Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сталинградта шайқасқан сарбаз

Сталинградта шайқасқан сарбаз


Сталинград шайқасында ерекше ерлік көрсеткен аталарымыздың бірі – Әріп Қуандықов болатын.
Әріп атамыз Жаңақорған ауданының Төменарық бекетінде 1919 жылдың 20 наурызында дуниеге келді. Ә.Қуандықов бала кезден білімге құштар болды, ізденіп жүріп агрономдық курсты тәмамдап алады. Ол кезде шаруалар Сыр бойына мақта егетін. Сөйтіп жүргенде ел басына тосыннан қауіп туып, жұрт ағылып әскерге кете барды. Аз-кем әзірліктен соң Сталинград шайқасына да бел буып кірісіп кетеді. Атамыз әскерде жүргенде-ақ әскери форма тігетін
фабрикада еңбек етіп, тігінге машықтанып алған болатын. Кейін ауылға оралған соң, бұл ісі кәдеге жарады.
Әріп Қуандықұлы жеңіс солдаттарымен тізе қосып, Берлинге дейін барып кайтады. Оның кеудесінде әскери орден-медальдар анадайдан жарқырайтын. Соғыс біткен соң майдангер разъезде тұратын әкесінің қарындасы Әлиманың үйіне тоқтайды. Сол арада Әлима бауырын Шиеліге тұруға үгіттейді, көндіреді.
1946-1947 жылдары елге оралған соң «Пранартель» деген мекемеден тігін цехын ашады. Тұрған орны қазіргі базардың жанында болатын. Бастапқыда 3-4 адамнан құралып, келе-келе ұлғайды. Цехтың сыртында мұздатқыш және лимонад цехы болатын. 1959-1960 жылдары жаңадан үлкен тігін цехы соғылды. Ол бүгінгі Абылайхан көшесінің бойында еді. 1965-1966 жылдары Шиелінің теріскей бөлігінде 2-ші тігін цехы бой кетерді, автобазаға қарама-қарсы жұмыс істеп тұрды. Ел сеніп сонда жіберген соң тігін цехын өзі басқарды, жемісті еңбек етті.
Соғыс және еңбек ардагері Әріп Қуандықов аудандық кеңестің депутаты болды, бірнеше мәрте грамоталармен марапатталды. Бүгінде атамыздың ұл-қыздары Қалтай, Назым, Қалдыбай, Сәрсенбай, Баян, Асылхан, Мәдіхан, Ерахан, Алтынай әртүрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Әріп атаның үлкен ұлы Қалтай Қуандықов ол кез-де әлі жас болатын. Тұрмыс қажетін өтеу комбинатының сол кездегі директоры Мұхамбетжан Бейімбетов, бас есепшісі Ибаділда Әбдішүкіров және тігінші Үрзай Нұртаевалар, т.б. «мына қызметіңді балаң Қалтайға тапсыр, жақсы алып кетеді» – дейді. Айтқандай, Қалтай баласы жұмысты дөңгелетіп әкетеді. Ол содан кеңес одағы тарқағанша ұтымды басқарады. Әріп атамыздың ұлы Мәдіхан Бекжанов облыстық мәслихат депутаты, Жаңақорғандағы «СКЗ-U» ЖШС бас директоры кызметін абыроймен атқарып келеді.
Атамыздың майдандағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталатынына күмән жоқ.
Айнұр Мақсұтқызы.
12 мамыр 2018 ж. 1 144 0