Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыстың соңғы солдаты

Соғыстың соңғы солдаты



Қан майданның біткеніне жетпіс төрт жыл өтсе де қарт сарбаздың қабағы әлі күнге қатулы. Бетіндегі тарам-тарам әжімдер бейне бір сұрапыл соғысты суреттеп тұрған жолдардай көрінеді. Қос жанары бірде жеңіске жеткен осынау бейбіт заманға шүкір етіп, ұрпағының уайым-қайғысыз өсіп жатқанына қуанса, ендігіде арман-мақсаттары өрдей майдандас бауырларының көз алдында оққа ұшып, жер жастанып, бейбіт күнді көре алмай кеткеніне қаймығып қалады. Иә, небәрі 18 жасында майдан даласына аттанған Сәрсенбек Байжановтың көз алдында сұм соғыс кешегі күндей сайрап жатыр. Сол сәтте мүлгіген тыныш тіршіліктің шырқы бұзылып, бейғам жатқан ел дүрбелеңге түсті. Әке күңіреніп, ана аңырап, бала жылап аспан айналып жерге түскендей ел абдырып қалды. Ер азаматтар «Отан үшін жан пида» деген ұранмен туған жерін қасық қаны қалғанша қорғау үшін сұм соғысқа эшалон-эшалон болып аттанып жатты. Осылайша қара түнек жамылған қан майданның әлегі қазақ даласында да көрініс тауып, елдің берекесін алған бес жыл қаншама боздақтарды шейіт етті. ел ағалары тұтқынға түсті, кейбіреуі үшті-күйлі жоғалды, жоқ болды. Ал алапат соғыстан аман қалғаны жарымжан күй кешіп, елге оралды.
Солардың ішінде бозбала шағын кескілескен майданда өткізген жерлесіміз Сәрсенбек Байжанов та бар еді. Ол 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» деген елді мекенде шайқасқан. Ал неміс әскерінің Сталинградты басып алу үшін, қандай қырғынға барғаны бізге белгілі. Бірақ жаудың қатал да, құйтырқы әрекетіне қаһарман Кеңес одағының жауынгерлері жол бермеді. Соғыс өлім-жітімсіз болмайды. Бірде Сәрсенбек атамыздың жанындағы майдандас жігіт ауыр жараланады. Ұрыс даласы қан сасып, төбеден оқ борап жатқан тұста Байжанов қасындағы қандас бауырын жау қолына тастамай, жанкештілікпен алып шығады. Түсінген жанға бұл көрініс қатардағы қазақ солдатының ерлігі, жанқиярлығы, бауырмалдығының бір белгісі емес пе?
Сәрсенбек Байжанов батылдығымен, өжеттілігімен танылған жауынгер. Үнемі тек алдынғы шептен табылатын ол, кескілескен ұрыста сол көзі мен оң қолынан жарақат алып, соғыс госпиталыне, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделеді. Кейін сырқаты сыр беріп, соғысқа жарамсыздар қатарына қосып, бір жылдан соң елге оралады. Бейбіт өмірді аңсаған майдангер жігіт Нартай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Өзінің бар білімі мен күш-қайратын бала оқытуға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнайды. Кейіпкеріміз өмірлік серігі Жәмила әжеймен қашан, қай уақытта отау құрғандарын ұмытып қалса керек. Десе де, қос қарияның жарасымды жұп, өнегелі отбасы болғаны, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, елге қызмет ететін ұл мен қызды тәрбиелегені аудан халқына белгілі. Бүгінде тоқсан алтыншы көктемін қарсы алған қарт жауынгердің жары Жәмила әжемізде тоқсанның төріне шығып отыр. Екеуі 5 ұл, 6 қызды дүниеге әкеліп, «ұлды ұяға, қызды қияға» қондырып, олардан 35 немере, 15 шөбере сүйіп, елдің амандығын тілеп келеді.
Жуырда, мереке қарсаңында Керделі ауылдық округі әкімінің қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Өшпес ерлікке тағзым» атты мерекелік шара өтті. Шара аясында ауданның «Құрметті азаматы», соғыс ардагері, аяулы ұстаз, ғасыр куәгері Сәрсенбек Байжановқа арналған «Ғасыр тұғыры» атты кездесу кеші өткізілді. Мерекелік шараға ауылдағы барлық мекеме басшылары, қызметкерлері, жалпы ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл әкімдігі соғыстың соңғы сарбазына құрмет көрсетіп, сый-сияпат тарту етті. Сондай-ақ мәдениет үйі қызметкерлері мен мектеп ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама көрсетіліп, ауылда кең көлемде арнайы шеру ұйымдастырылды. Жиналғандар соғыста шейіт болған боздақтардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Өз кезегінде соғыс ардагері Сәрсенбек Байжанов ақсақал: «тәуелсіз елімізде тек тыныш заман, халқымыз аман болсын. Енді қарғысатқыр соғыс болмасын, болашақ жастарымыз, келешек ұрпағымыз бейбіт өмірде жасай берсін»,– деп ағынан жарылып, батасын беріп, алғысын айтты.
Иә, бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі мен қайтпас-қайсар батырлығы болмағанда, біз бейбітшілік бесігінде тербеліп, болашаққа тік қарап, еркін өмір сүрмес пе едік кім білсін. Сондықтан да, сұрапыл соғыста ғажап ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз бен есіл ерлеріміздің батырлығы мен қаһармандығы үшін әрдайым қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз жөн.
09 мамыр 2019 ж. 1 269 0