Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібі ­– калифорниялық қызыл құрт

Кәсібі ­– калифорниялық қызыл құрт

Адамды адал еңбек қана мұратқа жеткізеді. Сіз механизаторсыз ба, ғалымсыз ба, дәрігерсіз бе, шопансыз ба, мәселе – қандай кәсіп бастағаныңыз да емес, оны қалай атқарып жүргендігіңізде. Мақсатыңыз айқын, ісіңіз адал болса, сізді табыстың өзі іздеп келеді. Сондай адал еңбегімен айналасына үлгі болып жүрген жандардың бірі – Нұржан Құлшаев.
Кейіпкеріміз Нұржан Құлшаев 1987 жылы Шиелі кентінде дүние дидарына келген. Ол бала кезден еңбекке бейім болып өскен «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат десек ертық айтқанымыз емес. Қос кәсіпті қолға алған жігіттің сөзіне ісі сай.
Жалпы Шиеліде шағын және орта бизнестің шаруасы ширай түсті. Бүгінде кәсіпке ден қойғандардың басым бөлігі жастар. Әрине, «екі қолға бір күрек» тапқаны қуантады.
– Мен 2020 жылдың тамыз айында Шиелі ауданындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 18 күндік курс оқыдым. Ең бірінші кәсібім бал арасын өсіру арқылы бизнес бастау жобамды сәтті қорғап шығып, 532000 мың теңге грант ұтып алдым. Содан алған қаражатты ұяға қатысты құрал-жабдықтарға жұмсадым. Сонымен қатар, бал араны арнайы Кентау қаласынан алып келіп, кәсіпті 6 бал ара отбасымен бастаған болатынмын. Қазір бал ара отбасын 100-ге жеткіздім. Жаз бойы олардың күтімін жасап, балдың бірнеше түрін өндіріп отырмын, – дейді кәсіпкер Нұржан.
Бал арасын жолға қойған Нұржан 2021 жылы шылаушын әдісін Шымкенттік маман Бақытжан деген азаматтан үйренеді. Тың кәсіпке қызығушылығы артып, қыр-сырын меңгеріп, өз кәсібін ауданға келіп бастайды. Еліміздің оңтүстік аймақтарында кəсіптің бұл түріне ден қойғандардың қатары еселеніп келеді. Ал, Шиеліде олардың саны бірлі-жарым.
Біздің кейіпкеріміз айналысып жүрген кәсібінің ерекшелігі сол, оларды медицинада, фармакологияда, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады. Бірақ ең алдымен құрттар – ауыл шаруашылығы үшін өте пайдалы. Ертеде шаруалар топырақтың құнарлылығын жер телімінде тіршілік ететін қызыл құрттардың мөлшерімен бағалайтын. Жерді өңдеген кезде құрттарды сақтап қалуға тырысатын, олар қай жерде көп болса, сол жерде көкөністер, жеміс-жидектердің мол болатынын білетін. Кәсіп иесі Нұржанның жауын құртын өсірумен айналысып келе жатқанына небәрі бір жыл болыпты. Осы уақыт ішінде Нұржанды алыс-жақыннан іздеп келушілер саны көбеймесе, азайған жоқ. Тіпті жыбырлаған жәндікті тыңайтқыш ретінде алушылардың қатары артып отыр.
– Біз өсіріп жатқан құрттардың аты «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Оның пайдасына келсек, қазір көптеген органикалық қалдықтар далаға тасталып жатыр. Экологияны ластаудың бір себебі де сол. Егер де біз аулада өсіп тұрған талдардың жапырағын, өсімдіктердің тамырын, сабағын осы құрттарға тастасақ, шылаушындар оны өңдеп, биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыштарға айналдырады. Ал биологиялық тыңайтқыштың пайдасы өте көп. Егер сіз егін шаруашлығымен айналысып, бірақ өніміңіз нашар болатын болса, бұл тыңайтқыш оны реттеуге көмектеседі. Тұзданған жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім молаяды. 100 пайыз көмектеседі. Міне, көрдіңіз бе, калифорниялық қызыл құрттың кереметі қайда жатыр, – дейді Нұржан.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл құрттар тек биологиялық тыңайтқыштар өңдейтіндігімен ғана құнды емес. Калифорниялық қызыл құрттар балықшылар арасында сұранысқа ие екендігін ескерсек, оның өзін сатып та пайда табуға болады. Айта кетейік ол шылаушынның 1 кубын 80 мың теңгеге бағалайды. Бұл алушы шаруалар үшін аса қымбат емес. Себебі жердің құрамына кірсе, қара жерді жылдан жылға құнарландырып, қара топыраққа айналдырады. Екінші жағынан кез келген өсімдік әлемінің мол өнім беруіне ықпал жасайды. Тіпті бұл әдіс Америкада 40-50 жылдары дамыған екен. Одан кейін Еуропа, Индияда осы әдісті қолданған. Әлемдік тәжірибеден өткен кәсіптің құлағын ұстап, көзін тапқан Нұржан қазіргі таңда қолда 1 миллион колифорниялық жауын құрты бар. Бұл құрттарға көп күтімнің де қажеті жоқ екен.
– Құрттар үшін топырақтың ылғалдылығы маңызды. Сондықтан, оларға уақытылы су құйып тұрамын. Қыстың күндері де құрттар жылы жерде болуы тиіс. Ал күнделікті тұрмыстық жағдайда пайдаланып жүрген органикалық заттардың қалдығын (картоп, сәбіз, капуста және т.б.) қоқысқа емес, құрттарға тастаймын. Сонымен қатар, 6 ай мен 1,5 жылдың арасындағы көнді беріп отырамын. Бұлар күтімді ерекше қажет етпейтін бауырымен жорғалаушылар. Таңнан кешке дейін күтім жасап, уақыт кетірмеймін. Өз ісіңізбен айналысып жүре бересіз, бұлар өздігінен көбейе береді. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдар сияқты шелектеп су тасып, олардың астын тазалап жатпайсыз. Екі күнде 10 литр су құйып құйып және көкөніс қалдықтарын тастап қоямын, – дейді кәсіпкер.
Иә, осы орйда, жердің құнарлылығын арттырып, түсімді молайту көптен бері диқандардың бас ауруына айналғаны мәлім. Тіпті шаруалардың «нөмірі бірінші» мәселесі дерсіз. Егер ауыл шаруашылығы мамандарымен шаруалар өзара ұйымдасып, алдағы көктемде егістік алқаптарына осы тірі тыңайтқышты қолданса, бұл кəсіп одан әрі кең қанат жая түседі.

Ш.Тілеубаев
18 ақпан 2022 ж. 1 313 0