Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңімпаз жерлестер

Жеңімпаз жерлестер

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден аса іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Олардың негізгілері – хакім Абайдың туған жері Семей қаласы мен Елордада ұйымдастырылатын ғылыми конференция, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін әлемнің 10 тіліне аудару, Абайдың мерейтойына арналған республикалық айтыс, ақын туралы деректі фильмдер мен телесериал түсіру, шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктері жанынан Абай орталықтарын ашу, ақынның туған ауылын абаттандыру.

Елімізде аталған шаралар легі басталып кетті. 8 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасын белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман жүргізді. Ол өз сөзінде бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, тарихи өткенімізді айшықтап отыруымыз – ел Тәуелсіздігінің арқасы, аға буынның қажырлы еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті.
Аламан айтысқа Дидар Қамиев, Рауан Қайдаров, Еркебұлан Қайназар, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртай, Әсем Ереже, Болатбек Оразбаев, Тілеген Әділов, Қалижан Білдәшев, Нұрлан Есенқұлов, Шалқарбай Ізбасаров, ­Ершат Қайболдин, Нұрзат Қару, ­Марат Ахметов, Серік Қуанған сынды 16 ақын қатысты. Сайдың тасындай іріктелген азулы ақындар сөз сайысына Абай мұрасын арқау етіп, ұлы ойшыл ұсынған асыл ойларды, өшпес құндылықтарды кеңінен толғады. Ұлы Абай өсиетіндегі өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық рухын сіңіру, ойшыл сынаған жағымсыз қылықтардан арылу, кемеңгер сілтеген адамшылық жолын ұстану – айтыстың негізгі тақырыбына айналды. Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан басты ерекшелігі сөз сайысына түсетін ақындардың сахнада жеребе тарту арқылы тұтқиылдан жұпталуы болды.
Аламан айтыстың бас жүлдесі белгілі ақын, «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы, Сыр елінің мақтанышы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды жас болса да «орақ тілді, от ауызды» ақындардың бірі атанған, жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған олжалады. Үшінші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, ­Рауан Қайдаровтар алды.
Еске сала кетейік, былтыр Атырауда Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына, Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына, Қостанайда Б.Майлиннің 125 жылдығына орай және Алматы қаласында «Отан отбасынан басталады» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, жыр аламаны Батыс Қазақстан облысында «Алтын домбыра» айтысымен қорытындыланды. Енді міне, сол үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр.
«Nur Otan» партиясының қолдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыр аламаны биыл өтетін айтыстардың беташары деуге болады. Алдағы уақытта хакім Абайдың 175 жылдығына орай республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Одан бөлек Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтыстары ұйымдастырылады.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

11 ақпан 2020 ж. 733 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930