Сыр жағасындағы Сұлутөбеде су тапшы
Сейсенбі күні таң сәріден Сұлутөбе ауылдық округіне бағыт алдық. Күн құрық бойы көтерілмей-ақ күйіп тұрды. Шілде шығар уақыт болған соң, қызуын тіпті аяр емес. Қолға қалам мен қойын дәптерімізді ұстап алып, ауылдың ахуалын аңдамаққа аттанған болатынбыз.
Кезінде төрт түліктің қамын күйттеп, ырысын арттырған елдің бірі – Сұлутөбе ауылдық округі. Аудан орталығынан 75 шақырым жердегі Сұлутөбеге тақтайдай тегіс жолда жүйіткіген көлік бір сағатта жеткізеді. Округ орталығындағы жаңадан салынған немесе күрделі жөндеуден өткен еңселі үйлердің көптігіне қарап, бұл ауылдың тұрмысын да байқап үлгердік. Бірден көзге ұрғаны – орталық көшедегі сап түзеген жас ағаштар. Үйлердің әр түсті сәнді қақпалары да көшелердің ажарын ашып тұр. Оған ауыл ішіндегі асфальтталған жолдарды қосыңыз. Төрт түлігін қатар түлеткен халқы малдан нәпақа тауып отыр. Ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Үсен Оразбеков бізді күтіп алып, елді мекенмен толық таныстырды. 100 жылдан астам тарихы бар ауылдың негізі теміржолмен қатар өріліп жатыр. «Орынбор-Ташкент» теміржолының тартылуына байланысты 1904 жылы Сұлутөбе станциясы салынған. Ол жолдың шығысындағы «Сұлутөбе» деген биік құмның атымен аталған. Бертін келе ел тәуелсіздік алғалы Сұлутөбе де өзге өңір секілді өсіп-өркендеді. Жер көлемі 653891 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда, округте 599 отбасы тұрады.
Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаның игілігін молынан көрген ауылда түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылыпты. Кәсіпкер боламын деушілер қатары да артқан екен. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 4 азамат оқып, тиісті сертификат алған.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша Сұлутөбе ауылының Қызылорда Өңірлік Инвистиция Орталығынан кәсібін дамыту үшін 4 азамат шағын несие алса, 8 азамат қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. Жалпы соммасы 68 млн 240 мың теңге негізінде қаржыландырылған. Тұрғындармен кездесу барысында бұл ауылдағы ескі мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өнер мектебіне берсе деген ауыл ұсыныста айтылып қалды.
– Ауылдық округте оң өзгерістер көп. Биыл округ бойынша 8 көшеге асфальт төселіп, 3 көшеге жарық шамдарын орнатып, спорт алаңы салынбақ. Мұнда балаларға арналған 3 ойын алаңы салынады. Бұл алаң үлкендер мен балалардың уақытты тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болмақ. Ал, алдағы мақсат – ауылда мал шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын қолжетімді бағамен ет, сүт, май, тағы басқа мал өнімдерімен қамтамасыз ету.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтардың несие алуына ықпал жасап, кәсіпкерлік салаға жастарды мейлінше көбірек тарту. Осының нәтижесінде азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдағы жұмыссыздық көрсеткішін төмендету. Себебі жұмыссыздар саны азайып, ел кәсіпке ден қойса, халықтың әл-ауқаты жақсарып, ауыл одан әрі дами бермек, – дейді ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Үсен Оразбеков.
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіп ашып, нәсібін көріп отырған жандар көбеюде. Мәселен, үш мыңнан астам халқы бар Сұлутөбе ауылында кәсіпкерлік саласын дамытуға жағдай бар. Күре жолдың бойында орналасқан ауылдың азаматтары жеке кәсіп ашып, тұрғындарға ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған Ақзине Сәпиқызының еңбегін елемей кетуге болмас. Осы ауылдан өсіп-өнген Ақзине ауылға наубайхананың ауадай қажет екенін ескеріп, бірден нан пісіретін арнайы пештер сатып алады. Қолында бар қаражатпен наубайхана салып, кәсіп ашады.
– Бастапқыда кәсіп ашу мен үшін қиын шаруа секілді болды. Оны ашқанмен, халықтың сенімінен шығу тағы бар. Іске кірісерде осындай ойлар мені қатты толғандырды, қобалжығаным да рас. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы шығар. Ауылға нан сырттан, яғни арғысы Қызылордадан, бергісі Шиеліден тасымалданатын. Сырттан сатуға әкелінген нан жаңа піскендей болмайды, – дейді Ақзейне.
