Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек
Қарапайым қазақстандықтар ел экономикасының өсімін, тұрмыстық ахуалының жақсарғанын сезіне білуі керек. Сол үшін де мемлекет азаматтардың табысы мен тұрмысының артуына бар жағдайды жасап отыр. Елбасы Жолдаулары мен реформаларының түпкі мәні де осыған келіп саяды. Экономикалық жетістіктердің нәтижесі әлеуметтік мәселелердің шешілуі арқылы бағалануы тиіс. Яғни, елдің жағдайы жақсарса, соған сай әрбір тұрғынның тұрмыс жағдайы артуы керек деген сөз. Қоғам тұрақтылығының бір өлшемі осы әлеуметтік мәселеде жатыр.
Бәрімізге белгілі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік салаға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір нұсқамен ұсыну болып табылады. Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді. Яғни, жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ, жеке кәсібін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге шағын несие беріледі. Егер отбасындағы адамдар қиын өмірлік жағдайға тап болса, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Өңіріміз бойынша мұндай көмекке қанша адамның қолы жетіп отыр? Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенер болсақ, аудан бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 932 өтініш қабылданып, 757 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім шығарылған.
Оған республикалық бюджеттен – 205099,0 мың, жергілікті бюджеттен – 179303 мың теңге барлығы 384402 мың теңге қаржы қаралған. Алайда, 2018 жылдың тамыз айында бюджет нақтыланып, республикалық бюджет қаржысы – 190099,0 мың теңге, жергілікті бюджет қаржысы 119303,0 теңге, барлығы 309402,0 мың теңге болып бекітілді. 757 отбасының 4274 мүшесіне 135939,8 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленген. Оның ішінде шартты атаулы әлеуметтік көмек 678 отбасының 3892 мүшесіне 122127,5 мың, шартсыз атаулы көмекке 79 отбасының 407 мүшесіне 13812,4 мың теңге төленген. Шартты атаулы әлеуметтік көмек алушы 678 отбасындағы жұмысқа жарамды 523 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, 296 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 190 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. 20 адам әлеуметтік жұмыстарға, 6 адам жастар тәжірибесіне және 11 адам кәсіби даярлау курстарына жолданған. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Айнұр
МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.