ФЕЛЬДМАРШАЛ ПАУЛЮСТІ ТҰТҚЫНДАУҒА ҚАТЫСҚАН ШИЕЛІЛІК САРБАЗ
Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», т.б. ордендер мен ондаған әскери медальдың иегері Сәрсенбек Байжанов 97-ге иек артып отырса да, жас ұрпаққа шертер әңгімесі, айтар өсиеті сарқылмаған қазыналы қария. Аракідік домбыраға қосылып ән салып, өзі ойынан шығарған термелерді толғап қоятыны да бар.
Майдангер қарияның мамандығы – педагог. Жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.
Сәрсенбек Байжанов 1942 жылдың 8 наурызында Шиелі қыстағынан (Қызылорда облысы, Шиелі ауданының орталығы) жасы 19-20 шамасында 30 жігіттің қатарында соғысқа аттанады. Үш айдай Алматы қаласында ұрыс тактикасына машықтанғаннан кейін ең сұрапыл соғыс жүріп жатқан Сталинград шайқасына жіберіледі.
Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау; «Шеңбер» –фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру.
Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті, сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22 фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6 неміс армиясы тізе бүкті.
Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандауды міндетіне алған «Шеңбер» операциясының жанкешті әрекеті нәтижесінде 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.
«Сталинградқа жорық қайғылы қателік болды. Енді ешқашан соғыс өрті неміс жерінен тұтанбауы тиіс. Бұл менің жасаған жауыздығым үшін кеңес халқы алдында тәубеге келгенім болсын... Мен Ресейге оған дұшпан болып келген едім, досы болып қалдырып барамын» деп жазыпты өзінің естелігінде фельдмаршал Фридрих Паулюс. Бұл сөздері оның саяси өсиеті ретінде тарихта қалды.
Атақты фельдмаршалды тәубасына келтірген осы шайқасқа қарапайым қазақ жауынгері, менің ұстазым Сәрсенбек Байжанов та қатысқан еді. Ол қисынсыз ырымға, әр нәрсеге сене беретін жан емес. Көзімен көрмесе, құлағымен естігенге иланбайды. Десек те 30 саны Сәрсенбек Байжановтың өмірінде жиі ұшырасады. Майданға 30 жігітпен бірге аттанады. Солардың тек екеуі ғана отбасына оралған. Қызылорда пединститутына сырттай оқуға 30 адам түседі. Содан төртеуі бітіріп шығады. Төртеуі де кемтар: біреуінің бір аяғы жоқ, біреуі соқыр, жарық маңдай, біреуі ақсақ... Сол төртеудің бірі – өзі (көзі мен аяғынан жарақат алған). Әрине, мұның бәрі дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың зардабы еді.
Ауыр жарақаттан кейін майданнан елге оралып, алдымен шаруашылықта, кейін мектепте ұстаздық қызметті бастаған кезде де Байжанов отызға енді иек артқан жігіт еді.
Байжановтың тағы бір қасиеті өжеттілігі, яғни бірбеттілігі десек болады. Алматы қаласындағы бірер айлық дайындықтан соң, ант қабылдар кезде бұл рәсімді өз ана тілімде жасаймын деп қасарысып тұрып алуы сөзімізге дәлел. Сондағы уәжі – «Мен Отан-ананы қорғауға аттанып барамын. Елге ант, өзіме серт бергелі тұрмын. Сондықтан қасиетті сөздерді ана тілімде айтсам деймін. Сол менің жүрегімді тербейді, намысымды жаниды», – дейді.
Мұндай тосын мінез бен батыл ұсынысты бұрын-соңды естімеген офицерлер алғашында қарсылық танытқанымен, ойлана келе жауынгер талабын орынды санап, келісім береді. Осылайша Байжанов жүздеген қазақ жігітінің ішінде бір өзі әскери антты қазақ тілінде қабылдайды.
Соғыс ардагері қолы қалт еткенде өткен өмірінен естелік жазады екен. Елге майданнан өлеңмен жазған хаттары да сақтаулы. Осыдан 82 жыл бұрын Сталинград майданынан жазған «Ауылға хат» өлеңін оқып көрейік.
