Туған жерден жүрсе-дағы жырақтап...
Алыстағы Алатаудың баурайында тұрып, туған жері Шиелімен қатынасын үзбеген жанның бірі – «Өскен өңір» газетінің тұрақты авторы, қарымды қаламгер, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сәрсенбек Бекмұратұлы жергілікті газетке жиі-жиі мақала жазып, өңірдің өткені мен болашағы жайлы толғамды туындыларын жолдаудан жаңылған емес. Бір кездері өзі қызмет еткен газет арқылы аудандағы түрлі салада толымды еңбек еткен ардагерлер жайлы, олардың туған жерге еткен еселі еңбектері туралы болашақ ұрпаққа мәнді, мағаналы тарихи-танымдық материалдар, туындылар, шығармалар жазып, ел есінен ұмытыла бастаған есімдерді халық жадында қайта жаңғыртудан жаңылмаған журналистің еңбегі шындығында ерен. газеттің ресми сайты арқылы ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін бағып, оған өзінің бағасын беріп, соған сай қаламына қуат беріп, туған жерімен бірге жасасып келе жатқан ардагер жорналшы жайлы біз де қалам тербегенді жөн көрдік.
Сәрсенбек Бекмұратұлы сұлу Сырдың төрінде, ақ күріштің отаны Шиелі деген өңірде, қарт Қаратау таусылған тұстағы атақты Бестам жерінде, Шәулемше жотасының етегінде – «Еңбекшi» мекенiнде 1949 жылы 22 маусымда дүниеге келген. 1956 жылы «Еңбекшi» сегіз жылдық мектебінің бірінші сыныбына барып, оны бiтiргесiн аудан орталығындағы №45 қазақ орта, Ломоносов атындағы және «Авангард» орта мектептерінде оқып, кәмелеттік аттестатты соңғы оқу орнынан алған. 1967 жылдың 1 қыркүйегiнен Шиелi аудандық «Өскен өңiр» газетiне корректорлық жұмысқа қабылданады. 1968-1970 жылдары ҚСРО Қарулы күштері қатарына алынып, Мәскеу әскери округінде азаматтық борышын өтейді. 1971 жылы «Өскен өңір» газетінде қызметін одан әрi жалғастырады.
Жұмыстан қол үзбей жүрiп, 1971 жылы C.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетi (қазiргi әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) сырттай оқыту бөлiмiнiң журналистика факультетiне түсіп, 1977 жылы бiтiрiп шығады.
«Өскен өңiрде» корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерiн атқарып, 1984 жылдың 14 желтоқсанына дейiн еңбек етеді. 1984 жылдың 15 желтоқсанынан 1979 жылдың мамыр айына дейін Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнде жауапты хатшының орынбасары, аға тiлшi, меншiктi тiлшi, 1979-2002 жылдары Қазақ радиосының Саяси хабарлар бас редакциясында комментатор, Шет елдерге хабар тарататын бас редакциясы мен Әдебиет, мәдениет және өнер бас редакциясында және «Шалқар» ұлттық бағдарламасында редакция меңгерушiсi, шеф редактор қызметтерiн атқарады.
1999-2005 жылдар аралығында халықаралық «Түркі әлемі» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, 2005 -2007 жылдары республикалық «Жұрағат» журналының бас редакторы болып еңбек етті.
Сәрсенбек Бекмұратұлы – танымал ақын. Журналистикадан қолы қалт еткен кездерде жас кезінен жаны сүйетін машығы – өлең жазумен айналысуды мызғымас әдетке айналдырған. Поэзия жолындағы талпыныс-ізденісі нәтижесінде республикалық «Жалын» баспасынан 1978, 1982 және 1985 жылдары жарық көрген жас ақындардың «Балауса», «Дария жыры», «Қарлығаш» топтама жыр жинақтарына өлеңдерi енді.
1991 жылы тұңғыш жыр жинағы «Жан жұпары» «Жалын» баспасынан, 2001 жылы «Мұхаммедтiң мөрi» жыр кітабы «Айкос» баспасынан, 2012 жылы «Мизам шуақ» деп аталатын таңдамалы жыр жинағы «Аrnа» баспасынан, 2016 жылы «Айтқыштар» әзіл-сықақ кітабы «Ұшпақ» баспасынан, ал 2017 жылы «Сүмбіле жұлдыз туғанда» деген жыр жинағы «Баспа» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді.
Бекмұратұлы журналистік жазбаларын да назарынан тыс қалдырмады. Ең тәуірлерін іріктеп, баспаларға ұсынып отырды. 1986 жылы республикалық «Қайнар» баспасынан «Малды ауылдың өрендерi» деген деректi повесi жарық көрді. Деректі прозасы екi кiтапқа топтастырылып, «Ел перзенттерi» деген атпен 2005 және 2006 жылдары басылып шықты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Ыбырай Жақаев», «Михаил Шолохов» (алтын) медальдарының және «Қазақстанның Құрметтi журналисi» төсбелгісінің иегері. Өзі туып-өскен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
1972 жылы Қазақстан жас ақын-жазушыларының Шымкент қаласында өткен республикалық тұңғыш фестивалінің жүлдегері – Сыр бойынан қатысқан 3 қаламгердің (Асқар Тоқмағамбетов, Қази Данабай, Сәрсенбек Бекмұратұлы) бірі. «Балғын» атты поэмасы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеті тағайындаған жыр бәйгесінің үшінші жүлдесін жеңіп алды (1975 ж.).
«Астана – 20» медалімен және Қазақстан Журналистер одағының Құрмет Дипломымен марапатталған.
«Мұқағали» энциклопедиясын (2016 ж.) әзірлеуге белсене атсалысып, ақиық ақынның 20-дан астам өлеңін әдеби талдап, пікір-лебіз жазды. Энциклопедия авторларының бірі, редакция алқасының мүшесі.
