Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең бағалы қасиет

Ең бағалы қасиет

Көркем мінез – адам бойындағы ең бағалы қасиеттердің бірі. Бұл мінез адамды ортасына құрметті етіп, абыройын көтереді. Сондай-ақ жәннатқа кіруіне себепкер болады.
Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?» деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. Сонда адамдар: «Иә, Алла Елшісі», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез-құлықтыларың» деп жауап берген екен. «Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі – ең жақсы мінез-құлықтысы», «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» деген хадистер көркем мінездің маңыздылығын көрсетеді.
«Досы көпті жау алмайды» дейді қазақта. Кез келген адам мінезі көркем, қолы ашық, жүрегі жомарт жанмен дос болуды қалайды. Себебі, адал дос – сенің қорғаның, тірегің. Сүрінгенге –сүйеу, қиналғанға – жәрдемші.
Көркем мінез туралы ғалымдар «Әдеп, көркем мінез – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» деген. Иә, шындығында әдепті кісіге ешбір адам жау болмайды. Көпке үлгі болатын кісіні жұрттың бәрі сыйлайды, құрметтейді. Сондай-ақ көркем мінез – мүминдер үшін екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Жәннатты аңсаған мұсылмандар көркем мінездің үлгісі болған пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) сүннетін ұстанып, тірі жан иелеріне жәбір көрсетпеуге тырысады. Бойын жаман әдеттерден арылтып, жақсылық жасауға құмартып тұрады. Қиналғанға қол созып, жылағанды жұбатқысы келеді.
Иә, айтып отырған қасиет әрбіріміздің бойымызда табыла білуі қажет. Сонда ғана бір-бірімізге деген сүйіспеншілік артып, еліміз дами түседі. Ал бізді көріп бой түзеген ұрпақтың болашағы жарқын болары анық.

Нысанбай нақыптегі,
«Сұңқар» әлеуметтік қоғамдық орталығы қоғамдық қорының теолог маманы

27 тамыз 2019 ж. 1 114 0