1.
Сәлем саған «Үлгілінің» даласы,
Қарт-қария, үлкен-кіші данасы.
Өздеріңді көптен көрмей сағындым,
Көрмегелі жыл жарымдай шамасы.
Сағынған соң жазылды сөз сарасы,
Әр пенденің бір құдайы панасы.
Күн-түн қатып Отан қорғау қызметім.
Жүрген жерім Сталинград қаласы.
Алыс жерден сәлем жолдап, хат жаздым,
Мен Сәрсенбек Байжекеңнің баласы.
2.
Туысқан апам еді Сайыпжамал,
Айдай бер тракторды, тәуір амал.
Еске алсам өздеріңді еске түсет,
Өзен-көл, ауыл маңы, аққан канал.
Қасымда Нәрзілдадай бар жолдасым,
Деп жүрмін бұл сапарды Алла оңғарсын.
Ауылды көп ойлауды қойып жүрмін,
Қасымда жолдастарым бар болғасын.
Қыркүйек,1942 жыл.
Ой-толғаулары да аз емес. Солардың кейбіріне тоқталайын. «Достық көмек» деген естелігінде былайша жазыпты:
«Мен мейрімділік деп біреудің бұйрығымен, яки еңбекақыға қызығып немесе мақтаншылық үшін емес, өзінің адал ниетімен жеке адамдар мен қоғамдық игіліктерге шын жанашырлықпен қарауды, сол үшін еңбектенуді айтар едім.
Мысалы: Мен 1942 жыл 5 қыркүйек күні көзімнен, қолымнан, аяғымнан жарақат алып, санинструктордан жараларымды байлатып, ақиқат соғыс даласында минаның жарықшарымен жарақат болғандығыма құжат алып, енді санбатты іздеп кейін қарай қайтып келе жаттым. Жарты шақырымдай жүргеннен кейін алдымда кетіп бара жатқан бір жаралы солдатқа қуып жеттім. Абайлап қарасам, өзіміздің 5-ші ротаның сержанты Скрыльников екен. Менің командирім. Автоматтың оғы көкірегінен тиіп, арқасынан шығып кетіпті. Сонда да аяғы сау ғой, жақсы жүріп келе жатты. Алматылық жігіт болатын. Қазақ тілін тәп-тәуір білетін. Екеуміз санбаты іздеп бірге келе жаттық. Бір кезде ол маған: «Жолдас Байжанов, мен жүруге жарамай келе жатырмын», – деді. Мен оған: «Менің жарақатым үш жерден. Сенікінен де ауыр ғой. Сонда да шамаң жүруге келмей бара жатса, маған сүйеніп, салмағыңды маған сала жүріп көр. Санбатка жетсек демалармыз», – дедім. Маған сүйеніп бір шақырымдай жер жүрді. Сосын: «Мен жүруге жарамадым. Мен қалайын, өзің жүре бер», – деді. «Ай, жолдас командир, мен сені көзің тірі тұрғанда қалай тастап кетемін, енді санбат алыс емес шығар. Менің арқама мін. Екі аяғыңмен белімнен қысып отыр. Екі қолыңмен менің жарақатыма тиіп кетпей мойнымнан құшақта. Сөйтіп жүріп көрейік», – дедім. Ол сөзіме көніп, арқама мініп, иығымнан, мойнымнан құшақтап отырды. Сонымен Скрыльниковты арқалап кішкентай өзенге келіп жеттім. Өзеннің ағысына қарсы кешіп жүріп келемін. Өзеннің тереңдігі тізеге жете қоймайтын. Ол маған қайта-қайта «су ішкіз» деп өтініп келеді. Мен оған «Өзім тірі тұрғанда өз қолымнан саған су әпермеймін, су ішсең өліп қаласың. Мен сені өлтіргелі арқалап келе жатқан жоқпын» деймін. Өзеннің ішінен басқа жүретін жол жоқ. Өзеннің екі жағы қалың жыныс орман. Өзеннің ішімен ағысқа қарсы, ішіндегі доңғалақ тастарға сүріне-қабына тағы жарты шақырымдай жол жүрдім. Анадай жерде өзеннен шығып жүретін жол көрінді. Сол жолға шығуға жақындағанда аяғымның астындағы тас домалап кетіп, су жағасына етбетіммен құладым. Сол кезде Скрыльников басындағы каскасымен суды алып үлгерді. Мен дереу жалма-жан касканы қағып жібердім, каска суға кетті. Скрыльниковты арқалаған бойда судан шығып, жолға түсіп жүрдім. Анадай жерде арбасы бар екі солдат көрінді. Мына ауыр жарақатты жанды санбатқа жеткізіп салуды өтіндім. Олар «Біздің басқа жұмысымыз бар» деп көнбеді. Сол кезде Скрыльников «мені отырғыз, жағдайым болмай барады», – деді.
