Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы Абайды ұлықтаймыз

Ұлы Абайды ұлықтаймыз

Абай – әлемдік тұлға. Ол өзінің өлеңдерімен ғана оқырмандарға әсер етіп қана қоймай, ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама. Оның поэзиясының өне бойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық лебі есіп тұрады. Сонымен қатар ол адамның көкірек көзін тұмшалайтын қараңғылық пен надандыққа қарсы бітіспес күреске шақырады. Ал гуманистік идеялары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласыз. Өмірдегі өзекті мәселелерді ой өресінен өткізген 45 қара сөзінің өзі бір төбе. Осынау қазақ ақынын толғандырған мәселелер қазірдің өзінде кез келген халық өкілінің көңіл пернесін дөп басып тұр десек, артық айтқандық демессіз. Егер бүгінгі талғаммен қарасақ, Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны.
Абайдың білім мен адами құндылыққа деген сенімі демократияны ұстануына негіз болды. Өзін-өзі басқаратын көзі ашық адамдар қоғамы оның саяси идеалына айналды. Осы себепті ол әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресіп, ұлтаралық өзара түсіністікті жақтады. Даулы мәселелерді шешуде зорлық-зомбылықты қолдануға қарсы болып, өзінің «Ескендір» секілді поэмаларында билеушілердің тойымсыз аранынан, өктемдік пен ғасыр бойындағы көптеген адами шиеленістерден жиіркенетінін білдірген болатын.
Абай – өте күрделі тұлға. Абай – дана, ал даналардың құпиясы ешқашан да толығымен ашылмайды, дүниеде ұлт даналары өте сирек, оның қатарында Еуропада Гете, орыста Пушкин, қазақта Абай бар, бұлар таза ұлттық даналар. Тахир Шағатайдың пікірінше, «Абайдың ең үлкен мұрасы – оның қалыптастырып кеткен мектебі. Артына мол мұра, мықты негіз қалдырып кеткен Абайдың қазақ әдебиетіне әсері бірден байқалды». Автордың сөзіне одан әрі құлақ түрсек, «Абайдың жолын қуған кейінгі буын әдебиет өкілдері оның әсерімен һәм салған дара жолымен жүрді. Қазақ әдебиетінде бірден жаңашылдық рухы басым болып шыға келді» дейді.
Қазақтың жанын түсінген Абайдың жан дерті – Абайды түсінген әрбір қазақтың жан дерті. Сонымен қатар Абайдың өлеңдері мен ғақлиясы сол жан дертінің дауасы. Біз Абайға қарап ойымызды, көзқарасымызды, өмір сүру ауанын бағдарлаймыз. Бірақ ол Абайша өмір сүру, Абайдың айтқаны заң, соны бұлтартпай істеу дегендік емес. Қазақ жұрты Абайды өзіне рухани нысана тұтады, соған ойын да, бойын да тәрбиелеп, үлгі алады. Біз Абай айтқан сөздерді тәмсіл ете отырып, өзімізге сын көзқараспен қарап, ойымызды екшеуге тиіспіз.

Ұлбала Байдраманова,
№156 Н.Бекежанов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
07 желтоқсан 2019 ж. 686 0