Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі

Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Халқымыздың осындай тамыры тереңнен бастау алатын, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті тәрбиенің негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспейміз.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағида қай дәуірде болсын өзгерген емес. Н.Назарбаев «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері отбасы құндылықтарын нығайту бағытында біраз шаруа атқарылды. Бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі ұлттық құндылықтарды ұрпаққа бесіктен сіңіру. «Адам бір жылын ойласа – дән себеді, бар ғұмырын ойласа – ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді» деген данышпан ата-бабаларымыз. Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.
Сол болашаққа ашылған даңғыл жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен кейінгі ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деп атап көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Содан кейін ғана балабақша мен мектеп қабырғасында одан әрі нығайтып, дамыта түседі. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ.

Айнұр Жаликова
07 қараша 2020 ж. 710 0