Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ, ҮКІЛІ ҮМІТІ

ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ, ҮКІЛІ ҮМІТІ

Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белес­терге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді.
Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Осындай ұстанымды ту еткен Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өткен жылды жастар жылы деп те атаған болатын. Соның аясында жастарға ерекше көңіл бөлініп, бірқатар әлеуметтік қолдау жасалды. Білімге, өнерге, спортқа, кәсіпкерлікке ұмтылған жалынды жас­тарды қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты.
Жастар жылы аяқталғанымен, жас ұрпақты қолдау үздіксіз жалғаса бермек. Биылғы жылдың еріктілерге арналуы да жастардың елі үшін белсенді қызмет етіп, халқына қамқорлық танытуға мол мүмкіндік берді. Әсіресе, әлемді індет дендеген алмағайып кезеңде ерікті жастардың еткен еңбегі өлшеусіз. Тұрғындарға тегін бетперде таратудан бастап, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізу, азық-түлік тарату, ауруханадағы науқастарға қажетін жеткізіп беру, халыққа түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алды. Қажет кезінде рейдке де шығып, мемлекеттік қызметкерлерге қол ұшын созып жүрген де – ерікті жастар.
Ауданда жастар ресурстық орталығының бастамасымен жыл басынан бері әртүрлі санаттағы жастарға бағытталған 76 шара ұйымдастырылды. Оған 4 мыңға жуық жас атсалысып, белсенділік танытқан. Еріктілер жылында өткен шараның басым бөлігі қайырымдылық пен тазалыққа бағытталса, денсаулықты сақтауға арналған, рухани-танымдық, мәдени шаралар да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ орталықта бүгінге дейін 238 жасқа жұмыссыздық мәселесі, кәсіпкерлігін дамытуға, дипломмен ауылға бағдарламасы, еріктілік жұмыс туралы кеңес беріліп, жол көрсетілген.
Осылайша жастар ресурстық орталығында ақпараттық жұмысты, құқықтық және психологиялық көмек көрсетуді, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді, бос уақытты сапалы ұйымдастыруды көздейтін әлеуметтік маңызды жобалар әзірленіп, іске асуда.
Жыл сайын елімізде 12 тамызда жастар күні тойланады. Биыл да солай. Тек карантиннің кесірінен халықты жинап, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмаса да жоспарға сәйкес өз дәрежесінде тойланбақ. Мәселен мереке күні ауданның ерікті жастары «Жылы жүрек – жомарт жас» атты акция аясында ауруханада ем алушыларға гуманитарлық көмек көрсетеді. Абайдың 175 жылдығына арналған онлайн өлең байқауының да қорытындысы дәл осы күні шығып, жеңімпаздар марапатталады. Сондай-ақ, кешкілік инстаграм, фейсбук желілерінде жастар күніне арналған гала концерт көрермендерге жол тартпақ.
Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аябақ емес.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
12 тамыз 2020 ж. 3 837 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930