Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайым заттар экономикасы: әлеуетті арттырды

Қарапайым заттар экономикасы: әлеуетті арттырды


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыруымыз керектігі жөнінде айтты. Халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше жұртты жаппай жұмыспен қамтып, тұрмысты жақсарту мәселесі оңтайлы шешімін таппақ емес.

«Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру дегеніміз бірінші кезекте сырттан келетін заттар санын азайтып, керісінше халық күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек секілді тұрмыстық заттарды өз елімізде өндіру. Яғни, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, тұрмысын жақсартуға жол ашу. Осыған орай бүгінде ауданда тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Үкіметі халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдау үшін 600 млрд. теңге бөлді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру екінші деңгейлі банк­терге отандық кәсіпорындарды қаржыландыру мақсатында еді. Атап айтқанда, бұл қаражат жеңіл тамақ, жиһаз өндірісіне, құрылыс материалдарын өңдеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады. Бағдарлама бойынша халық  күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған тауарлардың қатарында, кос­тюм, көйлек, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар. Бүгінгі күні, аймақ басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысы бойынша бағдарлама аясында 20 млрд теңге несие қаражатын тарту жоспарлануда. Аталмыш бағдарламаға аудан кәсіпкерлерінің қызығушылықтары күн санап артып келеді. Қазіргі күнде бағдарлама аясында 26 жоба бойынша кәсіпкерлер 3,1 млрд теңге көлемінде несие алуға ынта білдіруде. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне хабарласып, толық мәлімет алуға болады. Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылатын болғандықтан, қаржы алу үшін банкке өтінім беріп, бағалау мен бекіту үрдістерінен өту керек.
Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 пайызбен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 пайызбен өтейді. Бұл бағдарламаға жеңілдетілген несие ала алмай жүрген ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады. Осылайша, «Қарапайым заттар экономикасы» қалыптасса, таяу жылдары аталған тауарлардың импорттық үлесін 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «қарапайым заттар экономикасын дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық та­уарлармен толтыру басты бағыт пен ауқымды міндет» деген болатын. 
Ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін қолға алып,  яғни шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашудың тиімді екендігін  аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандары тілге тиек етті. Шынында, мал сою пунктісі бар кәсіпкер мал бордақылаумен, мал бағатын кәсіпкер ет өнімін қайта өңдеумен айналысуға ынталы. Ал бұл мақсатта «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мүмкіндікке жол ашады.
Елімізде кеңестік кезеңде жеңіл өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай жақсы дамыған болатын. Тоқырау жылдарында талан-таражға түсіп, айрылып қалдық. Бүгінде үкімет соңғы инновация­ларды қолданып, жоғары технологиялық тауарларды өндіретін индустрия құру мақсатында түрлі бағдарламаларды қолға алып, дамыту жолында жұмыстар атқаруда. Яғни, күнделікті тұтынатын тамақ, киім, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын өңдеп, өндіру арқылы сауда орындарындағы сөрелерде отандық өнімді толтырып, импортты азайтуға болады. Сондай-ақ, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң серпін береді. Бұл бағдарламаны жүзеге асырып, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмыла жұмыс істеу – әрбіріміздің парызымыз.
 
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
27 сәуір 2019 ж. 1 659 0