Берекелі іс – «Бекзатханда»
Аудан орталығында орналасқан «Бекзатхан» мейрамханасында биыл жиырмасыншы рет балалар шыршасы өткізілді. Алғаш рет 1999 жылы көлемі 25 шаршы метр ғана болатын азық-түлік дүкенінде көршілердің 20 баласын қатыстырып шағын ғана мерекелік іс-шара өткізген Бауыржан Еламан мен Айткүл Əбдіқадырова бұл шараның қазіргі таңда 150 балаға дейін қатысатын дəстүрлі мерекеге айналарын сол кезде ойламаған да болар.
Қайырымдылық жасауды азаматтық парызым деп білетін кәсіпкер «Аружан» кафесі ашылғанша дүкен тарлық жасаған жылдары үйінің төргі бөлмесінде 40-50 балаға арнап шырша өткізген кездерін қазір жымия еске алады. Бір қызығы, бұл шыршаға ешқандай арнайы шақыру жасалмайды. Дəстүрге айналған шырша қатысушылары жылда өздері келе береді. Балаларымен бірге əке-аналары, ата-əжелері де келіп қатысады. Келген балалардың барлығына түгел жаңажылдық сыйлықтар табысталады. Аяз ата мен Ақша қар қапшығынан өнер көрсеткен балаларға сыйлықтар беріліп жатады. Арнайы жүргізуші шақырылып, мағыналы бағдарлама жасалады.
Ең қызығы, кішкене кезінен осы шыршаға қатысып, қазірде 10-11 сынып оқып жүрген балалар да жыл сайын мерекелік кештен қалмай келеді. Флэш-моб билеп, өнерлерін көрсетеді.
– Былдырлап тілі шыққан кезінен бастап есейіп, ержеткенше шыршаға келетін балалар жетерлік. Олар біздің көз алдымызда өсіп келеді. Отбасымызбен ұйымдастырған 20 жыл бұрынғы кішкене ғана мерекелік шарамыз осылай жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын. Балалардың бал-бұл жанған жүздерін көруден асқан бақыт жоқ» – дейді, Айткүл Әбдіқадырова.
«Бекзатхан» шыршасының 2004 жылдан бергі қатысушысы, бүгінде Павлодарда білім алып жүрген Дайыр Арғынбайұлы арнайы сыйлықпен марапатталды. Ең қызығы, аталмыш шыршаның алғашқы жылдардағы қатысушылары қазіргі таңда өз балаларын əкеледі екен. Ондай балақайларға «Бекзатхан» шыршасының немерелері» номинациясы бойынша арнайы сыйлықтар беріледі. Мәселен, бұл жолғы шыршаға Салтанат Қылышбекқызы 3 баласымен, Мейрамбек Төлендіұлы 1 баласымен келіп, өздері де «Ең үлкен қатысушылар» номинациясымен марапатталды. Кеш барысында «ең əдемі киім киген», «əдемі əн айтқан», «үздік өнер көрсеткен», «ең кішкентай қатысушы» сияқты 13 номинация бойынша бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Əке көрген оқ жонар» дегендей, 3 жасынан бастап ата-анасының осы бір ізгілікке толы шарасын көріп өскен Бекзатхан бүгінде шыршаны ұйымдастыруды өз қолына алған.
– Жыл сайын ұмытпай осы күнді күтіп, ата-əжелері бастап, мейрамхана ішін күміс күлкіге толтыратын бүлдіршіндерімізді біз де жылда 31 желтоқсан күні сағат 14:00-де Бекзатхан мейрамханасында қуана күтеміз», – дейді Бекзатхан Бауыржанұлы.
Еламановтар отбасы балаларға шаттық сыйлайтын осы бір дәстүрлі шараны өздерінің жанұялық мерекесіне айналдырған. Иә, бұл шырша балақайлардың ешқандай ескертіп, шақырусыз өздері келулерімен ерекше, сонысымен бағалы. Өздері шағын деп есептесе де, көптің көңіліне көл-көсір қуаныш сыйлар үлкен мағыналы шара ұйымдастырушыларына қайырымды істерінің сауабынан жазсын деп тілейміз. Дəстүрлі шыршаларыңыз ұзақ жылдар жалғасын таба берсін, кəсіптеріңіз берекелі болсын деп көп атынан тілек айтқымыз келеді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.