Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңес үкіметінің көрсетпегені жоқ

Кеңес үкіметінің көрсетпегені жоқ

Осылай ойланып отырсам, балалық шағым еске түседі. Атом бомбасының малға да, тірі адамдарға да әсерін анықтау үшін Семей полигонында жүргізілген сынақтар адамзаттың жадында. Оны қалай ұмытасың? Өткен ғасырдың 56-57-ші жылдары қазақ ауылдарында тұратын балаларға басың таз деген желеумен эксперимент жасалды. Ойын баласымыз. Ойымызда ештеңе жоқ. Сол кезде мектеп оқушыларын сабақ үстінде тексеріп, мектепке бармағандарды үйлерінен жинап, қинап, бақыртып-жылатып әкететін. Сол кезде аудандық аурухана Гигант ауылында болатын. Қызыл кірпіштен соғылған бір бөлігін «тазхана» дейтін. Мен енді басқа ауылдарды білмеймін, біздің «Ащықұдықтан» (Бала би ауылы) біраз бала таз атанып, сонда жаттық. Қазір ойласам, сол уақытта рентген аппараты сыналған сияқты. Өйткені, біздің басымызды аппаратқа салып, маңдайымызды, шүйкемізді, сосын екі самайымызды кезек-кезек түсіретін. Сәуле ме, ток па білмейміз, әйтеуір, шашымызды жиітіп жібереді. Шаш түскесін сондағы ірі денелі орыс медсестралар екі тізенің арасына қысып отырып, тақыр басымызға дуылдатып йод жағады. Шыдамай, дауыс шығарып жылаймыз. Ол аздай, басымызға май жағып, компресс жасайды. Одан соң анау аппараттан аман қалған шаштар болса, жаңағы дәу медсестралар бақыртып біртіндеп іскекпен жұлады. Осы тазханаға мен екі рет бардым. Бірінде – Гигантта болсам, екінші рет Қызылорда қаласындағы «тазханада» болдым.
Менің ауруханадан оралғаным сол еді, 3-4 жасар інім Көркемді де таз деп, тізімге іліпті. Үйдегілер «бұл таз емес, қайызғақ» деген екен, медсестралар «онда Қызылордаға алып кетеміз» депті. Көркем кішкентай болғасын, анаған қарап жүрсін деп, мені қосып жіберген. Аурухана қазіргі Н.Бекежанов атындағы драма-театр жанында болатын. Барғасын әй-шайға қараған жоқ, ініме қосып, мені тағы да токқа салды. Шашымнан шаш қалмады. Кейін әр жерден шыққан болды. Бұл тәжірибенің әсері әркімге әрқилы әсер етті. «Ащықұдықтан» Жеңіс Жазықбаев, оның шешесі Үрлай апай, Әзиз Күлтаев, Арысбек Орынбаев, Сламбек Мырзағазиев, менің ағаларым Балтабай, Беркін Исмаиловтар, Талғат, Алмасбек Бәкіровтер, Қадырбай Кенбаев, Жөлектен Амангелді деген балалар Гиганттағы «тазхананың» дәмін татқан едік. Сол токтың әсерінен Жеңістің, Қадырбайдың, Амангелдінің бастарына шаш шықпай қалды. Ал, қалғанымыздың шаштарымыз селдіреп қалды. Ол жерге бізге дейін де, кейін де балалар барған шығар. Оларды да токқа салған шығар. Ойымнан кетпейтіні – біздердің осындай тәжірибеге іліккеніміз. Шаш – адам көркі. Бұл сынақтан да қаншама ұл-қыздар зардап шекті. Шаш жоқ, таз, тазша бала атанды. Марқұм Жеңіс ағамыз өлгенше басынан шәпкісін тастамай кетті. Енді не істесін? Шашты жиітіп түсіретін аппараттың нендей құрал екендігін сіз де, біз де білмейміз. Жұмбақ. Оны мен енді еске алып отырмын. Иә, Гигантта осындай «тазхана» болған. Онда болғандардың соңы зейнеткерлікке шығып, алды сексенге шықты. «Аман болса басың, тағы да шығар шашың» ‒ деп, басымыз аман болсын дейміз. Басқа амал жоқ.

Өркен Исмаил
07 қаңтар 2018 ж. 1 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930