Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір
Бұдан сәл ертеректе «Әкесі қойшы ғой» болмаса «Қойшының баласы» деген деген тіркестер кәдімгідей беделді тіркес болатын. Сондықтан болар, «...қой бағып, құйрық жеген озар» деп қойшы баласының да бағасын арттырған. Қариялар: «кезінде қой баққан шопандарыңның түкірігі жерге түпсейтін», «қойшы болып, құйрық май жегенге не жетер, шіркін?!» деп, өткенді еске түсіріп, аңсап отыратын. «Қой шаруашылығы – екінші тың» деп ұрандатып, мектеп бітірген түлектердің қой бағуға, қырқуға шыққан қызыққа толы кезеңдері аға ұрпақтың естерінде болар. Өйткені, сол тұста Республика бойынша қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қойылған.
Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесіне кенелген ғой. Бұл шаруашылық ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп. Иә, бүгінде қой шаруашылығының кенжелеп тұрғандығы жасырын емес. Ауданда қой мен ешкінің санын қосқанда 75705 ті құрайды екен. Бұл дегеніміз, сексен мыңнан аса халқы бар аудан тұрғындарына біреуден де келмейді деген сөз. Біз бұл тақырыпты қозғап отырғандағы себебіміз – нақ осы түліктің өнімдерінің қолданыс аясының тарылуы.
Өзімізге белгілі, көбіне-көп тек етін ғана пайдаланамыз. Деректерге сүйенсек, әлемде одан басқа бір де бір жануар ол сияқты сан түрлі өнім бермейді. Атап айтқанда, жүн, елтірі, терісі, қозы, қой еті, сүті – әлемдегі ең қымбат рокфор ірімшігі және құйрық майы. Түліксіз тұрмысын елестете алмаған бабаларымызға қой кисе киім, жесе тамақ болды. Оның тұрмыстағы пайдасы түйе мен жылқы жануарынан да артық десек те болады. Жер ыңғайы мен шөпті де аса көп талғамайтындығын да дана халық білген. Мына бір дерек кімге де болса қызық болар. Аша тұяқтың осы түрі әлемде өсетін 800 шөптің 560-ын қорек ететін көрінеді. Ал, қоймен салыстырғанда, ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді екен.
Хош, сонымен негізгі тақырыбымызға ауыссақ. Бұдан түйгеніміз – малдың ішіндегі көл-көсір табысқа кенелтетіні қой болмақ. Ғалымдардың дәлелдеуінше, қойдың еті де сүті де адамның ағзасына күш-қуат беруден бөлек, адамның дертіне де шипа бола алатынын алға тартуда. Олай болса, осы біз тілге тиек етіп отырған жайттарды тізбектеп көрейік. Бірінші кезекте ғылыми дәйектерді сөз етер болсақ, қойдың етінің құрамында су-68 пайыз; ақуыз-17,3 пайыз; май 13,6 пайыз; көмірсутегі-0,5 пайыз болып түзіледі. Бұған кальций фосфор, темірді қосып қойсақ, ғалымдардың «қой етінің талай дертке дауа» деп отырғанының жаны бар екенін бағамдаймыз. Мұндай деректерді тізбелеп отырған генетиктер қой етінің бүйрек қызметін бекемдеп, белсіздіктің алдын алатынын баса айтып отыр. Қазақтың ежелден келе жатқан бір дәстүрі, ол жас босанған әйелге міндетті түрде бір қойды байлап оны қалжа етіп сою. Бұл-босанған әйелдің белі тез бекіп, сүйектері жылдам қатаюы үшін әуелден жасалынып келе жатқан ғұрып. Ауыр дерт меңдеген сырқаттарды, көз тиген баланы, ағза қорғанышын, яғни иммуниеттін жоғалтқан адамды қойдың етімен, сорпасымен емдеуді жөн көрген. Қимылсыз мешел болып қалған балаға қойдың сүйегін қайнатып беріп, оның сорпасын ішкізіп отырған. Бұдан соң баласына көз тисе қара қойдың терісіне салу