Шаруа шырайы
Бүгінде ауданымызда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Жеңілдетілген несиелер алып, кәсібін жандандырып жүргендер де жетерлік. Олардың арасында ірілі-ұсақты дәстүрлі емес кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан жандардың ұмтылысы ауданның әр азаматының еңбектен енжар еместігінің куәсі іспетті. Демек, біздің өңірде кәсіпкерлікті дамыту жолында жасалынып жатқан жұмыстар аз емес.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа 200 млн. теңге қаржы бөлініп, өңірімізде шағын кәсіпкерліктің дамуына демеу беруде. Аудан бойынша 154 адамға бизнес жоспар дайындалып, алдын ала екі күндік «Бизнес кеңесші» оқу курсына жүз азамат оқытылды. Нәтижесінде, жалпы құны 15 млн. 353 мың теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанды.
Газет бетінде еңбек адамдарының бейнеті мен зейнетін бұған дейін жазып, оқырманға жеткізіп келеміз. Бұл жолы да бірқатар кәсіпкерлерге тоқталуды жөн санадық. Соның бірі Өлке Қожабеков. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік гранттан 1 млн. теңгесін ұтып алып, өз шаруасын дөңгелетуде. Бүгінде Бала би ауылында пластикалық терезе жасау цехын ашты. Кәсіпкерлікті бастамас бұрын қысқа мерзімді курсын оқып, бизнес жоспар әзірлеп жетістікке жетті. Иә, расында, «Адамды көркейтетін – еңбек» болғандықтан, кәсіпті одан әрі қарай дамытып, тынбай еңбектенуді шебер мақсат тұтып келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүргендіктен, осы істі отбасылық кәсіпке айналдырғанды жөн санауда.
Келесі кейіпкеріміз тігіншілік өнерін жанына серік еткен Ақайша Қосманбетова. Ол бүгінде Еңбекші ауылында тігін цехын ашып, өз жұмысын бастап кетті. Жастайынан осы өнерге жақын болған Ақайша апайдың арманы тігін цехын ашу еді. Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттік гранттан 300 мың теңге ұтып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қол жайып қарап отырмай, іске кіріскен жанның еңбегі еш кетпейтінінің тағы бір дəлелі бұл. Бүгінде шағын кəсіп ашушыларға мемлекет тарапынан қолдау ерекше. Елбасының Жолдауында белгіленген шағын және орта бизнесті дамыту тенденциясын қолдау мақсатында облыс басшысының бастамасымен биылғы жыл Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленген болатын. Осы саланы одан әрі жан-жақты дамыту үшін тағы да екі жыл жалғасын таба бермек. Сондықтан, кəсіппен айналысамын, өзіме де, өзгеге де пайдамды тигіземін деуші азаматтарға жол ашық. Өзінің мүмкіндігі мен қарым-қабілетіне сенсе болғаны. Ерінбей ізденсе арнайы тегін оқытатын кəсіпкерлік мектептері де жұмыс жасап тұр. Осылайша, тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп отырған, шаруасын шырайландырған жандардың жайымен қанықтық. Қалауын тауып, қарды емес ісін алға бастырып отырған отбасылар көбейсе, экономика өсіп, отандық бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласы одан әрі шырайлана түсуіне айтарлықтай үлес тигізеді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.