Әкім шыршасы қуанышқа кенелтті
Аудандық мәдениет үйінде оқушыларға арналған дәстүрлі әкім шыршасы ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен кеш бал-бұл жанған бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Балаларға кеңінен таныс ертегі кейіпкерлері, мерекенің басты кейіпкерлері ит пен доңыз, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, жиналғандар түрлі сахналық қойылымды тамашалады. Балаларға ең қызығы цифрлы қазақстанды жасаушы роботтардың қонаққа келгені болды.
Көңілді мерекені құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімі Әшім Оразбекұлы: «Бақытты балалықтың есте қалар сәті – Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып, ән мен жырдан шашу шашар, ақ тілектер ақтарылар жаңа жыл құтты болсын! Бәрің де егемен елімізде ер жетіп, ата-ананың мақтанышы болар, ұстаздардың үмітін ақтар білімді, саналы, елін сүйер абыройлы азамат атаныңдар. Келер жыл әр отбасына баянды бақыт, сарқылмас қуаныш сыйласын!» – деген лебізінен кейін балаларға арналған арнайы мерекелік тортты кесті. Одан соң бүлдіршіндердің асыға күткен жаңа жылдық сыйлықтарын таратты.
Мерекенің құрметті қонақтары аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев шыршаны айнала ән шырқаған балалармен бірге жүрді. Мереке жаңа жылға лайықты маскарадтық киім киген бүлдіршіндердің әсем әніне, мың бұралған биіне, жауапты жетекшілер ұйымдастырған түрлі ойындарға ұласты.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.