арқылы баланың бойындағы тіл-көзді алған. Абайсызда жылан немесе басқа уытты жәндіктер шағып алса, жаңа сойылған қойдың қаракесек етін сол шаққан жерге таңу тәсіліне жүгінген. Өкпесі ауырған адамға да осы өнімдерден ем-шара жасаған. Созылмалы жөтелге шалдыққан сырқатқа қойдың өкпесін беру арқылы ем қолданған. Бұдан соң жиі несеп сындыратын балаларды қойдың терісіне салған. Қойдың майының өзі қаншама ауруларға ем болды, ертеректе әрине. Ертеректе деуімнің де себебі бар. Қойдың майын бүгінгі таңда көп пайдалана бермейді. Қойдың құйрық майы жөтелді басып, қақырықты босату үшін құйрық майды шыжғыртып, 50г мөлшерінде ыстықтай ішеді. Тұмаудан болған созылмалы жөтелге құйрық майды ыстық сүтке қосып ішеді. Балаларға тұмау тиіп жөтелгенде, алқымды, алақанды, табанды қойдың жылы майымен сыласа, сауығады. Ішуге және денедегі тері ауруына қолдану үшін қойдың майына дәрі өлтіреді. Қойдың майы ағзадағы суық тию процесінің алдын алатындықтан, әжелеріміз бен аналарымыз жаңа туған нәрестесін қойдың майымен сылаған. Ал, біүгінгі күні қойдың майын жолатпайтынымыз жасырын емес. Кез келген дәріханалардағы химиялық қоспалардан жасалған арнайы майларды пайдаланамыз. Оның нәрестеге қаншалықты пайдалы, зиянды екендігін саралап жатқанымыз жоқ. Қойдың жілік майын қолқасына қақырық жиі жиналатын адамдарға беру арқылы бабаларымыз кезінде өкпедегі құрт ауруының алдын алған. Мұнымен қоса, қойдың сүтін ашыту арқылы жасалатын бұл сусында адамның бойындағы қажетсіз микробтарды жойып жіберетін қасиет бар екен. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Мейлі ғой. Шипасын көріп жақсы болып кетерміз. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай химиялық қоспалардан тұртын дәрі ауырған ағзамызға ем болғанымен, екінші бір ағзаның жұмысын әлсірететіндігін дәрігерлердің өздері де ескертеді. Терiсі, құйрығы, жыны өкпесi, тоқ iшегiн,қарны, өтi, жiлiк майы, сүйегi – міне осылардың барлығының ауруға мың да бір ем екендігін бірнеше ғасырлар бұрын біліп, тұрмыста пайдаланды. Иә, таза табиғи өнімге не жетсін. Осы тұста оқымай-ақ, көшіп-қонып, табиғатпен етене байланыса жүріп, ғалым, философ, дәрігер болғандықтарына таңданбасқа шараң жоқ.
Жоғарыда біз қойдың адам денсаулығына қатысты тұстарын қаузадық. Енді осы кәсіптің керегесін кеңейту үшін кей азаматтар қозылай алып, өсіріп отыр. Бірақ, көп емес. Мұны санмен де әңгіме басында айтып өттік. Яғни, кей шаруашылықтарда егіз туған қозылардың сыңарын «мал бола ма, болмай ма?» деген оймен аз ақшаға сататын көрінеді. Сол арзанырақ сатылған қозыны өсіріп-жетілдірем деген азаматтар алып, бағады. Негізінен, бұл да ұтымды ой секілді. Бір қозыны 500 ден алса, бір алғанда жай 10000 ға жиырмасын алуға болады екен. Сонда оның он бесі жетіліп кетсе, қандай керемет. Бір жыл, жарым жылдан кейін ол қозыңыз тоқты болып, төл береді. Осылайша, өз шаруаңызды да оңдап, мал басын да көбейтуге болар еді.
Рас, қазіргі кезде бақташылар мен қойшылардың еңбегі бағаланбайтыны рас, бірақ сол төрт түлікке барлық адамзат тәуелді ғой. Сондықтан, еті - уыз , сүті - бал, жүні - жібек, елтіріс
і – алтын болып саналатын берекесі мол қой шаруашылығы ешқашан кенжелеп қалмауы керек.
Дина ЖҮСІПОВА.