Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрттың құтын құрттық

Құрттың құтын құрттық


Kyzylorda-news.kz. Көне ғасырдан бізге бұзылмай жеткен "Құрт" сөзінің еш тілге аудармасы жоғын білеміз ба?
 
Дәмі балдай құрт
Қолданыстағы күллі тағамның аудармасы бар. Аудармасы жоқ санаулы ғана тағамның ішінде құрттың барын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Өйткені, құрт – сан ғасырлардан сүзіліп өткен қазақтың ұлттың дәмі.
Әлем халықтарының ас-суында өзіндік ерекшеліктер бары бесенеден белгілі. Солай болуы тиіс те. Географиялық орналасуына орай мінез-құлқының әр қилы болуына да қолданыстағы дәм-тұзының өзіндік ықпалы барына сенімім мол.
Ықылым заманнан ата-бабаларымыздың ойлап тапқан ең ғажап асы – қарапайым құрт. Тіршілік көзіне айналған мал өнімін тиімді пайдалануға келгенде, қазақтан асқан шебер халық жоқ болар. Әсіресе, сүт өнімдеріне.
Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарымыздың жадауланғанына жан ауыртпайтын болдық. Тіптен жойылып жатқанына да бейтарап қарауға үйрендік десем, артық айтпағаным болар.

Құрттың құтын қашырғандарға қарсы дәрменсіздік
Күні бүгінге дейін қасиетін жоғалтпай жеткен тағам – құрт еді. Соңғы кездері адыры болды. Адам ағзасына жағымдылығымен алға озған құрттың құтын қашырып болдық. Қасиетінің азайғанынан емес, құрамына не бәлені қосқан пайдакөстердің құртты құрдымға құртқанынан!..
Базарда сатылатын құрттың дәмі өзгерген. Ауызға салуға түрі сүйкімсіз. Тұзы ащы. Жесең, борт-борт етеді. Тіл үйірмек былай тұрсын, жейін бе, жоқ па деп дал боласыз. Жемей тастауға "Құрт" деген санаға сақталған қасиетті дәмнен аттап кеткің келмейді. Жейін десең...
Дал болған сұрақтың салдары анықталды. Адамнан айла артылған ба? Сүйсініп жейтін құртымызды ұнға шылайды екен. Көлемі көбейіп, салмағы ауырлап шыға келетін құрттан түсетін ақша да мол болмақ. Әлбетте, базарда тағам сапасын қадағалайтын зерттейтін зертхана баршылық. Емін-еркін сатылып жатқанына қарап, жең ұшынан жалғасып жатыр ма екен деген ойға тірелесің.
Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін сүйсініп жейтін құрт... Мал сүтінен жасалатын құрттың қасиетін айтып тауыса алмаспыз. Алыс сапарда таңдайға салып сорсаң – сусын, жесең – ас орнына жүретін құрт, қалтаға сиымдылығыменде, бұзылмай ұзақ сақталатындығымен де ерекшеленеді.

Әмбебап тағам
2-3 ай бойы күннің ыстығына ашымайтын, аязда үсік шалмастан дәмін жоймайтын қасиетін айтсаңызшы?! Ойын баласы күнімізде үйге кіріп тамақ ішуге уақытымызды қимай, қалтамызға құрт салып ала тұра жүгірген кезімізді сағына еске аламыз. Оған, әке-шешелеріміздің шіліңгір шілдеде құрт тістеп отырып ішкен шәймен шөлін басатынын қосыңыз.
Әлі күнге аяғы ауырлаған әйелге жүрегінің айнығанын басу үшін таптырмайтын дәрумен – құртты жеген. 100 грам сүзбенің қуаты 227 ккал болса, құрттыкі – 370 ккал. 100 грамм құртта 3 грамдай ақуыз, кальций мен фосфор қосындылары барын ескерсек, 100 грамм құрттан адам ағзасына қажетті 60-қа жуық ақуыз берілетіні ғажап емес пе?!
Жас босанған әйелге жас сорпаға құрт езіп қосып ішкізгеннен аяғына тез тұрып кеткен. Әсіресе, қысқы соғымның сорпасына құрт езіп ішпеген қазақ сірә жоқ болар. Осыдан небәрі 20-30 жыл бұрын той-томалақта шашуға құрт шашқаны бүгінде оралмастай әдемі естелік болып қалды.
Құрттың "ежегей" деген де түрі бар. Анамыз көктемде ерте туылған қозының мәйегін үлкен қазан толы қайнап жатқан сүтке салып ұзақ уақыт қайнататын. Қоңырқызыл түске енген ірімшіктерді шидің үстіне кептіреді. Кепкен ірімшікті сүзбеге қосып илеп, құрт жасайтын.
Ірімшік қосып кептірген құрттың дәмі ерекше тіл үйіреді. Бүгінде осы тәсіл ұмыт бола бастағандай. Оған басты себеп: кеңес кезеңіндегі совхоздарда өсірілетін қаракөл қойдың жаңа туған қозыларын тері өңдейтін зауытқа өткізетін. Қаракөл терісі сол заманда шетелдерге долларға сатылады дегенді еститінбіз.
Терісі сыпырылған қозының мәйегі қажетсіз қалатындықтан, аналарымыз ірімшік қайнатқанға қолданатын. Бүгінде жекешелендірілген қой шаруашылығында әр қозының көбеюіне деген қызығушылық болғандықтан, мәйек мәселесі келмеске кеткендей.

