Өзі дара, сөзі дана
Адамзат өркениеті дамып, технологиялар адам сенгісіз дәрежеге дейін жетілгенімен, олардың адамның жан дүниесі мен мінез-құлқын зерттеуге келгенде қауқары жетпей, тек болжам ғана жасайтыны аян. Иә, мінез адам бойындағы ең жоғарғы қасиет. Сондықтан болар Алланың расулы болған Мұхаммед (с.ғ.с) «Мен үшін сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің» дейді. Көркем мінезді жанды кім жек көрсін. Кез келген жанның жан дүниесінің тұңғиығына болжам жасап, көңіліне тимейтін сөздерді сүзгіден өткізіп, қандай жан болсын тек жақсылық ойлап тұратын көркем мінезді жанды қоршаған қауымы сыйлап, дәрежесін көтеретінін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сондай жандардың бірі – Қалкөз Өтемұрат.
– Ало, Қалкөз аға, қалайсыз?
– О, қожаның жиені, жақсымыз, өздерің қалайсыздар?
– Шүкір Аллаға, біз үшін дұға жасап тұратын сіздер секілді қарияларымыз аман тұрса, бізді жау алады ма?!
Иә, үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сәлемдесетін Қалкөз Өтемұратты танығаныма біраз жылдардың жүзі болды. Жүзінен имандылықтың нұры төгіліп жүретін Қалкөз ағаның әр сөзі тұнған тәрбие, жастарға өнеге. 1953 жылы дүние есігін ашқан ол Ортақшыл ауылының тумасы. Заманында телефон түгілі теледидардың болмағанын ауыл қарияларының әңгімесінен қанығып өскен ол «Олар тұнған тарих, тірі жүрген шежіре еді. Күн ұясына батса май шамның айналасына жиналып, батырлар жырын, мың бір түнді, діни сауаты барлар Алла елшісінің өмірбаянын тебірене айтатын еді» деп еске алады сөз арасында. Ауылда ат қуып, ағайынның арасында еркін өскен ол мектеп бітіріп, құрдастарымен бірге әскер қатарында болады. Бойында жастықтың жалыны қайнап тұрған оның арманы сан алуан еді. Сол жылдары тұрғындардың негізгі күн көрісі мал болғандықтан, аталмыш саланы зерттеп, дамытуды көздейді. Қалықтаған арманына қанат бітірген Қалкөз 1978 жылы Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумын «Зоотехник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бірақ, осы оқуды бітіретін жылдары түн ұйқысы бұзылып, жаны тыныштық таппайды. «Намаз оқы» деп түсінде еститін белгісіз дауыс түн ортасында жиі оятып тұрады. Осылай күндердің артын күн жалғап, аяғы ұйып, тынысы тарылатын ауру кенедей жабысады. Жөлектегі аурухананың төсегіне таңылған жігіттің түсіне тағы бейтаныс жан еніп, «Балам, сен бұл жерден шық, дертіңнің шипасы мұнда емес» дейді. Алғашқыда жай түске санап, мән бермегенімен үшінші рет қайта көрген соң жан-жағынан, таныстарынан сұрастыра бастайды. «Түркістанда бір үлкен молда бар екен, дәл сіз секілді ауырып барғандарды жазып жіберетін көрінеді» деген хабарды естіген науқастанған жігіт оңтүстікке сапарға шығады. Не керек, жұрт мақтап жатқан молданың үйінің табалдырығын аттайды. Ол кісі де қазіргі рентген апарынан өткізгендей Қалкөздің ауруының үтір-нүктесіне дейін айтып, оның емі тек таза жүріп, намаз оқуда екендігін түсіндіреді. Мазаны қашырып, түн ұйқысынан айырған аурудың емін осылай табады. Намаздың алғы-шартын түсініп, қағазға түсіріп ниет еткен соң еліне оралады. Туған жердің топырағына табаны тигенде тағы түс көреді. Бірақ, бұл жолы «Намаз оқы» деп емес, арабша қысқаша бірнеше сөзді айтып, жаттатады. Ол «Субханака Аллаһумма уә бихамдика уә тәбәракас-мука уә таъала жаддука уа ләә-иләһә ғайрука» деген мәтіндегі «Сана» дұғасы еді.
