Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәзира «Әліппе» жазу дәптерінің авторы

Жәзира «Әліппе» жазу дәптерінің авторы


Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артуы бекер емес. Дуалы ауыз сарапшылардың пікірінше, ХІХ ғасырға дейін мемлекет негізі қара күшке тәуелді болса, ХХ ғасырда ақша үстемдік құрған, ал ХХІ ғасыр білім мен интеллект ғасыры болмақ. Яғни, біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекетіміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын интеллектуалды адам капиталы айқындайды.
Ел Президенті Қ.Тоқаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасау­ды өз саясатының негізгі мәні деп санады. Жастар – қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады және оларды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда екені белгілі. Мемлекет те тиісінше бағдарламалар енгізіп, оны қолдануда жастарға үлкен мүмкіндік берді. Себебі, білімді жастың артында білікті, кәсіби маман тұрғаны белгілі.
Жас демекші, жас та болса білім биігіне шығып жүрген Жәзира Жұмабаева Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тумасы. 1992 жылдың 29 қыркүйегінде дүние есігін ашқан. Бала Жәзира кішкентайынан жазу-сызуға құмартып, әріпті мектепке бармай тұрып тани бас­тайды. Анасы Гүлнар қызының қарым-қабілетін байқап, оның білімге деген ынтасын арттыра түседі. Осылайша, 1998 жылы №207 Жаңатұрмыс негізгі мектебінің табалдырығын аттап, 2009 жылы білім ошағының үздігі атанып, қызыл атес­татпен бітіреді. Үлкен өмірге қанат қаққан Ж.Аманжолқызы 2009-2020 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша бакалавр, магистратура және докторантура бағдаралмасы бойынша білім алып, оқу орнында да үздіктер қатарынан көрінеді. Тіпті, жақында шілденің 2-сінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Пәндік мамандандырылмаған педагогтерді даярлау» бағыты бойынша философия докторы (PhD), дәрежесін алуға ұсынылған «Бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғы да оқыту» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығып, философия докторы (PhD) дәрежесін иеленді.
Адамзат баласының даму тарихы тамырымен тереңге бойлап кете бермек. Сонау тас дәуірінен бергідегі сақтарға дейін, одан қалса айбыны асқар, тәуелсіз, егемен ел Қазақстанның бүгінгі күнінде де адамзат баласының баршасына ортақ бір қабілет, бір сезім бар. Ол – білімге құштарлық, бір нәрсені білуді, тануды қалау сезімі. Қай заманда, қай дәуірде болсын адам білім іздейді, ізденіске талпынады. Дәл осындай талпыныстың жемісі, Жәзираның білімге деген құштарлығы еңбек жолындағы үлкен жетістіктердің баспалдағына айналды десек те болады.
Жәзира Аманжолқызы еңбек жолын 2015-2016 жылдары Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық инс­титутында «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасында оқытушы қызметімен бастайды. Одан әрі 2016-2018 жылдары Назарбаев зияткерлік мектебінде дербес білім беру ұйымы «Білім беру бағдарламалары» орталығында «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» бөлімінің менеджері қызметін абыройлы атқарады. Аз жылдар ішінде өз саласының тәжірибелі маманына айналған Жәзира бұл күндері Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Бас­тауыш білім беру бағдарламалары» бөлімінде аға оқытушы.
Жанарынан ұшқын, санасынан сан түрлі идея төгіліп тұрған Жәзираның 2016 жылы Білім және ғылым министрлігі ұсынған 1-сынып оқушыларына арналған «Сауат ашу» жазу дәптерінің авторы екенін бірі білсе бірі білмес. Шиелілік жас шынар «Атамұра» баспасынан басылып шыққан «Сауат ашу» жазу дәптерлерінің ғана авторы емес. Бұл күндері біздің мақтанышымызға айналған Жәзира 2021-2022 оқу жылында оқушылармен қайта қауышатын әліппенің 1 сынып мұғалімдеріне арналған «Әліппе. Оқыту әдістемесі» және 1 сынып оқушыларына арналған «Әліппе» жазу дәптерін шығаруда авторлық қолтаңбасын қалдырған. Тәуелсіз елдің 30 жылында атқарылған толағай істер секілді, 29 жасында білім саласының сапасын арттыруға белсенділік танытып жүрген шиелілік бойжеткеннің талабына нұр жаусын деген тілеулес көңіліміз тағы бар.
Иә, жаппай жаһандану дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартуда. Ғылыми-техникалық жетістіктердің жылдам қарқынмен дамуы қоғамдық сананы өзгертті, жаңа құндылықтар пайда болуда. Білім мен ғылымның қоғаммен байланысы мүлде жаңа арнаға ауысты. Міне, сондықтан ақпарат тасқынына шайылып кетпей, бәсекелестік бәйгесіне ілесу үшін интеллектуалды әлеуетті арттырудың маңызы зор. Ал, ол үшін білімді де білікті жастарды қолдау қажет.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
27 тамыз 2021 ж. 473 0