ҚАСИЕТТІҢ ҚАСІРЕТІ

Тұрмыс тауқыметін біздің арғы да, бергі де ата-әжелеріміз бастарынан өткерді. Біздің алдымыздағы тәтті де дәмді тағамды, қымбат та сәнді киген киімімізді кимей-ақ абыройлы күйде дүниеден өтті. Алайда, олар бірде-бір жазмышқа ренжімеді, қиындыққа төзе білді. Алладан күдерін үзбеді, ұрпағына бақыт тілеумен болды. Ал сол қасиетті дұғаның буынан болар, бүгінгі біз бастан бір қисық сөз асырмайтын халдеміз. Бұл күнде ашуланбайтын адамды шырақ алып іздеуге болатын шығар, таба алар ма екенбіз?
Сонау дәуірде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың үстіне лас нәрсені төкті де, бір рулы ел таспен шөкелеп, елді мекеніне кіргізбеді. Басын жарып, маңдайын қарс айырды. Алланың сөзін жеткізгенде құлақ аспағандар, жиіркене жек көрген сұсты көздер, кеудесінен итергендер, мазақ еткендер, кейіс сөзбен қарғағандар, мейірімін пайдаланғандар, қастандық жасағандар, өлтіруге асыққандар да болды. Ал сөз көтере алмай жүрген біздің біреуімізге осы істің кем дегенде бірі жасалынса, қасиетімізді сақтай алар ма екенбіз?
Бір сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан ақыл-кеңес сұрап, алдына келгенде «Лә тәғдәб», яғни «Ашуланба!» дегенді үш рет айтып қайырған. Алла Тағала Құран Кәрімде «Кәзиминаль ғойз» деп ашуын жұтқандарды ұлықтаған. Себебі, дүниедегі қақтығыстың баршасы осы ашудан бастау алады. Алайда, Алла үшін ашуға берілу бар. Бірақ өз мәселесінде мұсылман кешірімді болғаны жөн.
Бірде Бәни Махзум руынан бір абыройлы әйелдің ұрлығы әшкереленіп, қолға түсіп, ұсталады. Жазасы қол кесу. Сонда пайғамбарға (с.ғ.с) бір адам келіп ортаға түседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған қатты ашуланғанда, ашуы жүзінен көрінеді. Себебі, бұл Алланың заңын тоқтату еді.
– Аллаға ант! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істегенде, сөзсіз қолын кесер едім – дегені бар. Ал ибн Масғұд сахабаның біраз қаражаты ұрланғанда:
– Егер, ол осы дүниеге мұқтаж болса, онда сол қаражат оған береке әкелсін, бұйырсын. Ал егер ұрлығы нәпсі, үйреншікті әдеті үшін болса, онда осы соңғысы болсын, қойсын, – деген дұғада болған. Мінекей, ашуын Алла жолына төсеп, оны ақылға жыққан деген осындай болады. Әбу Ханифаның (р.ғ) ұстазы ибн Мүбарактан «Жақсы мінезді толықтай бір ауыз сөзге сыйғызып жинақтап бер» дегенінде «Ашуды тастау ең жоғарғы мінез!» дегені бар.
Ашу үстінде ер мен әйелдің ренішінде қандай мәміле көрудің жолы дінде көрсетілген. Бибі Фатима (р.ғ) анамыздың күйеуімен реніш сөзге келгенде, ашуын тарқату үшін, Әлидің (р.ғ) үйден шығып, мешітке кетіп қалғаны бар. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбарымыз (с.ғ.с) күйеу баласына келгенде, жанжалдың себебін сұрамайды. Керісінше, «Әбу Тураб» деп еркелетеді. «Ақыл айтайын, тыңда» демейді, «Ашуды кетіретін бір ғана сөзді білем!» деп көркем түрде «Әғүзүні» үйретеді. Бұл жердегі нәзік мәселе, ер мен әйел арасында түсінбеушілік орын алғанда, ерінің үйден шығып кетуі. Мұндайда ері үйінен шыққандағы барар жері де арақ шарап орны емес, мешіт болғаны, әйелдің үйінде қалғаны абзалырақ. Себебі, кей әйелдер құрбысы мен ата-анасына қарай жүгіреді. Олар жұбатып, ашуларын басудың орнына, одан сайын дем беріп, қайрай түседі. Бұл қате қадам!
Бірде Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың үйіне құдайы қонақ болып отқа сиынушы (мәжуси) келеді. Қонағы төрдегі жанып тұрған отты көріп, оған иіліп сәжде жасайды. Оның бұл қылығына ашуланған Ибраһим (ғ.с) үйінен қуып жібереді. Сонда Жаратқан Алла ашулы пайғамбарына:
- Сенің жат қылықты адамға осынша ашуланғаныңда, соншама кәпірді жаратқан Мен ашулансам не болар еді? – деген екен.
Ашуды не қайырады, сабырлық па, салқын су ма? Негізінде, дәрет алудың, оның ішінде салқын сумен дәреттенудің адамзатқа берер маңызы өте зор. Себебі, тазалық, серпіліс, басылу, салқындау деген белгілерді бойдан байқауға болады. Одан басқа, хадисте ашуланған адам тұрып тұрса отырсын, отырса жатсын делінген. Яғни әрекеттену, сыртқа шығу, серуендеу, жүру, қимылдау. Тағы бір ұсыныс, оймен асығыс шешім қабылдамау, жауап беруді кейінге қалдыру, көңілді басқа жаққа аудару. Дегенмен, кез келген мұсылман әлемдердің Раббысы Алла Тағаланы, оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарды, өмірден өткен ата-бабасын, келешек ақыретін есіне алса, ашудың орнына ақыл келеді, ақылына ақыл қосылатыны шүбәсіз хақ.
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
дінтанушы, имам