Бір нанның салмағы – 600-700 грамм, бағасы – 95 теңге. Кейіпкеріміздің күнделікті дайындаған өніміне сұраныс көп. Ең бастысы, өнім тұтынушылардың көңілінен шығады. Тіпті, жергілікті жұрт жаңа піскен нанды алу үшін ұзын-сонар кезекте тұратынын да байқап қалдық.
Әлгінде мақаланың басында ауылдағы көшелердің бірқатары асфальттанғандығын жазған едік. Енді соған арнайы тоқтала кетсек. Сұлутөбе ауылындағы «Сұлутөбе» көшесі толықтай асьфалттанған. 1 Май елді мекенінде ұзындығы 510 метрлік жаяу жүргіншілер жолы мен осы ауылға «Мұстафа Шоқай» аллеясы мен «Мақсұтбек» саябағы салынғанын білдік. Сұлутөбе елді мекеніндегі Аманкелді Иманов, Сұлутөбе көшелері орташа жөндеуден өткен екен. Елді мекендегі Көксу каналына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Бұл ауылда орталықтанған су жүйесі барлық үйлерге тартылып кіргізілген. Сондай-ақ, елді мекенде мал ұрлықтың алдын алу және жол көлік қозғалысын бақылау мақсатында 2 жерге бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Жаназар батыр елді мекеніндегі мәдениет ошағына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Балаларға арналған ойын алаңы салынған.
Ауыл әкімінің міндетін атқарушының ақпараты, көрсеткен цифры көңілден шыққанымен қоғамдық кеңес төрағасы тарапынан білдірілген пікір басақалай болды. Ауылдың қоғамдық кеңесінің төрағасы Достияр Сейтжаппаровтың айтуынша, ауылда шешімін күткен өзекті мәселе шаш етектен. Басты мәселе – ауылішілік көшелердің жайы. Халық бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқандығын жеткізді. Күрделі жөндеуді қажет ететін көшелерге көктем қыс мезгілдерінде белуардан саз кешіп, аяқ алып жүре алмайымыз, – дейді Д.Сейтжаппаров.
– Ауыл атқамінерлері осы жылдың көктемінде 8 бірдей көшені тақтайдай тегістеп береміз деп уәде еткен. Бірақ қолға алған жұмыс мардымсыз. «Сулы жер – нулы жер» деп қазақ атам бекер айтпаған. Аяқсудан жылда тапшылық көреміз. Жергілікті халыққа су жетпей-ақ қойды. Арық атыздың табаны қурап жатса, халық қайтып егін егеді, суғарылған шабындығы жоқ болса, қалай мал ұстайды. Сол себепті, ауыл ішіндегі каналдарды қоғалардан тазартып, жұмыстар жасалса дейміз. Біздегі орталық көшелердің екеуіне жарық шамдарын орнатқан. Қалған көшелер жарықсыз. Ауылымыз қараңғыда қармалып қалды. Әсіресе, мектептен кеш шығатын оқушылар үшін қиындық тудыруда. Келесі мәселе, жастардың ауылда тұрақтануына қолайлы жағдай әлі жасалған жоқ. Тіпті, ауыл спорты да тұншығып тұр. Жаттығу алаңдары салынса деген жастардың ұсынысы бар. Сосын интернет желісі дұрыс тартпайды. Онлайн оқу барысында оқушылар мен студенттердің қиналғаны рас. Осы мәселер шешілсе, ауылымыздың да жағдайы жақсарып, халықтың да көңілі жайланып қалар еді. Осы ұсынысымызды жергілікті әкім назарға алып, жұмысын жүйелі жүргізеді деп сенемін, – деді қауымдастық мүшесі.
Түс ауа ауыл тұрғындарымен тілдесу үшін орталық көше бойына шықтық. Сондағымыз жергілікті жұртшылықтың уәжіне құлақ түру. Округтегі түрлі жайттарды сұрап, қандай түйткілдің түйіні тарқатылмай тұрғанын білу. Осы мақсатта көліктің тізгінін Бірінші май ауылына бұрдық. Қазақы ауылдың қаймағы бұзылмаған көрнісі көз тартады. Тіпті, жолдың екі жиегі жасыл желекке бөленіп тұр. Алайда, шағын ауылдың ішкі көшелерінде асфальттың жоқтығы мен жаяу жүргіншілер жолының салынбағандығы көңілге қаяу салып қойды. Шағын ауылдағы негізгі кәсіп көзі мал шаруашылығы. Ауыл тұрғындары бар ырыс-несібесін төрт түліктен табады. Сондықтан ауылда мал басын көбейтіп, ата-кәсіпті үзбей келе жатқандар ғана қоныстанып отыр. Мән жайды тереңінен білмекке осы ауылдағы қауымдастықтың мүшесі Перизат Ізіммен тілдескен едік.