Бір кісі ғұламаға келіп «Тақуалық деген не?» деп сұрағанда, ол: «тақуалық деген мысалға, адам жантақ арасымен жүргенде денеңе, киіміңе тікенегі тимесін деп шапанның етегін қайырып көтеріп, ыңғайлап өткенің секілді, адамның қалауынан туындайтын қасиет. Күнә істерден бойыңды аулақ ұстап қашу» деген екен. Аталмыш мысалдағыдай күнә істерден бойын аулақ ұстап, әулиелердің басына жиі зиярат ететін Қалкөздің түсіне енген бейтаныс балаға түкіруді, дем салуды үйрете бастайды. Кейін 1979 жылы діни сауат ашуға ниет еткенімен, оқытатын ұстаз табу қиындыққа соғады. Табылған ескі кітаптардан өзінше сауат ашып, Өзбекстандағы медресеге баруға бел байлайды. Бірақ, ол кезде совхоздың жұмысына араласып, жақсы қырымен көзге түсіп, коммунистік партияның мүшелігіне өткен болатын. Бұқараға жолға дайындалғанымен «Коммунистерді алмайды екен» дегенді естіп, партия мүшелігінен шықпақшы болады. Содан ауданның райкомына барып өтініш те білдіреді. Не керек, көшпелі бюро ауылға келіп, екі сағаттық жиналыс өтеді. Ондағы қаралған мәселе – Қалкөздің партия мүшелігінен шығып, діни оқуға баруға ниет етуі. Партия мүшелігінен шығарайын десе, өрескел қателік жіберу керек, ал «діни оқуға баруға ниет еткені үшін» дейін десе, қамшының бір сабы өздеріне келіп тиеді. Ақыры мәмілеге келе алмаған соң, бұл оқиғаның соңы Қалкөздің шекара аса алмайтындығымен аяқталады. Дегенмен айтқанынан қайтпай қала асып, біраз есікті қағып, ізденісін тоқтатпай, діни білімін ала береді. Осылай совхоздағы аға жұмысшыдан бастап, өндіріс бригадирі, ферманың зоотехнигі, совхоз тараған соң Бәйгеқұмның жұмысшылар коперациясында ет дайындаушы қызметін де атқарады. 1992 жылы алғашқылардың бірі болып өз алдына жеке шаруа қожалық ашып, жер тегістеп, күріш егеді. Осы жұмыстармен қатар 1995 жылдан бастап имам қызметін қатар алып жүруге шешім қабылдайды. Имамдықпен бірге шаруашылық төрағасы болған ол ауыл азаматтарының ауызбіршілігін сақтау жолында, шаруашылықты алға дамыту жолында тер төгеді. 2009 жылы мұсылмандық парызын орындап, қажылыққа барады. 2013 жылдан 2020 жылға дейін аудандағы қасиетті орындардың бірі саналатын «Оқшы ата» мешітінде имам болып, бүгінгі күні Жөлек ауылындағы «Шүленбай молда» мешітінде имамдық қызметін атқарып келеді.
Әр салада тәжірибесі бар Қалкөз қажы жуырда кәсіпкерлердің басын қосып, мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесі болар, бүгінгі күні Жөлек ауылындағы мешіт аудандағы ең таза, көрікті мешіттер қатарында. Гүлзарлары жайқалған мешіт қараған жанның көз жауын алып, сүйсіндіріп тұрғаны да осы кісінің себепкерлігінен. «Ендігі мақсатым: шежірелі ауыл жастарының діни сауатын ашып, ата-анасын құрметтейтін, үлкенді сыйлайтын, бойын жаман қылықтардан аулақ ұстайтын ұл-қыздарды тәрбиелеп шығу» – дейді Қ.Өтемұрат. Көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген еңбекқор қажыны елге таныстыру біздің бір азаматтық борышымыз деген оймен өзін мақтағанды ұнатпаса да, бүгінгі мақаламызға арқау еткенді жөн санадық.
Ерұлан ДАТКЕНОВ