ҚОЛБАСШЫНЫҢ ҚОЛЫНАН АЛҒЫС АЛҒАН
Жақсылықтың нышанын байқаса, балаша қуанатын, жамандықты сезсе, мазасы қашатын «мылтықсыз майданның» бір жауынгерін жақсы білемін. Ол – Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы. Еңбек жолын өзінің сүйікті газеті «Өскен өңірден» бастап, бір орында 20 жыл қызмет еткен, қанаты қатайған соң, Алматыға аттанып, бірқатар республикалық ақпарат құралдарында абыроймен тер төккен, қаламы қарымды ағамыз 70 жастың желкенін керіп, мен мұндалап тұр. Әлі қаламын бекемдеп, қайтсем халқыма қалтқысыз қызмет етем деп желпініп отыр. ол бүгінде Елімізге танымал, беделді басылым – «Алматы Ақшамы» газетінің белді қызметкері.
Бірде жинақталып қалған қағаздарын ақтарып отырған Сәкеңнің үстелі үстінде қатырма қағазға ұқыппен желімделген, сарғылтталған әскери газет қиындыларын көзім шалды. Өзі сол сарғайған қиындыларға қарап, тепсе темір үзетін шағын есіне түсіріп отырғандай. Сегіз жылға жуық әскери журналист болған мені мына жайт қызықтырғаны да рас.
– Е, әскерде жүргенде әскери газетке жазғандарым ғой, – деді жай ғана ол. Сосын «Ленин» орденді Мәскеу әскери округінің органы — Красный войн газетінің біраз қиындыларын көрсетті. Әскери қызмет атқарған екі жыл бойына (1968-1970 жылдар) әскери газеттен қол үзбей, жауынгерлік өмірдің жаңалығын жиі жазып тұрыпты. Оқу-жаттығуларда отты қарумен нысананы дәл көздеп ататыны тәрізді, жауынгерлік қызмет жайын да отты қаламымен жазған. Тіпті сол әскердің өзекті мәселелерін де қозғады. Әрине, сынды кім жылы қабылдасын, әскери бөлімдегілер алғаш қырын келгенімен, соңында өздері сыннан қорытынды шығарып отырды. Өзі қызмет ететін әскери бөлімінің тұрмысы мен қаруластарының тыныс-тіршілігі күн сайын шығатын мәскеулік әскери газеттің бетінен түспейтін.
Бір орысты емге іздеп таппайтын «Енбекшінің» еңбекшіл баласы орысша мақала жазуға кәдімгідей төселіп қалады. Жаңалықтарды шағын хабардан бастаған ол, жанрды да жаңалайды, қысқаша деректер суреттемеге, репортажға ұласты. Әскери газетке жауынгерлердің кез келгені қалам сілтей бермейтін. Талабың болғанымен, тақырыбыңды тауып, оны жүйелеп, қағазға өрнектеп түсіру – өзінше өнер.
Басында орыс тіліне орашолақтығы, шалғайға жармасқаны бар. Алайда, табанды, ізденімпаз адамға алынбас қамал болмайды екен. Екінің бірінің қиындықтан мойын бұруға мұршасын келтірмейтін артқан салмағы ауыр армияда жүріп те Бекмұраттың баласы Сәрсенбек журналист боламын деген талабынан жаңылмады. Мұнысы, оның сарбаздық сапта сақадай сай қаруымен қатар, қаламының да қуатты болғанын аңдатқандай. Сөйтіп Мәскеу түбіндегі Можайск қалашығында қаруын да майлапты, сиясын да сайлапты.
Баспасөз мерекесі күніне орай (Кеңестік кезеңде баспасөз күні – 5 мамыр болатын) Мәскеу әскери округы әскерлерінің қолбасшысы, генерал полковник Е.Ивановский осы салада ерен еңбегімен ерекшеленген бір топ әскери журналистерге, жауынгер-тілшілерге, баспасөзге жазылуды ұйымдастырушыларға тапсырды. Оның мәтіні «Красный войн» газетінде «Баспасөз белсенділеріне – алғыс» («Пощрение активистов печати») деген атпен (1970 жыл, 7 мамыр) жарияланады. Әскери баспасөздегі белсенді жұмысы үшін марапатталған отыз адамның ортасында ефрейтор (үздік жауынгер) Сәрсенбек ағамыздың да есімі бар.
Анау-мынау емес, әскери округ қолбасшысынан алғыс алу, қатардағы жауынгер емес, жеке құрам басқарған талай командирге де бұйырмаған. Осыны жақсы түсінген әскери бөлім командирі Сәрсенбек Бекмұратұлына туған жеріне барып келуі үшін, он күн демалыс бергенін салтанатты сап түзеген жауынгерлер алдында баян етеді.
Үздік қызметімен қатар тілшілігімен де танылып үлгерген Сәрсекең Сыр бойындағы кіндік қаны тамған Шиеліге екінші мәрте сапар шекті. Екі жылғы жауынгерлік кызметте екі рет үйіне келіп кеткен жауынгер, сірә, сирек болар.
Әскерде әке-шешесін сағынбайтын кім бар? Оның үстіне анаға деген сағыныштың жөні бөлек.
Сырымды ақтарып,
Отырмын хат жазып.
Ұлың тұр күзетте,
Борышын атқарып.
Қамықпа, жан анам,
Ертең-ақ оралам.
Болсын тек тыныштық,
Ел аман, сен аман!
Асыл анасына деген сағынышын Сәрсенбек осылайша жеткізіпті. «Солдат сағынышы» деп аталатын бұл өлеңі сол уақытта Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жарияланады.
Қарулы күштер қатарында офицер боп қызмет атқарған мен үшін (запастағы капитанға) Сәкеңнің сарбаздық сапта бастан өткерген әңгімелерін тыңдау өте қызық. Сәкең сыр мінез, адамға әңгімесін ақтара айтады. Әскердегі бастан кешкендерін майын тамызып жеткізеді. Нағыз хикая деп соны айт.
Айнабай МӘДИ,
журналист