«Абай» телесериалы – тәрбие құралы
Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бір жағынан оқыған жанды рухани байытса, екінші жағынан тұңғиық ойға батырады. Өйткені, мақалада Абайдың маржандай тізілген қара сөздері мен мірдің оғындай болған өлеңдерінен мысал келтірілген. Қ.Тоқаев жазу шеберлігінің және ұлы ақынның шығармаларын терең түсінгенінің арқасында оның әр сөзін бүгінгі заманмен байланыстырып, көпшілікке ұғынықты етіп түсіндіріп берді. Осыдан кейін бүтіндей елді басқарып отырған басшының әдебиет әлемінен алыс еместігін аңғаруға болады.
2017 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп мақала жариялағаны барлығымыздың есімізде. Осы мақала аясында елімізде біршама жұмыстар жүзеге асты. Ал биылғы жылы жарық көрген Президенттің Абай туралы мақаласы сол рухани жаңғырудың ажырамас бір бөлшегі. Себебі, қазақ халқы рухани жаңғырамын десе, әуелі Абайды танып, Абайды оқу қажет.
Мемлекет басшысы ұлы ақынға арнаған мақаласында Абай мұрасын дәріптеп, оны халыққа насихаттап қана қоймай, алдағы уақытта хакім Абайға арналған іс-шараларды да атап өтті. Соның бірі әрі бірегейі – «Абай» телесериалының түсірілуі. Бүгінгідей дамыған заманда өскелең ұрпақтың тәрбие құралы теледидарға айналған жоқ па? Сол теледидар әркез қазақтың Абайы туралы көрсетсе, ұрпаққа үлгі болады. Тек жастар ғана емес, үлкендер де Абай өмірінен сабақ алады. «Абай» телесериалы ел ретінде еңселеніп, мемлекет ретінде мұратқа жетуімізге септігін тигізеді.
Гүлназ Достиярова,
Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы