Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәрсенбектің соғыс жолы

Сәрсенбектің соғыс жолы

1941 жыл – ауыл-аймақтың тынысын тарылтып, тіршілігін тұралатқан кезең болды. Иә, Жеңіс күні жақындаған
сайын қан майданда қару ұстаған майдангерлердің есімі санымызға жиі оралады. Солардың бірі – Сәрсенбек
Байжанов.
Ол 1942 жылдың 8 наурызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының орталығында өмірге келген. Жастайынан елшіл, өршіл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Жасы 19-20 шамасында 30 жігіттің қатарында соғысқа аттануға асығады. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан соң, Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қан­құйлы Сталинград шайқасына түседі. Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», т.б ордендер мен ондаған әскери медальдың иегері атанған майдангер – Отан алдындағы борышын абыроймен атқара білді. Ұлы жеңіспен елге оралған азаматты бүгінде жерлестері рухы биік нар тұлға, ардақты ұстаз бейнесінде үлгі тұтады.
Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталған. Ол үш операциямен іске асырылған: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу, «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау, «Шеңбер» – фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру.
Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті. Сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22 фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6 неміс армиясы тізе бүкті.
Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандауды міндетіне алған «Шеңбер» операциясының жанкешті әрекеті нәтижесінде 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.
– Атақты фельдмаршалды тәубасына келтірген осы шайқасқа қарапайым қазақ жауынгері, менің ұстазым Сәрсенбек Байжанов та қатысқан еді. Ол қисынсыз ырымға, әр нәрсеге сене беретін жан емес. Көзімен көрмесе, құлағымен естігенге иланбайды. Десек те 30 саны Сәрсенбек Байжановтың өмірінде жиі ұшырасады. Майданға 30 жігітпен бірге аттанады. Солардың тек екеуі ғана отбасына оралған. Қызылорда пединститутына сырттай оқуға 30 адам түседі. Содан төртеуі бітіріп шығады. Төртеуі де кемтар: біреуінің бір аяғы жоқ, біреуі соқыр, жарық маңдай, біреуі ақсақ... Сол төртеудің бірі – өзі (көзі мен аяғынан жарақат алған). Әрине, мұның бәрі дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың зардабы еді, – дейді Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі С.Бекмұратұлы.
Өжеттілік. Бірбеткейлік. Бұл С.Байжановтың бойынан табылатын қасиет. Оған Алматы қаласындағы бірер айлық дайындықтан соң, ант қабылдар кезде бұл рәсімді өз ана тілімде жасаймын деп қасарысып тұрып алуын дәлел ретінде айтсақ болады. Сондағы уәжі: «Мен Отан-ананы қорғауға аттанып барамын. Елге ант, өзіме серт бергелі тұрмын. Сондықтан қасиетті сөздерді ана тілімде айтсам деймін. Сол менің жүрегімді тербейді, намысымды жаниды», – дейді.
Мұндай тосын мінез бен батыл ұсынысты бұрын-соңды естімеген офицерлер алғашында қарсылық танытқанымен, ойлана келе жауынгер талабын орынды санап, келісім береді. Осылайша, С.Байжанов жүздеген қазақ жігітінің ішінде бір өзі әскери антты қазақ тілінде қабылдайды.
Ол ұдайы ұпайын емес, абыройын түгел ұстауға талпынды. Үнемі тек алдынғы шептен табылатын ол – кескілескен ұрыста сол көзі мен оң қолынан жарақат алып, соғыс госпиталында, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделеді. Кейін сырқаты сыр бере бастаған соң, соғысқа жарамсыздар қатарына қосып, бір жылдан соң елге оралады. Сәрсенбек Байжановтың негізгі мамандығы – педагог. Жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жұмсаған. Бейбіт өмірді аңсаған майдангер жігіт Нартай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Өзінің саналы ғұмырын бала оқытуға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнайды.
Бір елдің ақылшы ұстазы, бір әулеттің өнегелі қариясы Сәрсенбек Байжанов жұбайы Жәмиля Сейтжановамен 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, бір-бір маман иесі атандырды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Олар да ата-ана үмітін ақтап, абыройлы қызмет етіп келеді. Өткен жылы отау құрғанына 60 жылдан асқан зайыбы өмірден озды. Араға 3-4 ай салып үлкен ұлы Абылай да бақилық болды. Осы қос бірдей қайғылы жағдай жасы жүзге таяған қарияға оңайға соқпаны рас. Қажыды.Мүжілді. Бірақ сонда да әлсіздік танытпады. Ұл-қызынан тараған немере, шөберелері қарияның төбесін көкке жеткізердей болып, өсіп келеді.
Ардагер ұстаз, елі үшін майданда төсін оққа тосып, отан үшін от кешкен тұлғасы биік ақсақалдың өмір жолы үлгі мен өнегеге толы. Алдында тосқауыл болған қаншама қиындықты жеңіп, жігері мұқалмай бақытты қарттықтың дәмін татып, Шиелі ауданынан Отан соғысына аттанған 5909 адамнан қалған, жер басып жүрген жалғыз майдангер қарияны ешкім де, ешқашан да ұмытпайды.

С.МАДИЯРОВА
05 мамыр 2020 ж. 904 0