Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АБАЙ КҮНІ – АЛАШ ТӨРІНДЕ

АБАЙ КҮНІ – АЛАШ ТӨРІНДЕ


Биылдан бастап Үкімет қаулысымен 10 тамыз – ұлы Абайдың туған күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Енді елімізде Алаш ақыл-ойының алтын діңгегі Абай туған күн халықтық мейрам ретінде ресми тойланатын болады.
Атаулы мереке қарсаңында ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен «Abai tv» телеарнасы көрерменге жол тартты. Абайға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Одан бөлек енді мектеп бағдарламасына «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы енгізіледі. Бұл туралы жақында ашылған «Abai tv» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына сұхбат берген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлім етті.
«Қазіргі уақытта ол әзірленіп жатыр. Мұнан өзге, Абайдың ғылыми-зертеу орталығы ашылмақ», – деді Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ Семей қаласындағы әуежайға Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Одан бөлек, Семей өңіріне Абай облысы мәртебесін беру туралы ұсыныстар дүркін-дүркін айтылып жатыр.
Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ елінің ұлықтар құндылықтары әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани қазынасы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз. Десе де Абай хәкімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді. Қазақтың ұлттық ақыл-ойының ең асқар шыңына қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы болса керек. Ойшыл «мені тану үшін кір іздемей таза көңілмен келіп ішіме үңіл» деп ескертеді. Біреуді сыртынан естіп, жек көріп барсаң әңгімеңнің еш жараспайтыны сияқты, бүгінде жазғанды оқымай жатып, оқысада ішіне үңілмей жатып, не түсіп қалған бір әріпке, не ауысып қойылған бір үтірге сын айтатындар бар. «Тыңдағыш қанша көп болса, сөз ұғарлық кем кісі» дейді Абай, осы арада бізге ішкі жан-дүниеге үңілу керектігін айтып кеткендей. Демек Абайдың әр сөзі әр заманға қарай талдай алсаң талдана беретін уақыт, мекен кеңісітігінен шығып кеткен дүр сөздер. «Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме» деп өзі жазып кеткендей ақынның әр сөзінде ат көтере алмас атан түйенің жүгі бар.
Ақынның дүниетанымы, озат ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше зерделеніп, зерттеле береді. Расында «Мен бір жұмбақ адаммын…» деген ғұламаның сырлы әлемі әлі де жұмбақ. Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам, Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Өйткені Абай қай заманда болмасын ұлы кемеңгер болып қалады. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі деп ұғынатын уақыт келді. Абай адамзат тарихында енді қайтып келмейтін тұлға. Иә, Абай надандықтың құлпы, адамдықтың кілті. Абай мектебі – руханияттың кәусар бұлағы! Оның тағлымын таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» дейді данышпан. Демек, біз Абайдың жарық, нұрлы әлемімен сусындаған сайын, ғылым, білімге ұмтылып, өнер үйренеміз. Ондай адамның болашағы бұлыңғыр тартпасы хақ.
Биыл алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде тойланған Абай күні – бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақ секілді жылуын шаша жарқырап түрғандай. Осыдан тура 175 жыл бұрын Шыңғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн!

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
11 тамыз 2020 ж. 728 0