«Стахановшыдан» шыққан подполковник
Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ даласына да қаншама қасірет әкеліп, қаншама үйді қара жамылдырды. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен азаматтардың ерлігімен жеңістің таңы атып, әр шаңырақ жеңіс тойын тойлады.
Сондай ерліктің үлгісін көрсетіп, ерлігі тарих бетінде қалған азаматтың бірегейі Әзиз Ырзахметов.
Әзиз Ырзахметов 1922 жылы Иіркөл ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келеді. Сонау қиын замандарда Ырзахмет інісі Мырзахмет екеуі ел ішінде тәуіпшілікпен айналысып, азын-аулақ тапқанымен жанұясын асырайды. Сол кезеңде туылған әр бүлдіршіннің балалығының бал күндері аштық жылдарымен тура келіп, ойын балаларының әрбір күні тұрмыстың тауқыметті күндерінің көлеңкесінде кетті. Біз әңгіменің арқауына айналдырып отырған Ә.Ырзахметовты да осынау қиындықтар айналып өтпеді. Дегенмен, Әзиз Ырзахметов 1932-1937 жылдары орталау мектепте оқып, 1938 жылы Қызылордадағы ауыл шаруашылық техникумына түседі. Алайда, отбасының жағдайына қарайласқан бозбала оқудан шығып, жақындарының жанында болып, тұрмыстың жүгін бірге көтеруді жөн санайды. Бала кезінен өмірдің ащы дәмін татып, жауапты тірілігімен, өзінің адамгершілікке толы мейірімді жүрегімен, айналасындағы адамдарға жұғымды жақсы қасиеттерімен, өмірдегі жолын адаспай тапқан ол аудандық «Стахановшы» газетінің жауапты секретары болып 1940 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс жасайды. Жауапкершілік қағидатын есінен еш шығармаған жан осы жылдың қазанынан 1941 жылдың желтоқсанына дейін Тәжікстанның Сталинабад қаласындағы статистика басқармасында аға қызметкер болып еңбек жолын жалғастырады. Қызметінде жүріп, 1941 жылы желтоқсанда Ә.Ырзахметов Кеңес әскері қатарына шақырылады. Майдан даласында ажалмен арпалысып, алдыңғы шепте жүреді. Қаншама достарын жоғалтты. Сөйтіп, 1942 жылдың 5 мамырынан 1944 жылдың тамыз айына дейін әскери бөлімде іс жүргізуші, 1944 жылдың тамыз айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін ОВС бастығы болады. Балаң жігіттің осындай адалдығы мен алғырлығын айналасындағы қызметкерлер бағалай біліп, оны барлық уақытта қолдап отырады.
Мұнан әрі 1945 жылдың мамыр айынан сол жылдың желтоқсанына дейін әскери қойманың басшылығы қызметінде болады. Жігері жасымаған батыр жүректің әскердегі күндері 1958 жылға дейін созылады. Ә.Ырзахметов 286-шы атты полкінде, Сталинград және №3 Украина майдандарына қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында 7-ші механикаландырылған корпус құрамымен бірге Румыния, Болгария, Венгрия мен Чехословакияда, Моңғол халық республикасы мен Қытайда болады.
1948 жылдың маусым айынан 1958 жылдың шілде айына дейін жеткізу құрамының басшылығы қызметі де сеніп тапсырылады. Әзиз Ырзахметов әскер қолбасшыларының қарамағында штабта қызмет атқарған.
Ерлік істер қай уақытта да еленіп, лайықты марапатталары хақ. Әзиз Ырзахметов те 1944 жылы бірінші наурызда «Қызыл жұлдыз» ордені және мақтау грамоталарын иемденеді. Елге 1958 жылы 24 маусым айында майор шенімен оралады. Ал, 1975 жылы подполковник атағы беріліп, Әзиз Ырзахметов 1945 жылдан КПСС мүшелігіне қабылданады. Елге оралған майдангер еңбекке етене араласып, 1964 жылдан 1972 жылға дейін «Межколхозстрой» мекемесінде жоспарлаушы экономист болып мінсіз елге қызмет жасайды. Аудандық азаматтық қорғаныс бөлімінің басшылығы қызметінде де 1972 жылдан 1974 жылға дейін, 1974 жылдан 1978 жылға дейін ДОСААФ-тың аудандық комитетінің төрағасы болады. «Межколхозстрой» мекемесінде партия ұйымының хатшысы, мекеме директорының орынбасары қызметі де ұсынылады. Өмірі кез келген жанға үлгі боларлық арда азамат бейбіт аспан астында да қоғамдық істердің басы-қасында жүріп, елге еңбек етті. Мерекелерде Абайдың әндерін нақышына келтіріп орындап, өнерден де құр алақан еместігін байқатқан. Кішіпейіл, қабілетті азамат Ә.Ырзахметовтың өмір жолы мен жасаған ерлік істері ұрпаққа үлгі боларлықтай. Сұрапыл қан майданның шебінде қолына қару алып, жүрегіне намыс, бойына қайсарлық пен ерлікті ту еткен майдангерлердің ерлігін ешкім де ешқашан да ұмытпақ емес. Ерлік істерді ұлықтаған дана халқымыз қай уақытта да осындай ұлдарының есімін ардақтап, құрмет көрсетуден кемшін түспеген. Ендеше, подполковник Әзиз Ырзахметовтың есімі кент ішіндегі бір көшеге берілсе, сөзіміз бен ісіміздің үйлесіп, қандай әрекетімізден болсын ізгіліктің көрініс табуы болған болар еді.
Осындай ұсыныс түріндегі Серғара Ізтілеуов, Киікбай Смаилұлы, Патима Маханбет, Мұсахан Дүйсенұлы, Ұлман Мәміреева, Әбдішүкір Батырбаев есімді ауданның бірқатар азаматтарының қолдары қойылған хат редакцияға келген болатын. Хатты өңдеп, сіздердің назарларыңызға да ұсынғанды жөн көрдік.
Дина ЖҮСІПОВА.