Астанада болашақ аналар арасында сұлулық байқауы өтті
31 жастағы Раушан Тілекуенова «Miss Аяулы Ана – 2018» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл туралыАстана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. Болашақ аналар арасындағы сұлулық байқауы елордада алғаш рет өткізіліп отыр. Финалда 19 бен 35 жас аралығындағы тоғыз әйел бақ сынады. Болашақ аналар байқау барысында шығармашылық қабілеттерін паш етіп, түрлі елдердегі жүктілік пен босану үрдісі туралы әңгімелеп, би билеп, ән айтып, кешкі көйлектердің үлгісін көрсетті.
Ұйымдастырушылар болашақ әкелер туралы да ұмытқан жоқ. Олардың баланы жаялыққа орау жылдамдығы сыналды.
«Біз жүктіліктің 28 аптасына дейінгі әйелдерді іріктеп алдық. Бірінші кезеңде болашақ аналар осы байқауға не үшін қатысқысы келетіні туралы мотивациялық хат жазды. Екінші айналымда олар өз туысқандарымен бейнеролик түсірді», - дейді акушер-гинеколог Айжан Ауанасова.Қатысушылар соңғы жарысқа бір жарым ай бойы дайындалды. Болашақ аналар йогамен айналысып, вокалдық әрі хореографиялық шеберліктерін шыңдады.
Байқау қорытындыларына сәйкес Раушан Тілекуенова байқаудың жеңімпазы атанды. Вице-мисс атағын Жұлдыз Шолақова мен Ғалия Сағым өзара бөлісті. Ал «Көрермен көзайымы» атағына Раушан Сатмағанбетова лайық деп танылды. Айта кетейік, іс-шараны «Аяулы Ана» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Baq.kz