Бір түбірден үш ағаш өскен екен. Оның біреуін арамен кесіп алыпты. Ағаш түбірі орындық секілді. Қалған екі ағаш орындықтың арқалығы сияқты. Жайлы орын табыла кетті. Сәл демалғаннан кейін, «Ал, жүрейік, арқама мін» дедім. Ол: «Байжанов, енді мен арқаңа мінуге жарамаймын. Сенімен осы жерде қоштасайын. Саған өте ризамын, өзімнің орыс бауырларымнан көрмеген жақсылықты сенен көрдім. Енді Қазақстанға, Алматыға, менен сәлем айт. Екеуміз де қазақстандық, жерлес едік. Еңбегіңе көп-көп рақмет!» деп қазақ тілінде айтты.
Содан көп ұзамай бірте-бірте сөзі нашарлай бастады. Құлағына екі-үш рет «Скрыльников!», «Скрыльников!» деп айқайладым. Жауап қатпады. Жүрек соғуын тыңдадым. Жүрегі соқпай қалды. Өзімнің туған бауырым өлгендей көзімнен жас төгіліп қасында тұрдым. Анадай жердегі арбалы екі жігіт қасыма келіп: «Енді жүре беріңіз, қалған жұмысты біз атқарамыз» деп Скрыльниковтың қалтасынан адресін іздеп жатты. Шамасы ол арбалы жігіттер осындай өліктерден жолды тазартып жүргендер екен-ау?! Скрыльниковты тірі қалдыру үшін біраз еңбектендім. Амал не, өзінің сабырсыздығынан су ішіп қойып, ажалын жақындатты. Қазақта «Жаралы адамға су ішуге болмайды» деген түсінік бар. Мейірімділік пен жанашырлық нәтижесі ғой мұным деп ойлаймын...» деп аяқталыпты естелік.
Ағайдың жады әлі мықты. Қан майданның тақсіретін әбден тартқандықтан ба, соғыс деректерін жатқа біледі. Айталық, Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 5909 адам аттанған, олардың елге оралғаны – 1862, қаза тапқаны – 2268, хабарсыз кеткені – 1379 адам екен. Майдангер ұстаздың аузынан естіген бұл мәліметтің аудандық қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік мекеменің ақпарымен сәйкестігіне таңқалдық.
Қарт сарбаз бүгінде Сыр бойының Шиелі өңірінде, өзі туып-өскен атақты сазгер-ақын Нартай ауылында тұрады. Өткен жылы отау құрғанына 60 жылдан асқан зайыбы Батыр Ана Жәмила апа өмірден озды. Араға 3-4 ай салып үлкен ұлы Абылай дүниеден өтті. Осы екі қайғылы жағдай жасы жүзге жақындаған қарияға оңайға соқпады. Біраз қажытып тастады. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, Жәмила апа екеуі өмірге әкеліп, тәрбиелеген 5 ұл, 5 қыздан өрбіген ондаған немере, шөбере және шөпшектері майдангер қарттың бүгінгі алданышы.
Айтпақшы, Байжанов ақсақал – Шиелі ауданынан Отан соғысына аттанған 5909 адамнан қалған, жер басып жүрген жалғыз майдангер. Өткен жылы ардагер ұстазға «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген еді. Биылғы Жеңістің 75 жылдығында 97 жастағы қарт майдангерді қандай марапат күтіп тұр екен?
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі