Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі?

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі?

Кезекті баспасөз орталығында Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов пен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының бас маманы Ажаркүл Арыстанова БАҚ өкілдеріне биыл 1 сәуірден бастап берілетін атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы өзгерістерді түсіндіріп, хабарлама жасады.
Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде айтқан әлеуметтік бастамалары Қазақстан халқының көңілінен шығып, зор қолдауға ие болып отыр. Осы бастамалардың ішіндегі көпшілікке ең қажеттісі – көпбалалы отбасыдағы әрбір балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақы мәселесі. Бұл тақырып төңірегінде арнайы мамандар жан-жақты әңгіме өрбітті.
Түрлі әлеуметтік топтағы отбасылардың құрамында еңбекке жарамды мүшелері болса, олар міндетті түрде орталық тарапынан көрсетілетін шараларға қатысуы қажет. Мұндай жандарды тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырып, қайта даярлау курстарына жолдауға толық мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ, отбасында еңбекке қабілетті азаматтардың шағын несие алуы үшін түрлі бағыттар қарастырылып отыр. Биылғы «Жастар» жылына байланысты көп балалалы отбасынан шыққан кәмелет жасына толған жастарға мемлекеттен гранттар ұтып алып, шағын бизнесін ашуға қол жеткізе алады. Толықтай ақпарат алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына барып мамандардан кеңес алған жөн.
– Мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек – жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан аспайтын азаматтарға ұсынылатын ақшалай төлем. Қазіргі уақытта, яғни, 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты шарты – отбасының жан басына шаққандағы табыс 14849 теңгеден аспауы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар. Олар шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек. Шартты атаулы әлеуметтік көмекті егер, отбасында еңбекке қабілетті азаматтар болса, ол кезде көмектің бұл түрі 6 айға тағайындалады. Ал, шартсыз атаулы әлеуметтік көмекті шаңырақта еңбекке қабілетті азаматтар болмаған жағдайда тағайындалады. Яғни, бұл баласы 7 жасқа дейінгі жалғызбасты аналар, отбасында жолдасы мүгедек жандарға, жалпы отбасында еңбекке қабілетті адам болмаған жағдайда шартсыз атаулы әлеуметтік көмек 3 айға тағайындалады, – деді Алмат Алдабергенов.
Биыл 1 сәуірден бастап елімізде кедейшілік шегінің мөлшері 20789 теңге болады. Яғни көмекке мұқтаж отбасылардың жан басына шаққандағы кіріс мөлшері кедейшілік шегінің көлемінен аспаса, онда әр балаға 20 789 теңге беріледі. Әр балаға 18 жасқа дейін, сондай-ақ, колледж, жоғарғы оқу орын оқып жатқан жағдайда 23 жасқа толғанша кепілдендірілген көмек төленбек. Осы ретте тағы бір ескерілетін жайт отбасында мүгедек баласы үшін және көпбалалы ана ретінде мемлекеттен жәрдемақы алып отырғандар, шәкіртақы алатын студенттері болса, 1 сәуірден бастап олар кіріс көзі болып есептелмейді, – деді орталық мамандары.
Мәселен, бір отбасындағы айлық кіріс көлемі 60 мың теңгені құрайды делік. Ол үйде ата-анасы мен 4 баласы, яғни, 6 адам өмір сүреді. 1 сәуірдегі атаулы көмекке байланысты 4 баланың ақшасы есептелінбейді. Жан басына шаққанда бұл отбасының ақшасы 10 мың теңгеден келіп тұр. Кедейшілік шегінің көлемі 20 789 теңге болғандықтан үйдегі ересек адам болып саналатын ата-анаға қосымша 10789 теңге төленеді. Яғни, әке-шешесіне 21578 теңге ақша ай сайын төле­неді. Ал, қалған төрт баласына 20789 теңге ол бөлек төленеді. 4 баладан 83156 теңге мен ересектер үшін төленген 21578 теңгені қосқанда айына бұл отбасы 104734 теңге атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізеді. Осы жәрдем ақының бұл түрі 6 айға тағайындалады. Егер отбасының табысы осы мерзім ішінде сол қалпында сақталып немесе өзгеріп отыруына байланысты, алты ай сайын қайта құжат тапсырып отырады. Жалпы, бізге белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, отбасыда күйеуі, әйелі, 4 баласы болса, ол шаңырақтағы жан басына шаққанда айлық кіріс көзі 20789 теңгеге жетпесе, сізге Елбасы айтқан 21 мың теңге жәрдемақы тиесілі болмақ.
Елбасы айтқандай, бүгінде Қазақстанда 340 мың отбасыда 4 және одан көп бала бар. Алдын ала есептеулерге сәйкес, соның ішінен 21 мың теңгелік жәрдемақыны шамамен 112 мың отбасы алуы мүмкін. Әрине, елімізде жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен, бірақ 2-3 баласы бар отбасылар да аз емес. Олар әзірге атаулы әлеуметтік көмек алады. Президент белгілеген жаңа жәрдемақы міне, осындай отбасыларды көпбалалы болуға ынталандырып, еліміздің демографиялық өсіміне тың серпін береді деген сенім бар.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
16 наурыз 2019 ж. 2 034 0