Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай – даналардың дарасы

Абай – даналардың дарасы


Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абайды ерекше құрметтеу баршамызға парыз.
Абай – қазақ поэзиясының биік шыңы, құдіретті ақыны. Оның жүрек шерімен жазған туындыларының тағылымы мәңгілік қымбат қазына. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас… Абайдың мол әдеби мұрасы бұл күнде тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналып отыр. Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абайды тану қазақтың өзін-өзі тануы десек те болады. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.
Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған шығыс ақындары мен ғалымдары Фирдауси, Әлішер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және тағы басқалары, сонымен қатар орыс классиктерінің шығармалары және солар арқылы жалпы Еуропа әдебиеті әсер етті. Крыловтың, Лермонтовтың, Пушкиннің, Гете мен Байронның шығармаларын аударған. Осындай шет ел әдебиетін оқу арқылы Абай қазақтар арасында орыс және еуропалық мәдениеттің таралуына өз үлесін қосқан. Оның пайымы мен ой-өрісін сол замандағы көп әңкүдіктер түсіне алмаған. Есесіне қазіргі таңда, оның туындылары 50-ден астам тілге аударылып, әлем әдебиетінде жоғары саналып, өзі айтқандай: «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегеніндей «адам баласына адам баласының бәрі – дос» екенін парасатты оймен көрсетті. Сондықтан да оның әрбір шығармасы қымбат, құнды саналады. Дейтұра, Абайдың 170-тен астам өлеңі бар. 56 аударма мен философиялық трактаттар стилінде жазылған 45 «Қара сөздің» авторы. Қара сөздері тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Бұл шығармаларында этникалық қазақтардың тарихы, педагогикасы, адамгершілігі және заң мәселелері көтерілген. Абай қазіргі кезде танымал жиырма шақты әуеннің авторы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз.
Оның өзі ұстанған ұстыны және шығармаларының символикасына айналған даналық сөзі: ақыл, қайрат, жүрек. Осыны тең ұстау арқылы адам адаспайды. Бірақ надандықтан қашып, талаптанса, оқыса, еңбектенсе қара жерде өнім береді, тегінде адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады деп түрлі кесек-кесек даналық сөздерімен әділетті, ұятты болуға шақырады да, «өмір алды – ыстық, арты – суық» деп философиялық ой тастайды. Заманында айтқан даналық сөздері ғасыр өтсе де маңыздылығын жоймаған, осынау қасиеті – көрегенділігі, артық білуге талап қылғандығы. Енді ұрпағы да «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дегеніндей оның парасаттылық пайымын ескеріп жүрсе айналасына нұр шашып һәм өзіне пайдасы зор тимек.

Ақбота Баянбай
10 тамыз 2021 ж. 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031