаңғыруды қолға алып, дәстүр-салтымыз жаңғырып, жаңарып жатқан сәтте нақ осы дәмді де неге жаңғыртпасқа деген сауал тұнды көкейімізде. Мәселен, біздер наурыз көжеге бидай, жүгері, маш, лобия, ет, кеспе, картоп, пияз қосып жасаймыз. Ал, ақтөбеліктер бидай емес, арпа қосады екен. Сонымен қатар, дәміне қарай мейіз, кепкен өрік, құрт, қымыз немесе айран қосып дайындайтын көрінеді. Біздің өңірде қосылатын кіл дәндердің адам ағзасына ауыр тиіп, астың қорытылуы да қиынға соғары сөзсіз. Сондықтан, көженің құрамына жемістер қосып, құрамын жаңғыртсақ, дәмі де ерекше болып, ағзаға да ауыр тимес еді. Ал, сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?
Әзірлеген Дина ЖҮСІПОВА.