«Құлан» бағдарламасының «құлын» даусы
Мемлекет кәсіпкерлік саласын жандандыруға жағдай жасап-ақ жатыр. Тек бір сала үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, сол арқылы қазынадан қыруар қаражат бөлінуде. Осы санатта ауыл шаруашылығы саласы тізімнің басында тұр.
Елімізде жыл сайын мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген қолдауы ұлғайып, жеңілдетілген несиелер, субсидияларды шаруашылықтарға беру жолдары да жетілдіріліп келеді. Соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласы бойынша іргелі жобалар мен бағдарламалар қолға алынып, қолдау тауып, жүзеге асырылуда. Оның ішінде ірі қара малын дамыту мен сапасын арттыруды көздеген «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы тиімді несиеге қол жеткізген көптеген шаруашылық құрылымдары оның игілігін көріп, мал басын біршама арттыруға мүмкіндік алған болатын.
Атап айтқанда, бүгінде ауданда мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бойынша асыл тұқымды мал сатып алу шығындарына 31 млн. теңге, мүйізді ірі қара малының селекциялық асылдандыру жұмыстарына 93 млн. теңге, барлығы 124 млн. теңге субсидия берілген. Соның ішінде «Сыбаға» бағдарламасымен 2017 жылы 540 бас сиыр, 29 бас бұқа малы алынды, ал, «Алтын асық» бағдарламасымен 288 бас қой, 64 қошқар алынған. Ауыл шаруашылығы саласына көлемді инвестициялар тартылып, малды асылдандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен, осы бағдарламалардың қатарынан қалып қойған «Құлан» бағдарламасының шырылдаған «құлын» дауысы ешкімнің құлағына бармағаны ма?
Бұлай деуімізге аталған бағдарлама бойынша өткен жылдың еншісінде ауданға бірде-бір асыл тұқымды жылқы баласының алынбағаны себеп. Бұл мәселеге өткен аптада ауданда арнайы іс-сапармен болған облыс әкімі Қ.Көшербаев та тоқталған болатын. Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы кенже қалғандығы жөнінде қынжылысын білдіріп, қолдау танытып отырған бизнесті дамытуға, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалып отырған өңірде жұмыстың жандануы керектігін тапсырған болатын.
Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбіріне, құлақ түріп, елең етпейтін қазақ баласы жоқ шығар. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны. Адам баласы өз жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеуі тек, қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметінің белгісі.
Иә, расында ет пен қымыз өндірісін жандандыруда үлес салмағы басым аталған жобаға аудан тұрғындарының қызықпауына не себеп? Бабалар ердің қанатына балаған жылқы малына жұрт неге немқұрайлы қарады? Ауылдық округ әкімдері мен аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы неге «Құлан» бағдарламасына құлықсыздық танытуда? Мемлекеттік бағдарламаларды орындауға асықпай жүрген кімдер? Әлде, аталған бағдарламаның талаптары ауыр ма? Мүмкін қамбар ата түлігінің қымбаттығынан бұл шаруа шатқаяқтап тұрған болар. Ой жүгіртіп көрсек, расында жылқы баласы үйірге 4 жылдан кейін ғана қосылады екен. Яғни, құлыннан құнан шыққанда ғана үйірге қосылады. Оған дейін саяқ жүреді. Саяқ жүрген мал ит-құс пен ұры-қарының тұзағына тез ілінетіні анық. Үйде ұстау үшін де біраз жем-шөп қажеттігі туады. Әңгімемізге ойыссақ, аталған бағдарлама бойынша үйір жасақтайтын болсаңыз, кем дегенде 10 құнан мен бір айғырын алу керек. Осы жерде есептесек, бір құнанның бағасы кемінде 250-300 мыңға барады. Он құнаныңыз 3 млн. теңгеге шығады. Оған үйірді алып жүретін айғырдың құнын қосыңыз. Бас-аяғы 3,5-4 млн. қаржыны қажет етеді. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар үйлерін кепілге қоюы шарт. Ал ауылдардағы үйлердің бағасы мұнша сомаға бағаланбасы айқын. Бәлкім, осы аталған бағдарламаның кепіл мүлкінің жетіспей тұрған пайызын «Атамекен ҰКП» немесе банктер мойындарына алса. Бұл мәселе бойынша мемлекет басшысы тарапынан арнайы тапсырма да берілген болатын. Аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері мен кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлік палатасына, ауыл шаруашылығы басқармаларына неге осы ұсыныспен шықпасқа? Осындай заңды тетіктерін қарастыру қажет-ақ. Әйтпесе, қарапайым ауыл тұрғындарының бұл бағдарлама қызығын көре алмайтыны көзге ұрып, көрініп тұрған жоқ па???
Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе, жылқының сұрыптарын бір-бірімен араластырмай, қанына, тегіне жауапкершілікпен, ұқыптылықпен назар аударып, мән берілсе, іріктелсе. «Көкпардың, бәйгенің атын күнделікті мініске пайдаланған жарамайды. Жылқының санына ғана бас ұрмай, сапасына, тектік сұрыпталуына да мән беретін кез жетті. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көкшолағы» болған. Қойшы өзінің «қойторысын» мінген. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған», – дейді республикаға белгілі атбегі Әуезхан Қыдырбаев. Тақырып аясындағы әңгімеде аттың бабын бес саусағынан артық білетін жан қазақ халқының жылқы шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды.
Егер жылқы шаруашылығын дамытамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болса, онда қосымша жұмыс орындары ашылып, қазақы ат спорты ойындары қайта жаңғыра түсер еді. Сондай-ақ, жүген өру, ертоқым жасау, тіпті шабандоздардың киімдеріне дейін тігетін шағын цехтар ашылып, экономиканың көтерілуіне септігін тигізері анық. Қамбар ата түлігінің қарасын көбейтуді қолға алсақ, мың дертке дауа болатын қымыз өндірісі де жолға қойылған болар еді. Қазы-қарта, жал-жая мен етті де сырттан саудаламас едік. Аталған кәсіп қанатын кеңге жайса, салық базасы да толығып, аудан әлеуеті де артары анық. Тек осы іске құлық пен құлшыныс, ынта мен ықылас болса болғаны.
Дина ЖҮСІПОВА.