Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіршілік көзін – тіршілікте дұрыс пайдаланған жөн

Тіршілік көзін – тіршілікте дұрыс пайдаланған жөн


Су – тіршілік көзі. Мына жасыл әлемді сусыз бір сәтте елестете алмайсың. Бірақ, осы тіршілік нәрінің бағасына жетіп, қадірін біліп жүрміз бе? Қазақ «Судың да сұрау бар» демеп пе еді? Біз қазір аяқ суды айтпағанда ауыз судың өзіне салғырт қарап, жиі ысырап етіп жатамыз. Ал, ауыз судың үйімізге қандай еңбекпен келіп тұрғанына бас ауыртпаймыз. Осы ретте аудандағы тұщы суға қатысты туындаған мәселелерді басшылыққа алып, Шиелі аудандық «Жиделі топтық су торабының» басшысы Асылбек Сәрсенбаевты сөзге тартып, көкейде жұрген сауалдарымызды жолдаған едік.

– Асылбек Шағдарұлы, Шиелі ауданының «Жиделі топтық су торабына» қосылғанына көп уақыт болған жоқ. Жиделі топтық су торабының төңіректегі Жиделіарық елді мекенмен шатастырып жататын адамдар да бар. Осы ретте, оқырмандарғы Жиделі топтық су торабы жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз?
– Жалпы, Жиделі топтық су торабы 2005 жылы құрылып, сол жылдан бастап ауданға таза ауыз су тартылып келеді. Ал, 2019 жылы осы төңіректегі елді мекендер мен Көкшоқы мөлтек ауданы да Жиделі топтық су торабына қосылған. Нәтижесінде қазір, біз Шиелі ауданын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Жалпақ тілмен түсіндіретін болсақ, суды өндіру де, үйді-үйге жеткізу де, оның ақшасын жинау да бізге тиесілі жұмыстар. Аудан тұрғындарының тұтынып отырған ауыз суы Шиеліден 32 шақырым жерде орналасқан Сүттіқұдық елді мекеніндегі су құбырларынан шығады. Судың бас сағасында тұрақты 15 қызметкеріміз жұмыс істейді. Ол жерде біздің 11 ұңғымамыз бар. Ол ұңғымалар мүмкіншілігіне қарай күніне 25 мың куб су өндіруге жарамды. Бүгінде біз Шиелі, Жаңақорған аудандарына 16 мың куб су жөнелтіп отырмыз. Өндірілген су әуелі Жаңақорған ауданына таратылып, сонан кейін Шиеліге жеткізіледі. Ауданға келген суды үшінші насос станциясы арқылы әр ауылға таратамыз. Жаңақорған кентінің ішкі құбырларында жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, қазіргі таңда жаңақорғандықтар көп су пайдаланып жатқан жоқ. Соған сәйкес, Шиелі Жаңақорғаннан осы сәтте екі есе су тұтынып отыр. Мекеменің атауына келер болсам, Жиделі топтық су торабының Жиделіарық ауылымен ешқандай байланысы, қатысы жоқ.
– Жиделі топтық су торабының су қоры қанша? Жалпы, қанша жылға жеткілікті деп есептелген?
– 2005 жылы ұңғымалар қазылған сәтте мамандар Сүттіқұдықтағы су қорын 50 жылға жетеді деп есептеген. Сондықтан оған алаңдаушылық танытудың өзі әбестік болады.
Одан бері де көп уақыт өткен жоқ. Оның үстіне біз жоғары деңгейде жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Ұңғымалар кезек-кезек жұмыс істеп жатыр. Мәселен, қыстың күні Шиелі ауданына небәрі 3500 куб су жеткілікті. Тек бізде жаз мезгілінда қиындықтар туындайды. Неге? Өйткені, өіңірде ауыз суды аяқ судың орнына пайдаланытындар көп кездеседі. Әсіресе, кентте аяқ су мәселесі шешілмегендіктен тұрғындар есік алдындағы бақшаларын ауыз сумен суғаруға мәжбүр. Жаз мезгілінде судың қысымы төмендеп, кей жерлерге жетпей жататыны да содан.
– Дейтұрғанмен, егер судың көлемі азайып, деңгейі төмендей қалған жағдайда қосымша пайдаланатын су көздері бар ма?
– Осы төңіректегі қосымша су көздерін өткен ғасырда мамандар біраз зерттеп, жер асты тұщы су қорларының Қаратаудың етегіндегі Қосүйенкі елді мекені мен Жөлек ауылының маңынан шыққанынан көпшілік хабардар. Қазіргі таңда, Жөлек ауылдық округіндегі су қорын біз пайдаланып отырмыз. Әсіресе, осындай жаз мезгілінде Жөлектегі су құбыры бізге үлкен көмегін тигізіп отыр. Ол жерде бір ғана Жөлек емес, Бәйгеқұм, Бала би ауылдары да сол суды пайдалануда. Жөлектегі судың сапасы да ерекше.
– Жиделі топтық су торабы арқылы таралып жатқан ауыз судың сапасы жайлы не айтасыз?
