Ердің атын еңбек шығарады
Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана қиындықты жеңбек» деген қанатты сөзі көп жастардың жігерін жанып, алға ұмтылуға себеп болды. Бүгінде кәсіптің кез келген түрімен айналысып, еңбекке араласып, жұмыс істеп жүрген жастарды байқаймыз. Солардың бірі – Еңбекші ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Мұқағали Нәби.
Қазір барлық жерде құрылыс жұмысы қарқынды дамып келеді. Соған сай Мұқағали Нұрғалиұлы сұранысқа ие кәсіптің көзін табуға тырысқан. Алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай ізденген. Нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің арасынан оқ бойы оза шығып, 540 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Осылайша өз ісін жандандыруды көздеген жас кәсіпкер бүгінде шлакоблок шығару бойынша шағын өндірісті қолға алып отыр.
– Шлакоблок дайындауды жүзеге асыру аса шыдамдылықты, еңбекқорлықты, тиянақтылықты, әсіресе дәлдікт қажет етеді. Қаражатымызға сай құрылғыларын сатып алдым. Бүгінде күніне 500-ден аса шлакоблок шығарып жатырмыз. Бизнес жолына түскен соң әрине, жан-жақты білім қажет. Осы тұрғыда бизнес-кеңесші курсын оқып, сертификат алдым. Алдағы уақытта жоспар өте көп, – дейді жас кәсіпкер.
Шлакоблоктың құрамы цемент, қиыршық тас және судан тұрады. Соңғы уақытта нарықта үй салу жиіленіп кеткен соң, құрамындағы заттардың қолжетімділігіне және бағасының арзандығына байланысты сұранысқа ие болып тұр. Сондықтан өз ісін бастағанына аз уақыт болған кәсіпкердің тұтынушылары да пайда болып үлгерген. Жасы 25-тен енді асқан кәсіпкердің айтуынша шлакоблокты аудан көлемінде сатып жатыр екен.
– Мен жастайымнан еңбекке араластым. Мектеп жасында жүріп-ақ ата-анама үй шаруасына көмектесетінмін. Сондықтан еңбекпен келген нанның тәтті екенін білемін. Алдағы уақытта шлакоблок өндіріс цехын ашып, осы кәсіп бойынша икемі бар, жігерлі жастарды жұмыспен қамтысам деген арманым бар. Әрине, ол үшін тоқтаусыз жұмыс істеп, мол табыс табуым керек, – дейді М.Нәби.
Адамзат баласының өзін қалыптастыруда, дұрыс қарым-қатынас орнатуына септігін тигізетін бірден-бір алып күш – еңбек екені белгілі. Ал өскелең ұрпақтың еңбекке ерте араласып, өз маңдай терімен нәпақасын табуға ұмтылып жатқаны, жасы үлкейсе де, зиянды әдеттерден қолы босамай, отбасын қамтамасыз ете алмай жүрген кейбір азаматтарға үлгі.
Фариза КЕНЖЕШОВА