Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барша мұсылмандардың мерекесі

Барша мұсылмандардың мерекесі




Мұсылман халқы үшін Рамазан – ең қасиетті әрі ерекше ай. Бұл айда мұсылмандар ауыз бекітіп, нәпсісін тәрбиелеп, бойларын таза ұстап, жақсылық жасауға құштарланып тұрады. Себебі, басқа айларға қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі.
Алла тағала бұрын өткен Пайғамбарлар қауымдарына парыз еткеніндей пайғамбар Мұхаммедтің үмбетіне де қасиетті Рамазан айында ауыз бекітуді парыз еткен. Бұл туралы Құран кәрімнің Бақара сүресінің 183 аятында: «Әй, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» делінген. Әйгілі сахаба Салман Фариси: «Алла Елшісі шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында: «Әй, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Рамазанда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Осы айда бір парыз амалын орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады», – деген.
Сонымен қатар Пайғамбарымыз: «Рамазан келгенде жұмақтың есіктері ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының барлығы кісенделеді», – деген. Ал аталған ай біздің күнтізбемізбен 6 мамыр күні басталып, 30 күнге созылады. Қадір түні мамырдың 31-нен 1 маусымға қараған түні өткізіледі деп бекітілген.
Адамдардың бір-біріне деген мейірімін арттыратын осы айда аудандық орталық мешітте жылдағы дәстүр бойынша «Отыз күнде отыз қайырымдылық» атты акция жалғасын табатын болады. Сондай-ақ «тегін такси» акциясы да қолға алынбақ. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар ұйымдастыру да ойда бар екен. Құран жарысы да өткізіледі. Тарауиһ намазында Құран қатым ету үшін екі қари шақыртылыпты. Олар қатым дұғасын мамыр айының 31-нен 1 маусымға қараған түні яғни Қадір түніне жоспарлаған. Пітір садақа көлемі республика бойынша жан басына шаққанда 300 теңге болып бекітілген. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз орталығында ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев брифинг барысында атап өтті.
Сонымен қатар ауданның бас имамы: «Қасиетті айда кейбір кісілер азық-түліктің бағасын көтеріп жатады. Олар керісінше, кішкене болса да бағаны түсіріп сатса, сауапқа кенелуі әбден мүмкін. Сондай-ақ дүкендерде арақ сату тоқтатылса, нұр үстіне нұр болады. Осы жайтты тұрғындар ескерсе» деген ойын ортаға салды. Брифинг барысында Рамазан айының қадір-қасиеті жайында сөз өрбіткен бас имам кез келген сұрақтар бойынша орталық мешітке келіп, сауалдарын қоя берулеріне болатындығын жеткізді.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
03 мамыр 2019 ж. 1 276 0