Әлеуметтік көмек – әлеуетімізді көтереді

Жұма күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен халықаралық қайта құру және даму банкі өкілдері өңірге іс-сапармен атбасын бұрған болатын. Атап айтар болсақ, ҚР ЕжХӘҚМ-нің атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы А.Абдрахманова мен дүниежүзілік банк кеңесшісі К.Манабаева аудандағы атаулы әлеуметтік көмектің шарапатын көрген тұрғындармен кездесіп, отбасыларында болып қайтты. Іс-сапарды кент орталығындағы «Думан-Шиелі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан бастаған меймандар жұмысын жаңадан бастаған орталыққа оң бағасын берді. Әсіресе, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан қызметті ерекше бағалап, қам көңіл қарттармен емен-жарқын сұқбаттасып, орталықтың тыныс-тіршілігіне көз жеткізді. Бұдан кейін, қонақтар аудандық жұмыспен қамту орталығының табалдырығын аттап, ол жердегі қызметкерлердің жұмысымен танысты. Орталықтың бүгінгі жасап жатқан жұмысынан толық мәлімет алған тексерушілер. Келесі кезекте Бидайкөл ауылдық округінің тұрғыны А.Әбсадықовтың шаңырағында болды. Ағаштан астау, кесе, қасық секілді күнделікті тұрмыстық заттарды жасайтын шебер халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде «Ержігіт» жеке кәсіпкеріне «жұмысшы» болып жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек арқылы мемлекеттен 241000 теңге алып, қорасын қой-ешкімен толтырып, қолөнерге қажетті құрал-жабдық алған. Осылайша, бес саусағымен жасаған бұйымдарын базарға шығарып, мемлекеттің шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған жобасына үйінде отырып-ақ, үлесін қосуда. Шебердің, әдемі ағаш ыдысына құйылған қымыраннан ауыз тиген қонақтар енді «Ақ Орда» мөлтек ауданының тұрғыны бүгінде бала күтіміндегі Ж.Садықоваға сәлем берді. Бұл отбасыға тағайындалған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – 274290 теңге. Аударылған ақшаға екі ірі қара малын алып, оны алдағы уақытта бордақылауды жоспарлап отыр.
Ал, еңбекшілік М.Назарсеитов мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы арқылы 688000 теңге ақша алып, облыс бойынша ең жоғары қаржыға ие болған. Қазіргі уақытта «Әшірбеков» шаруа қожалығына жұмысшы болып орналасқан. Бір шаңырақтың астында 15 адам өмір сүріп жатқан бұл отбасы аударылған ақшаға төрт тай сатып алған.
Иә, бұл тек, көзімізбен көргеніміз ғана. Бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмектің көмегі тиіп, тұрмысын түзетіп, күн көрісін көркейтіп отырған ауданда 594 отбасы бар. Демек, біз куә болған төрт шаңырақтағы шаттық пен қуаныш қалған 590 үйде де бар деген сөз.
Е.Датқа.
Суретті түсірген
Б.БӘЙІМБЕТ.