Мол үміт, кемел болашақ күтеміз
Елбасы Жолдауларында жас ұрпақты білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің жолдары көрсетіледі. Елімізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жас мамандар шетелдерден білім алып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуда. Қазір де жүздеген жас шетелдерде білім алып жатыр. Оған қоса ағымдағы жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Бұл жыл аясында жастардың еңбек нарығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына барынша жағдай жасалмақ. Осы қадамдардың барлығы да олардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жастар жылында оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, білімді, ғылыми гранттарды дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және жас отбасыларды қолдауға басымдық беріледі. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлерге қосымша грант бөлу, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барған мамандарға біржолғы жәрдемақы мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін мамандықтардың тізімін кеңейту, басқа да тың жобалар іске асырылады. Жастар жылынан бастау алған жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары кейінгі жылдары да жалғаса беруі тиіс.
Елімізде жастар саны 4,3 млн. адамды құрайды. Яғни халқымыздың 23,8 пайызы жастар деген сөз. Еліміздегі тарихи өзгерістер осы жастарға өз тағдырын өздері шешуіне, жас мемлекеттің іргетасын қалап, оны өркендетуге үлес қосып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Бүгін әр жас қазақстандықтың алдында мына жаңа қоғамнан өз орнымды таптым ба, ұлы Абай айтқандай, бір кірпіш болып қаландым ба деген заңды сұрақ тұр. Мен сияқты жас мамандарға айтарым, әр адам өз ісінің маманы болуы керек. Олай болса, жастар жылында барша замандастарымды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдің өркендеуі мен дамуы жолында аянбай жұмыс істеуге шақырамын. Барлық жігер, қайрат, елдің болашағы тек жастардың қолында. Елбасының халыққа Жолдауында: «Ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр», – деген сөзінде жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын етуге жұмыс істейік.
Азиза Мамышева,
Болашақ «АЕ» дәрігері