2007–2021 жылдар аралығында Алматы қаласының бас басылымы – «Алматы Ақшамы» газетiнде бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 1967 жылдан күні бүгінге дейін тұңғыш кәсіби қызмет орыны, қаламын ұштап, қанатын қатайтқан алтын ұясы – «Өскен өңірден» қол үзбей, тұрақты авторы болып келеді.
Қазір жеке шығармашылық жұмыспен айналысуда. Осы орайда, қаламгер інісі Е.Шәдібековтың «Жетпісім желіп шыққан белес екен» атты кітабындағы Сәрсекең жайлы жазылған бір үзік сырды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
15 ЖАСЫНДА КЛУБ САЛДЫРҒАН СӘРСЕНБЕК
Біз есімізді білгенде ауылдағы осы күнгі мешіт тұрған жерден күнбатысқа қарай созылып жатқан мектеп үйі болатын. Оның кіре беріс дәлізін ауыл тұрғындары кинозал есебінде пайдаланатын. Майдангер Ермахан ағамыз мектептің қарауылы болатын, күнде кинода бізбен болып, «ертең менің қалай соғысқанымды көрсетеді, келіңдер» дейтін. Бала көңіл күнде Ермаханның қалай соғысқанын көреміз деп кешке әке-шешемізден азын-аулақ тиын-тебен сұрап алып, кино көруге келетінбіз. Ол кезде соғыстың ізі суи қоймаған, күнде соғыс туралы кино көретінбіз. Бірақ, Ермахан туралы кино көрмей-ақ жаңа мектеп соғылып, ескі мектеп құлауға айналғасын бұзылып кетті. Енді ауыл жастары кино көретін, бас қосатын жер іздей бастады. Тіпті, жастар өз бетінше бастама көтеріп, Рахмет молданың үйінің жанындағы кебірден клуб салуға әрекет жасап, кесек құйды. Бірақ, сол жылы ештеңе істей алмай, құйған кесектері келесі жылға дейін езіліп кетті. Жастардың өз бетінше әрекеттерін көріп сүйсініп жүрген бала Сәрсенбек бұл істен нәтиже болмайтынын түсініп, аудандық «Өскен өңір» газетіне «Мүмкіндік бар, құнт жоқ» деген мақала жазады. Ол газетке шығады. Сәрсенбектің сол мақаласы үшін алғашқы қаламақысын ауылдағы пошташы Құралбек ағасының қолынан қалай алғанын әлі күнге (арада жарты ғасыр өтсе де) ұмытпаған құрдасы Оралсейт қажы былай еске алады: «Мен, Сәрсенбек, Сейдомар, Ыдырыс төртеуміз дүкеннің маңайында доп қуып, ойнап жүр едік, пошташы Құралбек келіп: «Әй, тілші бала, саған мақалаң үшін ақша келіп тұр. Соны ал!» деп Сәрсенбекке бір қағазға қолын қойғызып, ақша беріп кетті. Сәрсенбектің қуанышында шек жоқ, жүрегі жарыла жаздап, қасындағы үшеумізді ертіп барып дүкеннен пірәндік (пряник) алып жегізді. Ұмытпасам, 1 сом, 40 тиын болатын...».
Газетке мақала шыққанмен нәтиже болмайды. Ештеңеден беті қайтпаған ақын жүрек, балаң жүрек қайтпай, облыстық газетке жазады. Арада тағы бір жылдай уақыт өтеді. Ойға алған арманын орындамай қоймайтын ақын жүрек 1966 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жолдайды. Ол мақала «Редакцияға хат» айдарымен жарық көреді. Сәрсенбектің бұл мақаласы аудандық партия комитетінің бюросында арнайы қаралып, «Коммунизм» колхозының «Еңбекші» бөлімшесінде клуб соғуға шешім қабылданып, клубтың құрылысы басталады. Құрылысты аудандық колхозаралық құрылыс мекемесі жүргізеді. Құрылыс мекемесінің бастығы Ботабаев, колхоз бастығы Р.Нұрекеев құрылыстың жанынан өтіп бара жатқан Сәрсенбекті көріп қалып: «Әй, тілші бала, клубыңды жақында бітіреміз. Құрылысы аяқталғанда өзің келіп қабылдап ал. Әйтпесе, сен бізді енді «Правдаға» жазарсың дейді. Осылайша бала Сәрсенбектің бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білген таудай талабының арқасында «Еңбекшіге» еңселі клуб үйі салынған еді. Сол клуб үйі әлі халыққа қызмет етіп келеді. Кеңес үкіметінің кезінде ауылдық кеңес, учаскелік инспектор, кітапхана бәріне қызмет жасады. Егемендік алған жылдардан бастап күні бүгінге дейін ауыл әкімдігінің қызмет үйі.
Сәрсенбектің халқына, еліне жасаған бала кезіндегі қызметі кейінгі жастарға үлгі болып, жастардың бойында өзінің еліне, туған жеріне деген патриоттық сезім қалыптаса ма деген ойдамыз. Сәрсенбек Алматыда тұрғанмен жүрегі халқымен бірге. «Еңбекшісін», туған жерін, елін, туыстарын аңсайды, аңсаған кезде сағынышқа толы, адам жүрегінің нәзік қылын шертетін өлеңдер, естеліктер жазады. Сәрсенбектің туған жеріне сағынышын білдіретін өлең жолдарының бір-екі шумағын келтірсек артық емес шығар.
О туған жер!Жүрсем дағы жырақтап,
Қажет кезде жетіп барам бір аттап.
Саған деген махаббатым мәңгілік,
Көңілімде қалған менің тұрақтап...»
Нұрболат ПІРІМБЕТ