Ағзаға таптырмайтын ас
Құрттың адам ағзасында атқаратын рөлін елемейтініміз өкінішті-ақ. Байқасаңыз, соңғы жылдары ересектерді қойып, жасөспірімдер арасында көзілдірік киетіндер мен тісі қисық бітіп, ерте түсіп қалатындардың саны күрт өсіп кетті. Оған қосымша компьютер, ұялы телефондар көзге орасан залал келтіруде.
Көздің көруін жақсартатын А дәрумені, иммунитетті жақсартатын С дәрумені, сүйектің қатаюына көмектесетін Д дәрумені, кальций, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері бір өзінің құрамынан табылатын құртты бүгінгі балаларымыз жейді ме?
Көпшілігінің жемейтіні ақиқат. Жегісі келгеннің ұнға шыланған "жалған құртқа" тап болып жатқаны анау. Ақша тапқанды кім жек көрсін. Десе де, жалған құрттан пайда табуға құныққанның ақыры – ұрпақ ағзасынан зиян келтіріп жатқанын жалған құрт сатушы ойлар ма екен?
Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде үйге қыдырып келген қонақтың сөмкесінен міндетті түрде алуан формада кептірілген құрт шығатын. Өйткені, құрт жеуді қалыпты жайтқа айналдырған болатынбыз. Елеусіз ғана құндылықтан қарадай айырылып қалдық.

Құрт жемегеннен жоғалтарың көп
Бүгінде құрт жемеген ұрпақ жеткілікті. Құрттың қасиетінен бейхабар балаға ата-анасы алып беруге құлықсыз. Бала ағзасына өте қажетті тағам түрін жемеуінен ұрпағымыздың қаншалық зиян көріп жатқанына – табиғи таза өнімнің жоқтың қасы боп бара жатқанын қосыңыз.
Бір қарағанда: құртқа қоспа қосу мүмкін емес секілді көрінгенмен, құныққан қол, оның да көзін тапқан. Сол жалған құртты жасап тұрып: "Кісі баласына сатқалы жатқан құртты, өз балама берер ма едім" деген сұрақ санасын мазаламайтыны қасіреттің басы деп ойлаймын.
Сонау 1937-ші зобалаң жылдары АЛЖИР абақтысында кеңестік одақтардың түпкір-түпкірінен халық жауының әйелдері тоғытылғаны тарихтан белгілі.
Қамыс орып, қой бағып, ауыр жұмыста жүрген әйелдерге, көрші ауылдың қойшылары жұдырықтай құрт лақтырады екен. Аштан өлмесін дегені ғой. Бір орыс әйел: "Қамыс орып жүргенімізде тұсымыздан ақ тастар қарша борады.
Алғашында "бізді қорлап жатыр екен" деп жылап алдық. Бір түйірі қалтама түскен екен. Кешкісін қасымдағы қазақ әйелге көрсетіп жылап едім, ол әйел керісінше қуанып кетті. Қайдан алғанымды сұрады. Баяндап бердім. Бұл – құрт қой? Бұны жесек өлмейміз" деп, бәрімізге бөліп берді.
Ертеңгісін сол жерге барып, бәрін теріп әкелдік. Кәдімгідей сусынымызды қандырып, ашқұрсағымызға демеу болды. Қарапайым қазақтың құртының дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді..." деп естелік қалдырған екен. Мінеки, құртты өзге ұлттар да осылайша қадірлеген.

Қарапайым қасиет
Құртты көп жеген адамдарда ішкі секреция бездері дұрыс жұмыс атқарып, ішкі мүшелердің қызметі жақсаратыны айтылады. Жаһандану кезеңінің ең емі қиын ауруы – қант диабетімен ауыратын жандарға құртпен шәй ішсе, қан айналымы жақсарып, көңіл-күйі көтеріңкі болатыны да.
Сан түрлі бездердің қызметін жақсартумен қоса: құрттың май құрамы төмен болғандықтан, бауырдың майлануы, іштің өтуі сияқты ауруларға шипа екендігін ата-бабаларымыз қалай білгеніне тәнті боласың. Ойлап қарасаң, бүгінгідей заманауи зерттеме технологиясы жоқ кезеңде орасан пайдасын қайдан білген десеңізші.
Кальций сүйек ұлпаларын қатайтып, коллагеннің қалыптасуына қатысады екен. Кальцийдің көп мөлшерін қолданатын адамдар (әсіресе әйелдер) өздерінде остеопороздың даму қаупін төмендететінін ғалымдар дәлелдеп қойды. Аяғы ауыр кезде құртты үзбей жесе, құрсақтағы нәрестенің сүйегі жақсы жетіліп туылатынын әжелеріміз айтып отыратын.
Жасы ұлғайған кісілерде зат алмасу баяулай бастайды, сондықтан құрттың құрамында кездесетін қарттарға қажет, зат алмасуды және бауырдың қызметін жақсартатын холин және метионин деген заттар бар және құртта В тобының дәрумендері болғандықтан, қарттарда жиі кездесетін атеросклероз ауруының алдын алады.
Көнекөз қарияларымыздың тісі түгелдігін көріп, таң қалып жатамыз. Өйткені, олардың бала күнгі ас мәзірі: айран-сүт ішіп, ірімшік-құрт жеуден тұратын. Елеусіз құрт – кальцийдің көзі, сүйектің қатаюына, тістің түзу һәм азулы өсуіне, асқазанның ас қорыту сөлін қалыпты бөліп шығаруына пайдасы ерен.
Құрт өндіріп жатқан фирмалар да баршылық. Бірақ, жетімсіз. Сөреге түскен замат ту-талапай болады. Сондықтан да базарға бағынуға мәжбүрміз.
Қымбатшылық кезеңде бала-шаға асыраймын деп "асыра сілтеп жатқандарға: ұн қосқан құртты жеген жаннан қарғыс алмаңыздар; таза құрамдағы құртты адал сатып, ақ алғыс ал демекпін.
Сая ҚАСЫМБЕК
informburo.kz
05 маусым 2019 ж. 764 0