Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ана – ұлт тірегі

Ұлағатты ана – ұлт тірегі


Аналар мейрамы қарсаңында «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық атом компаниясы АҚ және Көкшоқы елді мекенінде орналасқан мекемелер арасында үздік жас ана аудандық байқауы өтті. Шараның мақсаты отбасының татулығы мен бірлігін сақтай білетін жас аналарды үлгі тұту, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты насихаттау болып табылады.

Қатысушылар төрт шарт бойынша сынға түсті. «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар отбасымен бірге түскен қызықты суреттерді бейнероликпен ұсынып, ән және өлең арқылы өзін таныстырды. «Өнерлі менің отбасым» атты шарт бойынша жас аналар отбасы мүшелерінің бірімен өнер көрсетіп, көрерменді қызыққа кенелтті. Үшінші кезең – «Келіні жақсының керегесі алтын» деп аталды. Бұл кезеңде аналар ұяшық таңдап, көпбалалы аналарымыздың салт-дәстүрімізден дайындаған сұрақтарына жауап берді. Байқаудың ақтық кезеңі «Ұлағатты аналар» шартында аналар қазақ тарихында аты қалған ардақты аналарға пародия жасап, олардың образын сомдады. Қатысушылар сахналық көріністері арқылы көрермендердің көзіне жас келтірді. Аналар байқауы қызықты әрі тартысты өтті. Байқау қорытындысы бойынша, «Жадыра» балабақшасының есепшісі Лаура Нұртазаеваға бас жүлде бұйырды. І орынды «Семізбай-U» Иіркөл мекемесінің жөндеу қалпына келтіру жұмысы учаскесінің операторы Ақерке Қабылова иеленді. ІІ орын №127 мектептің мұғалімі Айнұр Рахманбергеноваға берілді. Ал, «Айналайын» балабақшасының тәрбиешісі Гүлшат Мырзабаева мен РУ-6 кен басқармасы өткізу бөлімінің менеджері Несібелі Жайынбаевалар ІІІ орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Айнұр НАЗАРОВА.
12 наурыз 2019 ж. 1 041 0