Баспасөз жиыны барысында аудан әкімі Шиелінің өзге де салаларды жеткен жетістіктеріне қысқаша түрде тоқталып өтуді жөн көрді. Оның айтуынша ағымдағы жылы ауданның өнеркәсіп орындары арқылы 51 млрд 632 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 165,2 пайызды құраған. Ал тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5363 субъектіні құрап, 102,8 процентке артса, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 93,3 процентті көрсеткен.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 377 адам біліп алып, оның 131-і мемлекеттік грантқа, 7 азамат несиеге ие болған.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да жоғары нәтижелер көрсетіп, аталған сала бойынша 32 млрд 404 млн. теңгенің өнімі өндіріліген. Оның ішінде 23 млрд. 782 млн. теңге егін шаруашылығының, 8 млрд 622 млн. теңге мал шаруашылығының үлесінде. 30 мың гектар жерге егілген егіннің 12 мың гектары күріш дақылына арналып, диқандардың өнімді еңбегінің арқасында Шиелі ауданы гектарына 55 центнерден 66 мың 214 тонна өнім жинаған. Тынымсыз еңбектің арқасында жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанған.
Құрылыс жұмыстарының қарқыны да жаман емес ауданда. Бұлай дейтін себебіміз биыл ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд 418 млн теңгені құраған. Қазірдің өзінде Шиелі кенті «Береке» шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй салу жұмыстарына 441 млн теңге қаржы қаралып, толық игеріліп, нысан пайдалануға берілген. Тағы бір айта кетерлігі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға 20 үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 168 млн теңге және облыстық бюджеттен 16,8 млн теңге қаржы бөлініп, отбасылар желтоқсан айының соңына дейін қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
Тағы бір қуантарлығы бүгінде аудан тұрғындарының 97 проценті таза ауыз суға қосылса, биыл Шеген Қодаманов, Керделі ауылдық округі көгілдір отынға қосылаған. Алдағы уақытта Ақмая, Алғабас, Еңбекші, Жиделіарық, Досбол Датқа, Бестам, Алмалы, Тәжібаев ауылдық округтері де осы тізімге қосылмақ. Сондай-ақ, жақсы жаңалықтардың қатарына жақын күндері пайдалануға берілетін, Жастар сарайы ғимаратын қосуға болады. Себебі жастардың басын біріктірен бұл орталықтың болашақта берері көп болады деген сенім бар.
Өскен өңір ақпарат