– Ауыз су ешқандай сүзгіден өтпейді. Жер асты суынан өндірілген бойда халыққа тікелей таратамыз. Бірақ, біз СЭББ лабараториясымен арнайы келісім-шарт жасасқанбыз. Келісім-шартқа сәйкес, СЭББ мамандары ұңғымалардан ­айына төрт рет, ал көше бойындағы құбырлардан аптасына бір рет сынама тест алып, судың сапасын тексеріп отырады. Егер суда сәлде болса ауытқу болса, сол мезетте бізге ескертеді. Бірақ, СЭББ қызметкерлері тарапынан бізге осы күнге дейін судан кінәрат шықты деген жаманат хабар айтылған жоқ. Жеке өзім аудан халқы тұтынатын ауыз судың сапасына жоғары баға бере аламын.
– Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ бар. Сол елді мекендердегі су қоймаларында қандай проблема бар? Жалпы, су қоймаларында ақау шығып, су сақтауға кедергісін тигізетін түйіткілді мәселе бар ма?
– Әр елді мекенде 350-500 куб су сақтайтын су қоймалары бар. Бас сағадан әкелінген 20 мың куб суды үшінші насос станциясына жинап, сол жерден әр ауылға күніне 500-600 куб су жіберіп отырамыз. Ауыз су жеткізуде ауылдарда ешқандай мәселе жоқ. Судың жетіспеушілігі тек кенттен білінеді. Оның себебі жоғарыда айтып өткеніміздей. Бірақ, біз қарап отырған жоқпыз. Аудан әкімдігімен бірлесіп, су тапшылығын болдырмау мақсатында 3 жылға жуық уақыт болды жобалық проект жасап, бас сағадан қосымша құбыр тартуға жұмыс істедік. Жұмысымыз нәтижесіз емес, жобамыз қабылданып, мемлекеттік сатып алу арқылы іске асып, осы жылы қосымша құбыр тарту жұмысы басталады. Бұл жұмыстар толықтай бітіп, іске қосылған кезде Шиелі ауданы тұрғындары жылдың қай мезгілінде болсын, су тапшылығын және қысымының төмендігін сезінбейтін болады.
– Тұрғындар тарапынан «ауыз судың қысымы төмен, сылдырап ағады, кей жерлерде мүлде тамшылап тұрады. Соның салдарынан үйдегі насостарымыз ауа сорып, күйіп кетіп жатады», – деген арыз шағым жиі айтылады. Егер қосымша құбыр тартылса, бұл түйткілдің түйіні тарқатылады дейсіз ғой?
– Ауылдарда су қысымының төмендеуі ол бір жағынан заңдылық. Өйткені, мен жұмысқа келген 2016 жылдан бері ауданға келетін судың көлемі көбейген жоқ. Есесіне Жиделі топтық су торабына сегіз ауыл жаңадан қосылды. Есептеп қарасаңыз сегіз ауылдық округтен 4000-ның үстінде тұрғын үй бар. Бұрын ауылдағы тұрғындар өздері тасып ішсе, қазір ауылдарға біз су жеткізіп беріп отырмыз. Одан бөлек, қазір баяғыдай емес кентте де халық көбейіп, инфрақұрылым арқылы жаңа мөлтек аудандары қосылып, үйлер салынып жатыр. Міне, осындай себепті судың үлкен қысыммен таралуы қиынға соғып отыр. Егер кенттің аяқ су мәселесі толық шешілсе, ауыз су қысымының артып, тұрғындарға тиесілі суын уақыт күттірмей жеткізуге болар еді. Ал, қосымша құбыр тарту жұмысын «Медиратор» ЖШС өз мойнына алып биыл жұмысын бастап, келесі жылы пайдалануға береді. Келесі жылдан бастап өңірде ауыз су қысымының төмендігі болмайды.
– Қазір көпшілік ауыз суды арнайы сүзгілер арқылы қолданады. Біз тұтынып отырған судың сапасы қай деңгейде деп айта аласыз? Жалпы рес­публика көлемінде аймақтардағы ауыз судың сапасы жөнінде сараптама бар ма?
– Маман ретінде біз мұндай салыстырулар мен сараптаулар жасай алмаймыз. Судың сапасы жайлы біз тек, СЭББ мамандарының көрсеткен шкалаларына ғана сүйеніп сөйлейміз. Зерттейтін арнайы лабаротория да жоқ бізде. Жеке адамдардың фильтр тұтынуына келер болсам, өз басым суды филтрмен қолдануды қоштаймын. Өйткені, кейде апатты жағдайлар болып, құбырларды ауыстырамыз, құбырлардың ішіне тат жиналатын кездер де болады. Сондай кезде фильтрмен су ішудің еш зияны жоқ деп ойлаймын. Дейтұрғанмен, Жиделі топтық су торабы суының сапасы әлде қайда жоғары дей аламын.
– Тұтыныушылар тарапынан төлемақы төлеуде кемшілік жоқ па?
– Жоқ, аудан тұрғындары тарапынан ондай кемшілік жоқ. Осы тұста қолдау білдіріп отырған басшылыққа алғыс білдіреміз. Өйткені, бір тонна судың бағасы 525 теңге болса, ал халық оны 30 теңгеден алып отыр. Қалған 495 теңгені мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Сонда халық 1 тонна суды 30 теңгеге сатып алған есебі болады. Жалпы, халқымыз су, нан, тұз секілді ас аталарына құрметпен қарап, оның ақысын жемеген. Оның үстіне жоғарыдағыдай себептермен ауыз су бағасы халықтың қалтасына ауыр тимейді.
Әңгімеңізге рақмет

Сұқбаттасқан
Елдос Жүсіп


12 маусым 2021 ж. 744 0