Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГЕМЕНДІ ЕЛ ҚОРҒАНЫ – АЙБЫНДЫ ЕРЛЕР

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ ҚОРҒАНЫ – АЙБЫНДЫ ЕРЛЕР


1992 жылдың 7 мамырында тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Мұндай маңызды қадам тәуелсіз елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайта түсті. Мемлекет басшысының Жарлығынан соң елдегі әскери әлеует пен айбынды армияның күш-қуаты артты. Осындай айтулы оқиғаларға байланысты 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып жарияланған болатын.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін мемлекеттік мереке деп белгіледі. Мерекеге байланысты 2013 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Салтанатты шеруге барлығы 7 мыңнан астам әскери қызметшілер, 400 бірліктен аса әскери техника, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған. Содан бері биылғы жылға дейін Отан қорғаушылар мерекесінің таңы әскери парадпен атып келді. Ал, биыл оның орнына оқу-жаттығуы ұйымдастырылған.

Бүгінде Отан қорғаушылар мерекесінің маңызы арта түскен. Отыз жылға жуық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскери техникалар жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда.
Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні. Мерекеге орай аудан әкімі мен ардагерлер бастаған топ Бидайкөл ауылына атбасын бұрып, салтанатты түрде табиғи газ жүйесін іске қосты.
Бүгінгі күні кент бойынша 5 мыңнан аса тұрғын үй, 160 ірі кәсіпорын мен 110 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары табиғи газдың игілігін сезінуде. Оның қатарына жуырда ғана кентке іргелес Ы.Жақаев ауылы да қосылды. Ауыл ішіне «Анауқұрылыс» ЖШС арқылы газ құбырларын тарту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Соңғы дерекке сүйенсек тұрғын үйге газ кіргізу мәселесі бойынша елді мекендегі 115 азаматпен келісімшарт жасалынған. Енді міне көп ұзамай бидайкөлдіктер де табиғи отынның қызығына қанықпақ. Қазіргі уақытта елдімекендегі 21 шақырым көшеге «Демеу ИК» ЖШС арқылы газ құбырын жүргізу жұмыстары жасалынып жатыр. Аудан әкімі мен ардагерлер бастаған топ Серік Жүсіповтың үйіне арнайы барып, табиғи газды іске қосты.

Мереке қарсаңында пайдалануға берілген келесі нысан осы ауылдағы жеке кәсіпкер Айдос Қожамжаровтың шағын жиһаз жасау цехы болды. Бұл кәсіпорынды А.Серікбайұлы өз қаражаты есебінен іске қосып, екі ауыл азаматын жұмыспен қамтып отыр. Дара кәсіпкер болып тіркелген ол тапсырысқа сәйкес кез келген жиһаз түрін ойдағыдай жасап беруге қауқарлы. Шағын цехтың жұмысымен танысып, оған арнайы бата берген ардагерлер кәсіпкердің ісіне береке тіледі.
Бидайкөлден шыққан топ бұдан кейін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиынды тамашалауға кенттегі «Арман» мәдениет үйіне қарай бет алды. Мерекелік шара майдан даласынан үзіндіні сахналаумен басталды.
Соғыс басталған шақта қаншама азамат «Отан үшін жан пида» деп, туған жерін қасық қаны қалғанша қорғау үшін майдан даласына аттанды. Солардың қатарында 18 жасар өрімдей жас, өзіміздің жерлесіміз Сәрсенбек Байжанов та бар еді. Ол 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың Солтүстік батысында «Магеллан» деген елді мекенде шайқасты.
Сәрсенбек Байжанов батылдығымен, қайсар-өжеттілігімен, батырлығымен белгілі болған жауынгер. Үнемі тек алдынғы шептен табылатын ол кескілескен ұрыста сол көзі мен оң қолынан жарақат алып, соғыс госпитальында, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделеді. Бір жылдан кейін соғысқа жарамсыздар қатарында елге қайтарылады. Бейбіт өмірді аңсаған майдангер жігіт Нартай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Өзінің бар білімі мен күш-қайратын бала оқытуға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнайды.
Биыл өзінің 96-шы көктемін қарсы алып отырған соғыс және еңбек ардагері Сәрсенбек Байжановтың жары Жәмила 90 жаста. Екеуі 5 ұл, 6 қыз, яғни 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 35 немере, 15 шөбере сүйіп отырған ата-әже. Иә, сұм соғысқа ауданнан 6 мыңға жуық сарбаз аттанған. Өкініштісі бүгінде олардың көпшілігі мәңгілік мекенде. Тек соғыстың соңғы сарбазы Сәрсенбек Байжанов көненің көзіне айналған тарихтың өзі боп ортамызда жүр.
Шара барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ел қауіпсіздігінің тұрақтылығы үшін аянбай еңбек еткен ардагерлер мен жергілікті полиция қызметкерлерін, Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтар мен «Семей» ядролық полигонының ардагерлерін арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Кеш барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Міне, айрықша маңызға ие Отан қорғаушылар күні биылғы жылы осылай дәріптелді. Айбыны асқақ, мәртебесі биік Қарулы күш бар да, оны мақтан етер ертеңгі ұрпақ барын осыдан-ақ сезуге болады.

Гүлхан ЯХИЯ.
07 мамыр 2019 ж. 927 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031