Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шие – тәтті, еңбегі қатты

Шие – тәтті, еңбегі қатты

Шиелінің шұрайлы топырағына шаншыған шыбықтан шынар өсіп шығатыны әмбеге аян. Оны бұған дейін талай бағбандар дәлелдеді. Себебі жасыл желегі жайқалған бақшаның көз жауын алары ақиқат. Әрі сулы да нулы өлкенің бағы мен бары да осы табиғи келбетінде болса керек-ті.
Бүгінде Шиелінің тұмса сұлулығына қолмен егілген бақтар сән бере бастады. Яғни ауданымыз қарқынды түрде бақ өсіру мен жеміс ағаштарының санын көбейтудің озық үлгісін көрсетіп отыр. Ауданда биыл ауылшаруашылық құрылымдары 2 млрд. 421 млн теңгенің өнімін өндірді. Яғни ол 100,6 процентті құрайды. Және де аталған сала бойынша 4 жоба қолға алынып, 14 жаңа жұмыс орны ашылды.
Соңғы жылдары ауданда көбірек алма өсіре бастады. Біріншіден, сұраныс артса, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт, үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Десе де Шиелі аталатын ауданда шие бағы жоқтың қасы. Шиеліде неге атына сай шие бағын өсіріп, өрісін кеңейтпеске? Осы турасында сұрастырып, зерттеп көрдік.
Шие ағашы – дәмді және пайдалы гүлді өсімдік.Оны Еуропада өсіру ежелгі заманнан бері белең алып келеді.Шие ағаштарын бақшаңызға жеміс ағаштарының қатарына қосқыңыз келсе, онда ол тамаша таңдау. Олар жыл сайын дәмді жемістер беріп қана қоймай, сонымен қатар шие гүлдері хош иіс береді. Бірақ ол өте нәзік болғандықтан өсіру қиындау. Бұл туралы Әлияр Сейітов былай дейді:
– Менде осыған дейін 2 рет шие өсіруді қолға алып, тәжірибемнен өткізіп көрдім. Бірақ болмады. Себебі оған алмадан да күшті күтім керек. Қала берді, тез қартаяды. Бір сөзбен айтқандай шие тәтті, оның еңбегі қатты.
Шие жемісінің құрамында В1, С витаминдері бар. 10-15 процент қант, органикалық қышқылдар болады. Шиенің қабығында 5-7 процент танинин заты бар. Діңінен шие желімі ағады. Тұқымында май көп. Сондықтан шие бағалы жемісті өсімдік болып саналады. Көбінесе жемісін кептіріп, консерві жасап, тосап, компот, кисель, сироп, шарап түрінде сақтауға болады. Жайдарлы жаздың бірінші ­айында орталап қалдық. Бау-бақшаларда құлпынай, бүлдірген, шие түрлері қызарып пісіп, оны теру науқаны басталып та кетті. Осы ретте базарды аралап, өзімізде өсетін және сырттан әкелінген жемістердің бағасына зер салып көрдік.
Қазір жергілікті бау-бақшаларда өсетін құлпынайдың бір келісі 1000 теңгеден. Ал шиенің 1 шелегі 1500-2000 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Базар сөрелерінде сырттан әкелінген жемістердің бағасының шарықтап тұрғаны бірден көзге түседі. Мысалы, өріктің бір келісі 600 теңге, егер бір жәшігін алғыңыз келсе, сатушылар келісін 500 теңгеге беругі әзір. Бірақ жәшіктің ішінде 8-10 келі жеміс бар екенін есептеп көрсеңіз, өріктің құны қалтаңызға ауырлау түсетінін байқайсыз.
Жеміс піссе әр үйде тосап қайнатылатыны белгілі. Жылда тосапты көптеп қайнатып, жаз қыстың қамын ойлайтын Назерке Жұмағалиеваны сөзге тартқанымызда, ол:
– Мен қазір бақшамызда піскен шиеден тосап қайнатып қойдым. Енді компот әзірлеуім керек. Жылда шие пісетін кезде бір қап қант алып қыстай жейтін тосап дайындаймын. Жаздың тәтті тосаптарын қыста аңсайсың ғой. Жемістің құрамында болатын дәрумендер де өте пайдалы. Әсіресе, шиеден тосапты көп қайнатуға тырысамын өйткені, оның қыс уақытында тұмауратып ауырған кезде денсаулыққа пайдасы өте зор. Сондықтан «Жаздың бір күні – қыстың мың күніне татиды» демекші, жаздың жайма шуақ күндерінде уылжып піскен жемісті теріп алып, тәтті тосаптар қайнатуға асығыңыздар, – деді.
Бүгінде шие, алма, жүзім өсіріп, баптап, бақшасын гүлдей жайнатып отқан жан бар. Ол Ортақшыл ауылының тумасы – Серік Сәрсенбаев. Әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызып, бақшаны баптау – Серік ағаның сүйікті ісі. «Жаным жабырқаса да, көңілім құлазыса да, тіпті қуанышымды да өз ауламда еккен жасыл желекпен. 1,5 гектар жердегі мәуе ағаштарына қарап ләззат аламын. Мен табиғатқа мейірімділікпен қараймын және сүйіспеншілігім ерекше, махаббатым мәңгі. Өмірімнің жалғасы немерелерімнің де солай болып өсуін қалаймын», – дейді кейіпкеріміз.
– Алғашқыда жергілікті жерге шиені егіп бастап, 1 жылдан кейін қызыл шие сортының қаламшаларын Өзбекстаннан алып келдім. Ол 2 жылдың ішінде өнім бере бастады. 3-4 жылда жақсы салып еді, бірақ ауылдың ауа райына байланысты гүлдерін тастап жіберді. Құдай қасала, келесі жылы жақсы өнім аламыз ба деп отырмыз. Қызыл шие мен шиенің әжептеуір айырмашылығы бар. Ол шие сияқты болмайды екен.
Сонау ертеректе 1825 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың жазық дархан далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді-ау!» деп тәтті қиялға берілген екен. Шынында да еліміздің әрбір азаматы осы бір парасатты сөзді көңіліне тоқып, жүрегіне ұялатып, бау-бақша егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранбас па еді! Қазақ бабамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
10 маусым 2022 ж. 707 0