Топ жарған Нұрғиса
Биыл хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Ол сөз маржанымен қазақ әдебиетінің құндылығын арттырып, өлмейтұғын мол мұра қалдырған ақын. Қазақтың данасына айналған ұлы Абайды ұлықтау мақсатында Арман мәдениет үйінде «Мәңгілік ел алыптары» атты рухани патриоттық байқау өтті.
Әсілі, Абай – қазақ халқының екінші атауы сияқты көрінеді. Қазақтың өнері де Абай, өлеңі де Абай, ар-ожданы, мерейі де Абай. Ол – ұлтымыздың ұлығы, ұлысымыздың ұраны, санамыздың шырағы, дана сөздің бұлағы. Былайша айтқанда, халқымыздың ақыл-ойы, абыройы. Абайды ойымыздың кені, миымыздың сөлі десек те артық емес. Қай-қайсымыз болсын ақылды да, нақылды да ұлы ақынның телегей-теңіз ой-пікірге толы сырлы сазды, жырлы-назды туындыларынан аламыз. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бастау көзі сол. Шынтуайтына келгенде, Абай – тұнып тұрған ғылым мен білім, өз алдына бір академия десек те жарасады. Оның шығармашылығына тереңнен сусындаған өскелең ұрпақ жоғарыда атап өткен байқауда қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтты. Топ ішінен суырылып шыққан №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің 3 сынып оқушысы Нұрғиса Шабетов бас жүлдені иеленіп, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Қазақта қара сөзге дес бермеген Абайдың жырын жаттап, ғақлиясын оқыған Нұрғиса сөз өнерінде еш мүдірмей, қазылар алқасының көңілінен шығып гран приге лайық деп танылды. Жастайынан ғылым-білімге үйір бала жаны рухани құндылықтармен азықтанғаны көрініп-ақ тұр. Абайдай дана болсын деген көрерменнің тілегімен жерлесімізді үлкен додаға қосудамыз. Сәттілік серігің болсын, Нұрғиса!
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