– Ауызсу әрбір бірінші майлықтың үйінде сарқырап ағып тұр. Біздің ауыл тұрғындарының өзекті мәселесі аяқ су. Биылғы жыл мүлдем сусыз қалып отырмыз. Бұл жақта дәстүрлі емес шаруашылықпен ешкім айналыспайды. Тиімсіз. Егін, бау- бақша салмайды. Себебі, маңайда су жоқ. Ауылға кіреберіс көшенің асфальт жабындысы толық төселмеген. Жол жартылай бітпей қалғандай әсер қалдырады. «Жасыл өлке» көшесінің жартысына ғана асфальт төселген, жолдың қалған бөлігі қашан жөнделерлі белгісіз. Құдды бір жыртық жамау шүберек іспеттес. Одан соң, «Бәйтерек», «Жаңа құрылыс» көшелері кедір-бұдыр, жаяу жүргіншілер түгілі бұл көшемен көлік жүргісі келмейді. Сондай-ақ, іргемізде «Құм ауыл» деген жер бар. Ол жақта небәрі 10 шақты үй бар. Сонда да түтіні түзу шығып, беркенің иісі аңқып тұрады. Осы ауылдың жолымен балалар мектепке қатынайды. Ал, көше түнде тас қараңғы, жазда бірдеңесі болар, бірақ қыста оқушыларға өте қиын. Себебі, бұл көшеде қыс болса бітті шағалдар қаптап, жабайы иттер өріп жүреді. Тас түнекте балалардың сабақтан қайтуы мұң. Көшелерде жарық жоқ. Балалар үйіне жеткенше қатты алаңдаймыз. Әкімдікке осы мәселені тез арада шешіп берсе екен деген ұсыныс айтқым келеді. Жағдайы жоқ жерде ешкімнің де қалғысы келмейді. Жастардың дені қалаға кетіп қалды. Ауыл әкімі жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін орындап, жағдайын назардан тыс қалдырмаса деген ойымыз бар. Сондай-ақ, ауылдағы мәселелерді ақылдасу үшін ардагерлерге жиі жүгінемсіз. Бірақ, бас қосар, айта барар ардагерлер үйінің жоқтығынан ақсақалдарды әр жерге бір шақырып, шаршатып жүрміз. Биыл қазақ елі спорт саласының сапасына тағы бір көз жеткізді. Сондықтан, спортқа ден қою басты мәселердің бірі болып тұр. Яғни, ол үшін ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырып, спорт кешендерінің бой көтеруіне басымдық берсек. Сонда ауылдың қара домалақтары әлемдік бәсекелерде көк туымызды көкке желбіретер еді, – дейді П.Ізім.
Тұрғындар округ аумағындағы Бозарық және Жаңасұлутөбе каналыдарына судың келу қиындығын айтты.
Жаңасұлутөбе каналы 2017 жылы қазылған. Негізі бұл канал 2 жылда бір рет тазартылып тұратын. Тасшоқы көшесі биыл асфальттанған. 1 шақырым 300 метр болатын бұл көшеге түнгі жарық шамдары керек, – дейді Жаназар батыр ауылындағы жергілікті қауымдастық төрағасы Қамаш Кенжебаев.
Жалпы Сұлутөбе ауылдық округінде аяқ су мәселесі күйіп тұр. Бірнеше жылдан бері тұрғындар округке қарасты үш елді-мекенді аяқ сумен қамту мәселесінде түйіні тарқатылмайтындай түйіткілге тап келе береді. Талас-тартыста кейде осы аяқсу мәселесі төңірегінде өрбіп жататындығын айтпасақ сөздің атасы өлетіндей. Жаңадан канал қазу мәселесі де көтеріліп, ол қолдау тауып, қаржысы облыстық бюджетке ұсынылып қойғандығын да естідік. Елдің ендігі үміті сол каналда. Аяқ су тоқтаусыз, іркіліксіз келсе, елді мекендердің тіршілігі жанданып сала берері сөзсіз. Сырдарияның жағасында отырған сұлутөбеліктердің судан тапшылық көруі шындығында шетін меселе емес пе?
Шапағат Тілеубаев