Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛЫҚ АУЛАУ ДА БІР ӨНЕР

БАЛЫҚ АУЛАУ ДА БІР ӨНЕР


Күздің алғашқы айы болғанымен, күн қабағын түйіп, салқын жел айналадағы жайқалған көктің сұрын қашырып, жайдары жаздың біткендігін сездіруде. Жексенбіде ауа-райы мүлдем бөлек. Демалыстағы жандарға арнайы тапсырыспен әзірленгендей. Бұл күні ардагерлер арасында қармақ салудан аудандық турнир өткізілді. Қатысушылар таңғы сегізде орталық алаңда жиналуға уағдаласқан-ды. Арнайы шақыртылған көлікке бізде үлгеру үшін жексенбі күнгі ұйқыны қиып, ауылдан орталыққа бет алдық.
Күннің қолайлығын пайдаланған ардагерлер жеке көліктерімен ертерек бас қосып, жолға шығып кеткен екен. Қалып қоймауға тырысқан біз соңдарынан ере бардық. «Иіркөл» кенішіне апарар жол бойындағы «Р-14» каналымен қиылысқан қашыртқыға бармақшы екен. Шараны арнайы ашу үшін жол жиегіндегі кәсіпкер Әзиз Әлжановтің үйіне табан тірепті. Мұнда ардагерлерге арналып шатыр тігіліп тұр. Аудандық мәдениет үйі мен «Нартай» өнер мектебінің қызметкерлері де осында. Өнерлерін ортаға салып, бүгінгі басқосудың ажарын келтіруде.
Шараны үйлестіріп жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов ашылу салтанатында сөз сөйлеп, балық жарысына қатысушыларға сәттілік тілеп, жүректен шыққан арнауын оқып, ардагерлердің қошеметіне бөленді. Ұйым төрағасы өз толғауында:
«Қайдан таптық демеңдер тосын жайды,
Күнде былай басымыз қосылмайды.
Ауданның тоқсан жылдық мерекесі,
Ұйымдастырып жатыр ғой осындай-ды.
Шиелінің ардагер ағалары,
Қол қусырып бекерге отырмайды.
Үлкен тойдың сағылағы болса екен деп,
Дарияның жағасына қосын жайды.
Үлкендері ауданның тым көңілді,
Жақсы тілек айтудан тосылмайды.
Арамызға әкіммен хатшы келіп,
Ортамызды толтырды сосын жайлы.
Диқандар ел ырзығын еселеуде,
Көңілің қуанғаннан басылмайды.
Халқының қабағында кірбіңі жоқ,
Шиелінің тойы да таусылмайды.
Ағайын үлкен тойың құтты болсын,
Қуанғаннан қуаныш сарқылмайды.
Қалайша айтпай оны отырамын,
Жүрекке ұялаған жарқын жайды», – деп қатысушыларға жігер беріп, әлеуметтік жоба аясында осынау шараны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы» мен ауданның 90 жылдық мерейтойына орай үйлестіре ұйымдастырып отырған «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбетке алғысын жеткізді. Құттықтау тілектер айтылып, көп кешікпей турнир де басталып кетті. Қашыртқы бойына қаз-қатар тізілген ардагерлерге Ж.Әлиев төрелік етіп жүр. Олардың әдептен аспайтын, намыс­ты баспайтын әңгімелері де, әзілдері де бір бөлек. Өткенге көз жіберіп, еңбек майданындағы естеліктері түріктің телехикаяларынан да қызықты.
Берілген уақыт та таяды. Ардагерлер таразы маңына жиналды. Ереже бойынша кім көп келі балық аулайды, сол жеңеді. Мұнда жарысқа қатысқан 10 ардагердің арасында 5 келі балық жиып, К.Тәжіков І орынды жеңіп алды. Ал, 2 келі, 650 грам балық аулаған Б.Күлімбетов ІІ орын иегері атанса, балық салмағын 2 келіге жақындатқан Мекебаев ІІІ орынға тұрақтады.
Осылайша шара өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, қатысушылар түрлі номинация бойынша марапатталды. Шараның ашылу салтанаты өткен кәсіпкер Әзиз Алжановтың үйіне тағы жиылған ардагерлер, дастарханнан дәм татып, баталарын бетіп, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 527 0