Қарапайым заттар экономикасы: қаржы көзінің тірегі
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш жобаны жүзеге асырудың заң жүзінде тетігі шешіліп, ел қазынасынан 600 млрд. теңге қаржы бөлінді. Әсіресе «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» кезінде жарияланған бұл бастама облыс көлемінде ерекше маңызға ие болып, бизнестің бұл түрін дамытуға көңіл бөлуде. Шиелі ауданында қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында 26 жобаға несие қаражатын алуға ұсыныс білдіріліп отыр.
«Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру дегеніміз бірінші кезекте сырттан келетін заттар санын азайтып, керісінше халық күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек секілді тұрмыстық заттарды өз елімізде өндіру. Яғни, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсартуға жол ашу болып табылады. Осыған орай бүгінде ауданда тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар атқарылуда. Бір сөзбен айтқанда, бұл – біріншіден, импорттан келетін түрлі киім-кешек, азық-түлік, құрал-жабдық сынды заттарды ауданда өндіруге қолдау жасау. Яғни, қаржы капиталы үнемделіп, елдің экономикасының артуына оң ықпал етуді көздейді. Екіншіден, қарапайым заттар экономикасын өңірлерде жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа мамандардың еңбекке тартылуына ықпал етеді.
Қазақстан Үкіметі халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдау үшін 600 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат жеңіл, тамақ, жиһаз өндірісіне, құрылыс материалдарын өңдеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады. Бүгінгі күні аймақ басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысы бойынша бағдарлама аясында аймаққа 20 млрд. теңге несие қаражатын тарту жоспарлануда. Аталмыш бағдарламаға аудан кәсіпкерлерінің де қызығушылықтары күн санап артып келеді.
– Қазіргі күнде бағдарлама аясында ауданда 26 жоба бойынша кәсіпкерлер 3 млрд. 198 млн. теңге көлемінде несие алуға ынта білдіруде. Өңдеу өнеркәсібіндегі құрылыс материалдарын өндіруге 7 жоба қарастырылып, 1 млрд. 342 млн. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бағыты бойынша 15 жоба жинақталып, жалпы құны 1 млрд. 586 млн. теңге, ал қызмет көрсету және туризм саласы бойынша 270 млн. теңгенің келісімдері жүргізілуде. Аудан әкімдігімен жүргізілген ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде аудан бойынша кәсіпкерлердің белсенділігі артуда. Мысалы, киім сатумен айналысатын кәсіпкер киім тігумен, мал сою пунктісі бар кәсіпкер мал бордақылаумен, мал асырайтын кәсіпкер етті қайта өндеумен айналысуға ынталы, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов.
Бағдарлама қабылданғаннан бері Шиеліде жобалық құны 890 млн. теңгені құрайтын 4 жоба банктің қарауына жолданса, 12 жобаның құжаттары әзірленуде. Осылайша, ұйымдастырылып жатқан жұмыстар арта түсетін болса, елімізде жұмыс орындарын көптеп қалыптастыратын «Қарапайым заттар экономикасы» таяу жылдары аталған тауарлардың импорттық үлесін 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «қарапайым заттар экономикасын дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру басты бағыт пен ауқымды міндет» деген болатын.
Қазіргі таңда Қазақстан өндірістік тауарлардың, яғни, киім-кешектің, құрылысқа қажетті материалдардың, түрлі жиһаздардың 82 процентін, азық-түлік өнімдерінің 23 пайызын шет мемлекеттерден сатып алады. Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ден қойып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сол арқылы импорттың үлесін азайтуға маңыз беріп отыр.
Ж.Қауғанбаева.