Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады

Бірнеше күн бұрын республикалық «Астана» телеарнасы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылынан арнайы репортаж жасап, жаңалық жариялады.
Кешкі жаңалықта «Сұлутөбеліктер сынап су ішіп отыр» деп хабар таратқан телеарна ешқандай ресми фактілерге сүйенбей, ауыл ақсақалының сынап пен сульфатты шатасып, орнын ауыстырып айтқан негізсіз сөзін жалпақ жұрттан сүйінші сұрап жариялап жіберген. «Астана» арнасының асығыс таратқан бұл ақпаратының қаншалықты рас не жалған екендігін анықтап, халыққа дұрыс мәлімет беру мақсатында 15 тамыз күні Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы Асылбек Сәрсембаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының міндетін атқарушы Жүсіп Әбдікамалов және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Жомарт Баядилов қатысты.
Брифинг барысында «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы А.Сәрсембаев:
– Сұлутөбе елді мекенінде қазіргі таңда үздіксіз су берілуде. Судың сапасы жақсы. Ұлттық сараптама орталығымен келісім-шартқа отырғанбыз, сол бойынша ай сайын анализ қорытындысын алып тексереміз. Анализ қорытындысы талапқа сай болғандықтан су беріп отырмыз. Судың құрамында сынап бар дегені дәлелсіз, – деді.
Ауыл ақсақалы брифингке арнайы келіп, елден, халықтан кешірім сұрап, өзінің негізгі ойы басқа болғанын, «Сынаптай зулаған мына заманда» деп айтқысы келгенін жеткізіп, өзінің жаңылып сөйлегені үшін қынжылып отыр.
Иә, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген халықтың ұрпағымыз. Сөзден сүрініп, ойынан шатасқан ақсақалды да жақсы түсінеміз. Бірақ, жұртқа жалған ақпарат таратқан арнадан алдағы уақытта ақиқатты айтып, мәселенің мән-жайын терең зерттеп, хабар беруін сұраймыз!

Е.Жүсіп

20 тамыз 2019 ж. 778 0